Жалпы өңірде жұмыссыздық деңгейі жоғары саналады. Айталық жүз мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс халқының көбі мал және егін шаруашылығымен айналысқандықтан мемлекеттен немесе арнайы серіктестіктен жалақы алмайды. Көбі жалдамалы жұмысшы ретінде күнделікті табысын тауып жүр. Сол себепті олардың ішінде жұмыссыз ретінде тіркелгендері де бар.
Облыста биылғы жылдың 1 қазанына жұмыспен қамту шараларына 26 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға төмендеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 98 мыңнан 81 мың адамға азайды. Мәселен, Көксу ауданы бойынша жұмыссыздық деңгейі азайып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 7,1 мыңнан 5,9 мыңға төмендеді. Жұмыс істеймін деген маманға жұмыс табылады, - дейді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Бұл мәселені облыс басшысы көксулықтармен кездесу кезінде көтерілді. Осы жылы 1942 адам жұмысқа орналастырылған. Жоспар бойынша 2415 адам қызметке тұруы қажет еді. Ал облыс бойынша жалпы жұмыссыздардың 76,9 %-ы жұмыспен қамтылған екен.
Ауылдық жер болғаннан кейін мал бағып, шағын егін егеміз. Мемлекеттен жалақы алып отырғанымыз жоқ. Табысымыз да осы мал. Анда-сонда базарға шығып, сүт, құрт, май, ірімшік сатамын. Таза өнім болған соң ел талап алып кетеді. Биыл жазда жолдасым екеуіміз бие байлап, саумал саудық. Қымыз ашытып, базарға шығып саттық. Әйтеуір ерінбеген адамға жұмыс табылады екен. Бірнеше жыл төменгі жақта малшы болып жұмыс істедік. Онда да айлығымызды қолма-қол беретін. Бізге керегі де сол. Ал негізгі мамандығым тігінші. Оған жұмыс табылғанымен, қала болған соң ары бері қатынау қиын, - дейді Гүлжаман Батырхан.