Жетісулықтар жаңа баспанаға ие болды

31 Қазан 2022, 20:11
970
Бөлісу:
Жетісулықтар жаңа баспанаға ие болды

Жетісу облысының Панфилов және Қаратал аудандарының тұрғындары жаңа баспанаға кіріп, қуанышқа кенелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Үштөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 30 пәтерлі жалгерлік үй пайдалануға берілді. Ал Панфилов ауданы Көктал ауылында меценат көп балалы анаға 5 бөлмелі үй сыйға тартты.

«Көктал-Агро» ЖШС басшысы Жәнібек Оханов мекеме тағы бір көп балалы анаға өз қаражаты есебінен баспана сатып әперуді жоспарлап отырғанын айтты. Көктал ауылында жаңа үйге кірген Мунира Сламжанова жеті бала тәрбиелеп отыр. Бұл үйді сатып алуға серіктестік 6,5 млн. теңге қаржысын жұмсаған.

Өмірде мейірімді адамдар өте көп екеніне көзім жетті. Пәтер жалдағанды жағдайымыз көтермейді, кішкентай баламен көшіп-қону да оңай емес. Енді отбасымыздың өз шаңырағы бар. Бұл – біз үшін үлкен бақыт. Бізге баспана әперіп, жәрдемдескен азаматтарға алғыс айтамыз, - деді көп балалы ана.

Осы күні Үштөбеде 30 отбасы жаңа қоныс қуанышына жетті. Көптен күткен пәтерлеріне ие болған кезектегі азаматтардың ішінде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары, соның ішінде көп балалылар, аз қамтылған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, ауған соғысы ардагерлері, зейнеткерлер бар. 

Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабековтың айтуынша, жуық уақытта ауданда 40 пәтерлі несиелік үй құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты «Кеңдала» шағын ауданында 20 жеке тұрғын үйлер де салынады.

Өзгелердің жаңалығы