Жетісулықтар Жеңіс мерекесін атап өтті

9 Мамыр 2019, 16:37
2239
Бөлісу:
Жетісулықтар Жеңіс мерекесін атап өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін 9 Мамыр – Жеңіс күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» демалыс саябағында «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс!» атты мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Шара алдымен Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов бастап әскерилер, ардагерлер, қала жұртшылығы Мәңгілік алаудың алдында тағзым ету шараларын атқарды, еліміздің Мемлекеттік Гимні орындалып, жауынгерлер Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алу ретінде қарудан аспанға бірнеше мәрте оқ атты. Сондай-ақ майдангерлердің суреттерін ұстап шыққан 1 мыңға жуық адам «Батырларға тағзым» шеруімен қаланың орталық көшелері арқылы «Жастар» саябағына дейін жүріп өтті. 

«Жастар» саябағы сахнасында «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» атты мерекеге арналған театрлық көрініс қойылды. Көріністе Отан туралы әндер айтылып, майдан даласындағы әскери өмір бейнеленді. 

Мұнан соң жетісулықтарды 9 Мамыр мерекесімен облыс әкімі А. Баталов құттықтады.

 Жетісулықтар Жеңіс мерекесін атап өтті


"Ұлы Отан соғысы – өткен тарихымыздың тағдырлы да, қасіретті кезеңі. Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары біздің аға ұрпақ Отан қорғау жолында көзсіз ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. «Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді» дейді бабаларымыз. Жаужүрек ұл-қыздарымыздың жеңісті жолының арқасында ауыр да азапты жылдар артта қалды. Біз бүгін, тәуелсіз елде Ұлы Жеңіс мерекесін зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас иеміз", - деді облыс әкімі.

Жетісулықтар Жеңіс мерекесін атап өтті
 
Сонымен қатар облыс басшысы өз сөзінде 9 мамыр – Жеңістің 74 жылдығына орай облыстық бюджеттен соғыс ардагерлерінің әрқайсына 500 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетінін, биылғы жылы соғыс ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтардың денсаулығын түзеуге 470 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ осындай қамқорлық пен құрмет үнемі жалғасын табатынын айтты.

Осы күні қазақстандық эстрада жұлдыздары, Сүйінбай атындағы филармония әртістері мен Талдықорған әуендері фольклорлы-этнаграфиялық ансамблінің әншілері өз өнерлерімен саябаққа келген көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Саябақ алаңында шатырлар құрылып, қалаған жандар дала асханасынан дәм татты. Облыс әкімі Амандық Баталов та Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге дала асханасына кіріп, әңгіме-дүкен құрды.

Мерекелі шараның соңы «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты жарыстарына ұласты.

Жетісулықтар Жеңіс мерекесін атап өтті

Еске салсақ, мереке кешкілік "Ұлы ерлік шаттығы" атты би бағдарламасымен, көгілдір от шашумен түйінделмек.
Жалпы, Ұлы Отан соғысына Жетісу жерінен майданға 120 мыңнан астам адам қатысып, олардың 50 мыңы туған жеріне қайтпаған. Жетісулық 52 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Есімдері аңызға айналған 28 гвардияшы-панфиловшы батырлардың 10-ы – Алматы облысынан. Алматы облысында бүгінгі күні 91 соғыс ардагері, 10 мыңнан астам тыл еңбеккері бар.       

Өзгелердің жаңалығы