Біз тон пішіп отырған жоқпыз, тау жағалаған шаруалар биыл жауын-шашынның жоқтығын айтуда. Өңірді былтырғыдай құрғақшылық басып, шөптің бәрі қурап жатыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Шаруалар қуаңшылықтан қорқып отыр
Қорқатындай-ақ бар, күні кеше өткен Шопандар тойында шаруашылық иелері биыл қыстан малды аман алып шығуды ақылдасқан еді. Олай ететіндей-ақ бар, тіпті Шаған, Жоңғар Алатауы секілді бұлтқа жақын таулы аймақтардың өзінде көк көтерілмеген, жылқылар бұлақ жағалап жайылып жүр. Ал қойшылар қауымы етекті тіпті қойдың аузына ілінетін шөптің аз екенін айтуда.
Былтыр мал қырылды. Кейбір шаруаларда 50-60-тан астам ірі қара теңкейіп қалды. Обал енді, қыс ұзаққа созылды, көкке аузы ілінбеді. Биыл ауа райы құбылып тұр ғой. Көктем салқын болды, жаздың басы суық тартты. Көк енді көтерілетін уақытта аяз жүрді, артынан күн ысып кетті. Түсініксіз, биыл шаруалар шөптің жайын қалай болар екен деп алаңдауда, - дейді Қабылиса ауылының «Бекасыл» шаруа қожалығынан Сейілхан Исаханұлы.
Қазір, шөптің бағасы шарықтап тұр. Шөппен айналысатын шаруалар жаңбырдың аз жауғанын айтып, қымбатшылыққа себеп айтуда. Оларды да түсінуге болады, өйткені дизель қымбат, техникаға алар құрылғылардың бағасы да шарықтап тұр. Мәселен, Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылының фермерлері жаздың аптап ыстығынан көтеріле алмаған шабындықтың есесін егістік алқабынан алуды ойлап отыр. Сол себепті ауданда майбұршақ пен арпа сабандарын орап, түктеуде.
Күзде шөптің құны екі есеге өсуі мүмкін
Кейбір елді мекенде шөпке шалғы енді тиіп жатыр. Бұрындары 2-ші орамды бастап, шаруалар үшіншісіне дайындалатын. Осыдан-ақ жем-шөптің қыста тапшы боларын бағамдай беруге болады.
Табиғаттың тілін түсіну қиын, бірде былай, бірде былай. Соңғы жылдары шабындық қиын болып барады ғой. Былтыр жаздың басында алғашқы шабындық басталатын, оны кеш бастадық. Енді міне 282 гектартар жоңышқа алабынан 600 тонна ғана орам түк алып отырмыз. Баға сұранысқа сай өспейді, тапшылықтан артады, - дейді «Абылқасымов» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Абылқасымов.
Оның айтуынша, бұрынғыдай болмаса да ерте қамданса алты ай қысқа еркін жететін жем-шөп қорын әзірлеуге болады.
Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бізге берген ақпараттарына сүйенсек, өңірде 60 га астам көпжылдық шөп шабылған. Ал жиналғаны – 239,0 мың тонна, орташа өнім – 39,0 ц/га. Енді бұл көрсеткішті аудандарға жіктеп көрсек. Ақсуда – 21,0 мың тн, Алакөлде – 34,6 мың тн, Ескелді – 26,1 мың тн, Қаратал – 17,0 мың тн, Кербұлақ – 34,5 мың тн, Көксу – 18,1 мың тн, Панфиловта – 52,3 мың тн, Сарқан аудандарында – 34,8 мың тн, Талдықорған қаласында – 3 мың тн, Текелі қаласында – 30 тн шөп жиналған. Әрине, бұл өте аз. Аз дейтін себебіміз, биылғы жылы мал қыстату науқанына азықтың қажеттілігі 1 млн. 985 мың тонна, қосымша қорды ескеріп 2 млн. 205 мың тонна жем-шөп дайындау қажет.
Дәл қазір өңірде шамамен 559,6 мың бас ірі қара, 1769,5 мың ұсақ бас, 189,8 мың бас жылқы бар.
Сала мамандары саспайды
Ауыл шаруашылығының мамандары егер шөп қоры жоспарлағандай жүзеге аспаса, дәнді дақылдарды да пайдалануға болатынын айтуда. Биыл сала қызметкерлері өңірдегі мал санын ескере отырып, 2 205,5 мың тонна жем-шөп дайындау қажеттігін алға тартқан. Дегенмен, шаруалар мұны орындау мүмкін еместігін айтуда. Ауа райының салдарынан шөп бітік шықпаған.
Бұрын 1 га жерден 70-80 үлкен орам шөп алып жүрсек биыл 40 орам шөп әрен алдық. Енді арғы жағын өзіңіз есептей беріңіз. Былтыр шағын шаруалардың малы қырылып қалды. Ал үлкен шаруалар қыстан ептеп шықты. Дегенмен жылқылар іш тастап кетті, сиыр да солай. Көбі көтерем болып қалды. Қыстың қалай боларын білмейміз, сондықтан қазірден бастап қамдану керек, - дейді фермер Рүстем Алмасұлы.
Бүгінде өңірге 1, 271 мың тонна шөп, 117,3 мың тонна, 204 мың тонна сүрлем, 300 мың тонна сабан, 313,1 мың тонна жем қажет. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 пайызға өсіп 68,8 млрд теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін мал басын 3,5 пайыз өсімімен 229,0 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Ендеше қыстық қордың ауадай қажет екені анық. Сала мамандары саспайды, межеге жетеміз деп отыр. Қазір 2308 қыстақ бар, облыс бойынша 940 мың астам бас жайлауда жүр.
Осы жолы көктем құбылмалы мінез танытып, көк бірден көтерілмей, ал маусым айында жауын жиі жауып, өзі сирек шабындыққа шалғы тимеді. Оның үстіне түн салқындығы да істі кешеуілдетті. Егер көк шөпті жаңбырға қарамай орсаңыз, көгеріп, қурап кетеді. Сондықтан шаруалар шықты күтеді.
Өңір көлемінде қоғамдық жайылымға 719,4 мың гектар жер бекітілді. Қазір қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында 688 мың гектарды қосымша бекіту бойынша жұмыстар атқарылуда. Әйткенмен, жыл сайын жайылымдардың құнарлығы төмендееп барады. Басты себеп жақсарту жұмыстары агросубъектілері тарапынан мардымсыз жүргізілуі. Бұл мәселені шешу үшін ғалымдармен бірлесе өнімділігі жоғары азықтық дақылдармен қоса арнайы табиғи шөптерді өсіру технологиясын жаппай қолдануды енгізу шарт, - деген еді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Бүгінде мемлекет тарапынан жайылымдарды суландыру үшін инвестициялық субсидиялар қарастырылуда. Мәселен, 2020 жылдан бері 113 мың гектар жайылымдарды қамтитын 359 шаруашылықтардың жерлерінде ұңғыма қазылыпты.