Жезқазған тұрғынынан қарасораның 110 бұтасы тәркіленді

23 Маусым 2021, 05:20
7574
Бөлісу:
Жезқазған тұрғынынан қарасораның 110 бұтасы тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлеріне қаланың белгілі бір тұрғыны құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысады деген ақпарат түскен. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті хабарлады.

2021 жылдың 17 маусымында полиция «Қарасора – 2021» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 49 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол өзінің жеке учаскесінде қарасораның 110 бұтасын заңсыз өсірумен айналысқан. Сонымен қатар, ұсталушыдан «апиын» есірткі заты бар түрлі көлемдегі пластикалық бөтелкелер алынды. Күдіктінің айтуынша, ол өсімдіктерді өзінің қажеттілігі үшін өсірген.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, бұл факт алғашқы емес. Маусым айының басында облыстың полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі азаматты құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін ұстаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы