Жетісудағы автобекет базарға айналған

24 Қыркүйек 2024, 17:11
415
Бөлісу:
Жетісудағы автобекет базарға айналған
PHOTO
Фото: автордан

Көксу ауданындағы автобекетке Алматы-Өскемен бағытындағы автобус тоқтамайды. Себебі атына заты сай емес. Үлкен нысан базарға айналып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автобекет жекеменшікке айналған

Республикалық маңызы бар саналатын Алматы-Өскемен автожолы Талдықорғанды көлбеп өтетіні белгілі. Сол жолда ертеректе жүргіншілер Көксу ауданына қарасты Балпық би кентіндегі шағын автобекетке тоқтайтын. Қазір жолдың екі шеті жабық болғандықтан жүргізуші айналма жолды алыс көреді. Оның үстіне Алматы мен Талдықорғанның арасына автобус не болмаса газель көлігіне отыруға асық адам жоқтың қасы. Көбі такси қызметіне жүгінеді. Алайда біздің айтпағымыз ол емес, төбесінде «Автобекет» деген жазуы бар базарға айналған ескі автобекеттің жайы. Жекеменшікке өтіп кеткен нысанның иесі маңайдағы халыққа әмірін жүргізіп отыр. Айтқаны заң, айдағанына көнбеген әбігерге түседі. Алдыңғы жағына қаз-қатар контейнерлер қойылып, сауда үйлеріне, яғни кәдімгі базарға айналған. Ол ол ма, маңайдағы ауыл таксилерінің тұрағына айналған орынды қоршап аламын деп айқай шығарған. Ауыл арасына қатынайтын таксистерге автобекет алдына тұрмауды қатаң ескерткен.

Автобекеттің өзіне тиесілі шекарасы белгіленген. Біз алғанға дейін мұнда базар болған. Мен өзіме тиесілі жерді қоршап алуға құқылымын. Бәрі заң аясында. Автобекеттің бұрын қонақ үй болған екінші тарапы жалға берілген. Мен жүргізушілерге өзіме тиесілі жерді қоршап аламын деп айттым, - дейді автобекет иесі Абай Қапаш.

Жетісудағы автобекет базарға айналған

Бүгінде аталған автобекеттің алды-арты табыс көзі ретінде қойылған дүңгіршектерге толы. Ішіне кірсеңіз жөндеу көрмеген ғимарат байырғы кеңес заманын еске түсіреді. Мұны сатып алған Абай Қапаш пен Азамат Жұмабайға неге жөндемейді деп жала жабуға болмас. Олар кеткен шығынын ақтау үшін шама-шарқынша кәсіп ретінде қарастырып отырған көрінеді. Дегенмен «Ақ-нар» ЖШС-ның қызметкерлерінің арызы бойынша, Көксу автобекетіне баруға тура келді. Алдымен аудан әкімдігіне хабараласып, істің мән-жайын толық анықтадық. Жергілікті билік тарапынан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиева, Балпық би ауылдық округі әкімінің орынбасары Руслан Балғабаев, Көксу ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясының басшысы Қуаныш Жұмат бізбен бірге ілесті.

Мен бұрын да Балпық би ауылдық округінде әкім болып қызмет еткенмін. Бұл орын ертеректе сатылып кеткен. Үлкен жолдан бері 10 метр нысанның шекарасына кірмейді. Оны қоршауға ешкімнің құқы жоқ. Ғимараттың екінші қабатын етікші Шора Төлепхан жалға алып, шеберханаға айналдырған. Алдымен автобекет қожайыны Ерлан деген азамат болды. Ол неше жыл бойы ұстап отырды. Ол да жалға беріп қойды. Асхана, сауда үйлері, автобекет ішінде кім жоқ дейсің, бәрі бар. Тіпті, бұл жерге Алматыдан қатынайтын газельдер тоқтайтын. Қазір Балпық би–Талдықорған бағытындағы көліктер аялдайды. Кезінде автобекеттің иесі «Ақ-нар» автопаркінің қожайыны Болат деген азамат болған. Ол Алматы облысы әкімінің замы болған Бағдат Манзуровтың адамы болды. Міне, сол кісі Ерланға сатады. Ал Ерлан төрт-бес дүңгіршек қойып автобекетті айналдыра сауда орталығы жасады. Қазір Талдықорғаннан шыққан газельдер Көксу автобекетіне тоқтамайды. Себебі қазіргі қожайын бәрін ақылы қабылдайды, - дейді Әлия Қалиева.

