Жетісуда өзендер жоғалып барады

12 Ақпан 2024, 10:46
408
Бөлісу:
Жетісуда өзендер жоғалып барады
PHOTO
Фото: автордан

Жетісуда жылдан жылға шағын өзен саны азайып барады. Экобелсенділер облыста шөлді жерлердің көлемі артқанын айтып отыр. Оған басты себеп – экологиялық заңнаманы сақталмағаны. Былтыр соған сай 162 іс қозғалған, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Медициналық қалдықтар өзенге төгіліп жатыр

Уағында Быжы өзені сарқырап ағып жататын. Ағыны қатты болса да ауыл балалары балық аулап, шомылып қайтатын еді. Қазір арнасы құрғап қалған. Ал әйгілі Қаратал өзеніннің арғы бетіне өту үшін жетісулықтар парон күтетін. Бүгінде жаяу адам кешіп өтеді. Бұрын тоқ ішектей толып ағатын өзендер, қазір аш ішектей бұратылып қалды. Мамандардың айтуынша, Жетісуа шағын және үлкен өзендердің 60 пайызы жоғалған.

Жетісудың аумағынан өтетін өзен-көлдердің бастауы көрші Қытайдан келетіндіктен су мөлшері азайып барады. Экономикасы сан салалы, демографиясы әлемді толғантқан держава трансшегаралық өзен-көлдерге өзі иелік етіп отыр. Соның кесірінен құрғап қалған өзен аңғарлары қоқыс төгетін заңсыз полигонға айнала бастады.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде радиобелсенді қалдықтарды тереңге көму мен жоюға қатысты мәселелер жыл сайын айтылғанымен әлі күнге шешімін таппай келеді. Мысалы, Панфилов ауданына қарасты «Жаркент – Арасан» шипажайының іргесіндегі тау беткейлерінде ескі уран кенішінен шыққан үйінділер мен ұңғымалар радиобелсенді элементтерге толы. Бір өзі облыстың экологиялық қауіпсіздігіне үлкен залалын тигізуде.

Жетісуда өзендер жоғалып барады

Экобелсенді Қажет Андастың айтуынша, өзен-көлдердің тартылуының тұп бастауында кеңес өкіметінің саясаты жатыр.

Кеңес одағы жақын маңға ұшатын ядролық ракеталардың Қазақстандағы шалғай елді мекендерге жару туралы қаулы шығарады. Бұл процесс екі жыл жалғасады. Сол құжаттағы елсіз жер қазіргі Көксу ауданындағы Тырнақ деп аталын жайлау болған. Оған қоса Алғабас елді мекенінің маңында пайдаланған. Ең өкініштісі, сол ядролық сынақ алаңына айналған мекендерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген. Оның зардабын табиғат пен жергілікті тұрғындар тартып жатыр, - дейді Андас.

Тоқсаныншы жылдары Талдықорғандағы қорғасынды-аккумулятор зауыты ауаны ластап жатқанын жазып, облыстық аурухананың дәрігері Ғалия Әрінова сотқа жүгінеді. Арыз бойынша тексеріс жүргізген облыстық СЭС-тің қыметкерлері зауыттың құю учаскесіндегі ауадағы қорғасынның қалыпты мөлшерден 150-200, қайта құю учаскесінде 250-300, кесу учаскесінде 250-300 есе артық екендігін анықтаған. Сонда жылына талдықорғандық әрбір адам 700 граммға жуық қорғасын жұтады екен. Содан кейін барып кәсіпорын қорғасын ұнтақтарын ауаға өткізбейтін арнайы қондырғы орнатады. Бүгінде бұл бағытта өңірде бірнеше кәсіпорын бар. Оның сыртында қайта өңдеу цехтары жұмыс істейді. Олардан шыққан қатты қалдықтар зауыт маңында үйіліп жатыр, кейбірі өзен-көлдерге төгіледі.

Сөзімізге дәлел болсын, былтыр Қаратал ауданындағы медициналық қалдықтар Бастөбе ауылдық округіндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау полигоны маңына тасталған. Бұдан тек Жетісу облысының ғана емес, бұрынғы Алматы облысының да денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қалдықтары төгілген екен. Мұны аудандық прокуратура қызметкерлері анықтаған.

38 лауазымды тұлғаға айыппұл салынған

Өңірлік экология департаментінің баяндауынша, аталған мәселелерді шешу үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерді қадағалау, жасыл желектерді отырғызу және елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр атмосфералық ауаға шекті рұқсат етілген шығарындылар нақты көлемі 13,5 мың тоннаны, төгінділердің нақты саны 7,3 мың тоннаны, ал қалдықтарды орналастырудың нақты саны 107,2 мың тонна болған екен.

Облыс бойынша ластаушы заттардың 45 пайызы коммуналдық қызмет кәсіпорындарына, 20 пайызы тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарына, 20 пайызы құрылыс нысандарына және 15 пайызы қалған кәсіпорындарға тиесілі. Өткен жылы экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша 4 тексеру жүргізілген. Тексеру және АЕК материалдарды қарау нәтижелерінде 162 Экологиялық заңнамасын бұзу анықталған. Заң бұзуды жою туралы 7 нұсқама беріліп, толығымен орындалған. Жалпы сомасы 2 282 773 241 мың теңге болатын 147 әкімшілік айыппұл салынған. Одан бөлек «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі – Геопортал арқылы 149 қалдықтарды стихиялық орналастыру орындары табылған. Соған сай 145 координат жойылыпты.

Департамент тарапынан прокуратура органдарының ұсынысы және полиция басқармаларының АЕК материалдары негізінде әкімшілік шаралар қабылдаған. Атап айтқанда ӘҚБтК 324-бабы және 344-бабы бойынша 38 лауазымды тұлғаға 5 106 000 теңге айыппұл салған.

Жетісуда өзендер жоғалып барады

Елімізде тұрмыс қалдықтарын өндейтін технология жоқтың қасы. Соның кесірінен өзен-көлдерге медициналық және үй қалдықтарын төгеді. Ол – бір. Екіншіден, Жетісу – аграрлы өңір болғандықтан суды үнемі қолданылады. Ал қазақ судың да сұрауы бар демей ме, өзен-көлдерді бей-берекет пайдаланудың салдарынан құрғап барады. Егін шаруасына жаңбырлатып, тамшылатып су,ару технологиясын толық пайдалану қажет. Балқаш көліне құяр өзендердің сиреп барады, - дейді география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұржан Керімбай.

Оның айтуынша, таудан толассыз аққан өзендер арнасын ретке келтіру қажет. Дихандар суды қажетіне сай пайдаланады да, қалғанын далаға ағызып жібереді. Бұрынғы арнасы түспеген өзен көлге барар жолды таба алмайды. Бұлақ басында отырған елді мекендер суды бөгемей, ескі арнасына салып отыру міндетті.

Бүгінде өңірде орман өрті де толастамай тұр. Өткен жылы Жетісуда 217 дала өрті тіркелген. Материалдық зазал көлемі 1,9 млн теңге. Орман өрттерінің басты себебі ауыл шаруашылығындағы техникаларынан туындайды. Сондай-ақ туристердің от шоғын сөндірмей кетуі де табиғатқа зиянын тигізуде.

Мәселен, Қаратал, Көксу, Лепсі және басқа да су қоймаларының жағасында стихиялық туристік орындар көп. Демалушылар қоқыс қалдықтарын сол су қоймаларына тастайды. Осы бағытта да экологиялық ағарту шараларын жүзеге асыру қажет.

Өзгелердің жаңалығы