Өңірде мопед тізгіндегендердің кесірінен жол көлік оқиғасы жиі болады. Оны көбіне мектеп оқушылары мен жасөспірімдер жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде осы мәселе Жетісуда ғана емес, республика көлемінде де талқыға түсіп жатыр. Заң қаталдағанымен оған бағынбаған жастардың әрекеті қоғам ішінде үлкен дау туғызуда.
Мәселен облыс көлемінде мопед жүргізушілерінің салдарынан ондаған жол апаты болған. Сонда да қала ішінде, аудан арасында шағын, үнемді һәм электронды көліктерге қызығушылық азаяр емес.
Жетісу өңірінде тәртіп сақшылары сәуір айының 5-шң жұлдызынан бастап, мопедтерді пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енетінін ескертеді. Сол күннен бастап заң аясында тіркелмеген мопедтерді басқаруға болмайды. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігінсіз пайдалануға рұқсат жоқ. Аталған көлік құралын арнайытіркеуден өткізу шарт. Талап бойынша жүргізушіде A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі болғаны абзал. Толықтай техникалық тексеруден өтіп, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру рәсімдерін орындауы керек, дейді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының бастығы Асет Есембаев.
Мәселен өңірде бар болғаны 168 мопед заңдастырылған. Әлі жүздеген мопед тіркеуден өтпеген. Бүгінде сала мамандары ескерту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Негізі балама алып берген едім. Достарының бәрі жүргізіп жүрген соң анасы екеуіміз сыйлық жасағанбыз. Кейінгі жағдайларды естіп, қазір өзім жүргізіп жүрмін.
Қаншама рет мопедтің кесірінен жол апаты болды. Заңды қолдаймын, баланың амандығы керек. Ауыл жұрты үшін тиімді көлік саналғанымен, заң бәріне ортақ, бәрі ережеге бағынса қайғылы жағдай болмайды деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Еділбек Дүйсеке.