Оның айтуынша, аудан архитектурасын көтеріп, картаны ашып, автобекеттің нақты жерін анықтау қажет. Оның айналасындағы аймақты кәсіпкер қоршауға болмайды. Бұл әрекет заңға қайшы. Ертеректе Алматы-Өскемен жолын жасағанда автобекеттің өзіне бекітілген жері болған.

Автобекет иесі заңсыз ақша жинаған

Жетісу облысы екіге бөлінбей тұрып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов болған шақта автобекет екіге бөлінген. Автобекеттің республикалық жолға қарайтын жағына қазіргі қожайынның араласуға құқы жоқ. Оған жақын жер сатылмайды. Оның үстіне сол жағында канализацияның құбырлары жатыр. Соңғы жылдары автобекет аумағына тексеру жүргізілмеген. Оған себеп шағын және орта бизнесті қолдау туралы мемлекеттің тапсырмасы. Содан автобекет иесі еркін жүре берген. Бүгінде мемлекетке салық төлеп отыр ма, жоқ па, онысы белгісіз.

Бір қызығы, біз нысан иесі Абай Қапашты шақырып алып, жүргізушілер мен журналистерге жергілікті биліктің көзінше көтерілген мәселеге нүкте қоюын сұрап едік, әр нәрсені бір сылтауратып қашқақтады. Тек аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиеваның ұялы телефонына автобекеттің келісімшарты мен техпаспортын ғана жіберді. Жер актісі мен сауда-саттық туралы деректерді ала алмадық. Жекеменшік иесінің бұл әрекетіне қарап, түрлі ойға баруға болады. Жергілікті билік өкілдері де оны жақтай сөйледі.

Автобекет іші талапқа сай емес. Бір қуыста диспетчер отыратын кішкене ғана дүңгіршек орналасқан. Онда Роза деген зейнеткер отырады. Ол «Ақ-нар» автопаркіне қарайтын медициналық қызметкер екен. Оны автопарк директоры Болат Тілеубаев айтып берді. Автобекетті сатып алған Абай Қапаш пен Азамат Жұмабай паркпен ешқандай келісім шартқа отырмаған. Екі тарап ауызша сөзбайласқан. Яки газель жүргізушілері автобекетте уақытқа тұрақтағаны үшін күніне 200 теңге төлеп тұрады. Алайда бұл мәліметті автобекет иелері жоққа шығарып отыр, - дейді журналист Айтақын Бұлғақов.

Жетісудағы автобекет базарға айналған

Бұл жерде заңсыз әрекеттер көптеп кездеседі. Мәселен, 200 теңгеден жинап алған қаржы ешқандай келісім-шартсыз кісі қолына өтіп отырған. Күніне 20-30 газель қатынаса, 6-8 мың теңгені автобекет иесінің сенімді серігі диспетчер алып отырған. Одан бөлек такси жүргізушілерінен 50 теңгеден жинаған. Егер төлемесе автобекеттің алдына тоқтауға болмайды.

Автобекет қожайыны бізге «Мына аймақ түгел маған қарайды. Бардюрдан бері екі жарым метр қалдырып, қалғанын түгел қоршаймын. Содан кейін шлагбаум мен терминал қойып, ақылы жасаймын. Болмаса, сендер Талдықорғандағы автопаркке айына 30 мың төлегендей, маған 15 мың бересіңдер. Әйтпесе басқа тұрақ тауып алыңдар» деп айтып кетті. Біз 200 теңге беріп отырмыз, оны есепке алып отырған жоқ. Зіркілдеп кетті. Газель уақытымен жүреді, кейде қалаға 2-3 адам ғана барады. Жолаушы билеті 250 теңге. Бала-шағаны асырау үшін оған да көнеміз. Мына басынғаны жарамады. Қазір қаншама газель кезекте тұр. Олардың жолын бөгесе, қайда барып тұрады, - дейді газель жүргізушісі Абай Қаппаров.

