Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

17 Сәуір 2024, 16:25
412
Бөлісу:
Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген
PHOTO
Фото: автордан

Дегенмен криминалдық полиция қызметкерлері бұған қуанып отыр. Неге десеңіз, былтырмен салыстырғанда қылмыс саны 30 пайызға дейін төмендеген екен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көшедегі бейнекамералар көліктен басқасын түсірмейді

Бұл біздің сөзіміз емес, талдықорғандық әрбір тұрғынның айтар арызы. Оған факті де бар. Таяуда фотожурналист әріптесіміздің көлігінен бір жарым миллион теңге тұратын фотоаппаратын ұрлап кетті. Өзі дереу полиция қызметкерлеріне арыз-жазып, ізін суытпай ұрыны ұстауға бекінген. Дегенмен облыс орталығындағы бейнекамералар қылмыскерді анықтай алмады. Құзырлы органдар қанша тырысқанымен айлакер ақыры қолға түспеді.

Мұндай оқиғалар қала ішінде жиі орын алады. Көлігімнің артында жатқан фотоаппаратты көлік тұрағынан қағып кетіпті. Келсем, ізім-ғайым жоқ. Біз бейнекамерадан қазіргі Назарбаев көшесінің бойымен сөмкені көтеріп бара жатқан адамды байқадық, ары қарай қайда кеткені белгісіз. Қанша уақыт өтсе де бір де бір дерегі шықпады. Өзі қала тұрғындарының арасында көшедегі бейнекамералар көліктен басқасын түсірмейді деген пікір бар. Айыппұлды аямай салады, ал ұрлыққа келгенде қолы қысқа, - дейді фотожурналист Жұмабай Мұсабеков.

Ал полиция қызметкерлерінің өз уәжі бар. Жалпы қылмысты ашуда бейнекамералардың рөлі жоғары. Соның нәтижесінде көп қылмыстың беті ашылады дейді мамандар. Мәселен, облыста бөтеннің мүлкіне қол сұғу оқиғалары әжептеуір азайған. Өткен жылдың осы кезеңінде 1200-ден астап ұрлық орын алса, осы жылдың соңғы үш айында 900-ден астам ұрлық тіркелген. Ұрлықтың да түр-түрі бар, сондықтан оларды жеке-жеке саралай кетсек. Мәселен, баспана тонау 33,3%-ға, телефонды қолды қылу 22,8%-ға, автокөлік бөлшектерін ұрлау 16,7%-ға азайған. Бұл жақсы нәтиже деп отыр өздері.

Биыл қылмыстың ашылуы көбейді. 2023 жылдан қарағанда әсіресе мал ұрлығы 5,3%-ға, айлакерлік оқиғалары 13,1%-ға, өзгенің мүлкін ұрлау 9,1%-ға артық ашылды. Әріптестеріміз барынша жұмысқа белсене кірісуде. Өткен жылы тұрғын үйді тонау бойынша қылмыстың 80,8%-ын тапса, осы жылы 92,1%-ын құрықтады. Ұялы телефон ұрлығы 15%-ға, көлік құралдарын ұрлау қылмысын анықтау да 18,3%-ға артты. Өкінішке қарай, ұрлықтың көбі облыс орталығында тіркеліп отыр. Сондықтан қылмыстың ашылуы жағынан Талдықорған қаласы алда тұр. Қырағы әріптестеріміздің еңбегінің нәтижесінде мұнда жасалған 132 ұрлық дерегі тіркеліп, 149 қылмыскер құрықталды, - дейді Жетісу облысының криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Серік Демейов.

Оның айтуынша, халық тығыз орналасқан қала не аудан орталықтарында ұрлық оқиғасы жиі орын алады. Көбіне қылмыстың ашылуына сол маңдағы бейнебақылау камералары көмектеседі екен. Ал кейде ұрылар ізін суытып, түр-түсін жасырып кетеді. Ондай да куәгерлерге жүгінуге тура келеді.

Соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

Бұл көрсеткіш көңілді қынжылтып отыр. Жыл басталғалы өңірде мал ұрлығы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап барады. Аталған департамент қызметкерлерінің мәліметінше, төрт түлікті қолды қылған әккілерді құрықтау қиынның қиыны. Себебі, қылмыстың 70-80%-ы мал өз еркімен иесіз жайылып жүрген уақытта орын алады. Көктемнің екінші айына дейін мал ұрлығы фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша 315 хаттама, ҚР ӘҚБтК 406-бабы бойынша 72 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл өте көп.

Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

Мал ұрлығы оқиғаларының алдын алу барысында басты кедергі болатын нәрсе, ол – таулы аймақтарда бейнебақылау камераларының жоқтығы. Одан бөлек республикалық, облыстық маңызы бар тасжолдарда блок бекеттерінің аздығы. Сосын, мал иелерінің өзбетімен әрекет етуі істі суытып алады. Полиция қызметіне уақытында жүгінбейді. Біз қазір аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп қадағалаусыз жайылымға жол бермеу керектігін түсіндірудеміз. Қараусыз малдар үшін айыппұл тұрақтарын ашып, жануарларды толық сәйкестендіру түйткілін таразылап жатырмыз, - дейді Демейов.

Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

Ең өкініштісі, осы ұры-қарының кесірінен жетісулықтар 15 млн теңге шығынға батқан. Дегенмен тәртіп сақшыларының еңбегімен сол шығынның жартысына жуығы өтелген екен. Нақтылай кетсек, 6,25 млн теңге. Жиырма шақты кінәлі адам ұсталған. Былтыр 16 адам темір торға түскен еді. Бүгінде облыста қараусыз қалған малды ұстау үшін 78 қора бар. Олардың бәрі әкімдіктің балансында. Қараңыз, биыл ауыл шаруашылығы жануарларын жаю талаптарын сақтамағаны үшін 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілік арқалаған екен.

Бақылаусыз төрт түліктің жайы өзекті мәселелердің бірі. Солардың салдарынан қоршаған ортаға физикалық және материалдық залал көп келеді. Мәселе, жылқы малы үлкен жолға жиі шығып кетеді. Жарық көрсе аттар тұра ұмтылады. Жыл сайын ондаған тұрғын соның салдарынан апатқа ұшырайды. Оған жауапты, әрине, мал иелері. Сиыр да жол жиегінде жиі жүреді. Көбіне біз сырғасынан танып, иелерін іздеп барамыз. Кейде қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктер қашып үлгере алмай, қайғылы оқиғлар да тіркеледі, - дейді облыстық ПД ППБ командирі Абылай Беркендыков.

Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға немқұрайлы қараудың қауіптілігін ескертуде. Жайылым ережелерін қатаң сақтай отырып өрісте ұстаған жөн. Тұрғындардың жауапсыздығы кісі өліміне әкеледі.

Өкінішке қарай, қандай іс-шаралар қолданса да тұрғындар малды еркін жаюға әуес. Әлеуметтік жағдайына байланысты да осындай қадамға баратын болар. Кім білсін?! Мәселен соның салдарынан екі бірдей жол көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тапқан. Одан бөлек 1 адам дене жарақатын алған. Бұл апақ-сапақ та, не түнде орын алған апаттар.

Жетісуда соңғы үш айда 400-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

Қазір көктем, көктің түлеп шығып келе жатқан мезгілі. Төрт түліктің тұмсығы көкке тиісімен қораға қайтпайды. Ентелеп алға жүре береді. Қорада қыстан қалған сары шөпті беруге аяйсын, оны иіскеп-иіскеп жемейді де. Сондықтан көктем келе еркін жайылымға жібереміз. Жол жағалап жайылатын малдар көп. Оның үстіне Жетісуда малды ауылдар (фазендалар) үлкен жолға жақын орналасқан. Сол себепті сиыр мен жылқы асфальтқа шығып кетуі мүмкін. Кейбір шаруа қыстан әрең шықты, олар амалсыз малды еркін жаяды. Үнемі қадағалап отыру мүмкін емес, - дейді алакөлдік шаруа иесі Еркін Алыпұлы.

Өзгелердің жаңалығы