Бұл мәліметті облыс орталығындағы автопарк иесі Болат Тілеубаев пен оның орынбасары Күнсұлу Бикешова мойындап отыр. Олар 30 мың теңгені жүргізушімен жеке жасалған келісімшарт аясында алады. Оның өз талабы бар. Оған қызметкерлер қарсылық танытпаған.

Жүргізушілер келісімшарт соммасын екі бөліп төлейді. Ол ақша 15 күн сайын берілетін маршруттық жолдамаға төленеді. Техника болған соң бұзылады, жөндеуде тұрғанда ашқа алынбайды. Жалпы 50-ге тарта газель бар, алайда оның тең жарымы жұмыс істемейді. Көбі жөндеуде тұр. Қазіргі қожайын автобекетті жабамыз депді,  - дейді Күнсұлу Бикешова.

Жетісудағы автобекет базарға айналған

Аудан әкімдігі ат-тонын ала қашты

Бұл жерде жергілікті биліктің де немқұрайлы әрекеті байқалады. Олар халықтың наразылығын ескеріп отырған жоқ. Қайта автобекет иесіне жақтаса сөйлейді. Мәселен, кәсіпкерлерге қатысты мораторий біткеніне бір жыл өтсе де автобекетке бір де бір рет көз қырын салмаған. Тіпті, автобекет статусының әлі жойылмағанынан да хабарсыз болып шықты. Тек сатылымға түскенінен хабардар, әрі базарға айналып кеткенін ғана айтып отыр.

Мен сіздерге автобекет иесінің қолындағы құжаттарды көрсете алмаймын. Өзі береді. Жүргізушілер кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке налог төлеуі қажет. Бұлар олай істемеген. Сондықтан 50 теңге төлеп құтылады. Оны осындағы аула сыпыратындарға төлейді. Бұл жерде екі жақтан да қателік көп. Себебі таксистер тұратын аймақ автобеккеттің шекарасына кірмейді, - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиева.

Бір байқағанымыз, аудандық әкімдік автобекеттің статусы бар ма, жоқ па нақты білмейді. Бұл сатылып, базарға айналып кеткен ғимарат болса, төбесінде неліктен «автобекет» деп жазылып тұр. Онысы түсініксіз. Журналист ретінде нақты құжаттарды көрсетуді сұрағанымызда істен жалтарып кетті. Редакцияға хабарласып, мән-жайды нақтылап біліп береміз дегеніне міне 2 аптадан асты. Яки аудан әкімдігі де сүттен ақ, судан таза емес деген ойға жетелейді.

Бізге газельге отыру тиімді. Бағасы да қымбат емес, 300 теңге. Уақытылы жүреді. Қалаға қатынап жұмыс істейтіндер көп. Таңертең жол бойына тұрған адамдардан көз талады. Олардың бәріне көлік қайда? Тіпті газельдің ішіне халық толып отырады. Кешке жұмыстан қайтар уақытта да сол. Егер газель тоқтайтын болса, қарапайым халыққа қиын болғалы тұр. Автобекеттің алды ығы-жығы болып жатады ғой, қашан көрсеңіз сол. Кейбір адамдар газельді күтіп отыра алмай, қалаға жолдан көлік тоқтатып, отырып кетеді. Сонысы қиын, - дейді Балпы би ауылының тұрғыны, жолаушы Айман Бердібекқызы.

Жергілікті әкімдікке жарытып жауап бермеген соң, автобекет иесі Абай Қапашқа қайта хабарласып, редакцияға келуін сұрадық. Қайта-қайта сауалымызды жолдап, мекеме құжаттарының көшірмесін беруін талап еттік. Автобекеттің жер актісіне үңілсеңіз, бәрі тайға таңба басқандай тұр. Мұнда ортадағы жол мемлекеттің қарауында екені көрсетілген. Нысан иесінің оны қоршауға құқы жоқ, заң оған жол бермейді. Мұны талдықорғандық автопарктің қызметкері Күнсұлу Қиятқызы да айтып отыр.

«Ақ-нар» мен қазіргі «Жанельдің» автопарктерінің қожайыны бір. «Ақ-Нардың» жұмысын қазір «Жанель» атқарып отыр. Дегенмен маршрут сол қалпы сақталды. «Жанель» екеуінің арасында келісімшарт болды. Оны бір жыл бұрын Абай Қапаш сатып алып, өзіне аударды. Құжаттарында базар емес, автобекет деп жазылған. Мәселен, қараңыз, касса қызметі жоқ, кассалық апарат жоқ, диспетчер жоқ, ол қалай автобекет болады. Жүргізушілерді Роза апамыз өзі таңертең тексереді. Арнайы тізім жасап, график реттейді. Одан қалды рейдке шығады. Бұл маршруттар 2029 жылға дейін берілген. Біздің құжаттардың бәрі заңды. Тек қана «автобекет» жоқ болғаннан кейін, Абаймен ауызша келістік. Біздің газельдер бұрынғыдай тұра берсін дедік. Ешқандай мәселе болмайтынын айтқан, - дейді К.Қиятқызы.

Жүргізушілердің жанайқайы

Енді қараңыз, жүргізушілер күн сайын жинап берген 200 теңгені автобекет басшысы Абай Қапаш 10-20 күн сайын санап алып кетеді екен. Айына 120-130 мың теңге алады. Оған қанағаттанып отырған жоқ. Қайта жүргізушілерге өз талабын қойып, жалдама ақысын көбейтуді көздеп отырғандай. Мұндағы ауыл таксистері де мұны дәлелдеп отыр.

Алдағы уақытта «Ақ-нар» ЖШС да Көксу ауданының әкімдігіне хат жолдап, шағын жер сұрамақ. Ондағы мақсат автобекет маңайынан диспетчер отыратын арнайы дүңгіршек қоймақ ниетте. Бұл ретте екі тарап та көрпені өздеріне қарай тартып отырғандай көрінеді. Базарға айналып кеткен автобекет маңына енді екі тарап та автобустар мен газельдерді қоятын болса, онсыз да аузы-мұрнынан шығып тұрған автобекетте көлік апаты болуы мүмкін. Бұған дейін де көліктер соқтығысқан екен.

Жүргізушілердің жайын ойлап отырған ешкім жоқ секілді. Мәселен, біз Талдықорғандағы автопаркке 30 мың теңге береміз, енді соны көксулық автопаркке төлесек, айлық табысымыз жоқ деуге болады. Айына 60 мың теңге ақша жолдамаға берсек, өзімізге не қалады?! Болмаса автобекет деген жазуды алып тастап, базар екенін анық жазсын! Біз бергі жағындағы 4 метр жерге көлігімізді кезекпен қойып отырамыз. Сонда іс әділ шешіледі. Мұндағы газельдердің ешқайсысы жаңа емес. Көбін жүргізушілер өздері жөндеп алып, әупірімдеп жүріп жүр. Соны да ескерген жөн, - дейді газель жүргізушісі Айдынбек Таласбек.

Біз бұл мәселені індете зерттеген шақта автобекеттің дау-дамайын қудалап жүріп, жергілікті билік өкілдерінің ақпарат құралдарына қырын қарайтынына көз жеткіздік. Тіпті, бізге аудан әкімінен басқалары мұрындарын шүйіріп қарайтынын аңғардық. Олардың қарапайым халыққа деген қарым-қатынасын осыдан-ақ аңғаруға болады. Шыр-пыр болған көлік иелері мен кеудесін керген автобекет иесінің ортасындағы дау қалай шешілер екен? Әзірге газель иелері базарға айналған автобекет алдында жолаушы жинап тұр.

Өзгелердің жаңалығы