Жетісуда инертті материалдарды заңсыз өндіру фактілері көбейген

Аталған фактілер бойынша материалдар тіркеліп, тексеру жұмыстары басталды.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 02:34
Бүгiн 2026, 02:34
140
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жетісу облысында полицейлер инертті материалдарды заңсыз өндіру және тасымалдау фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері өңірде құм, қиыршық тас және өзге де инертті материалдарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 21 дерегі тіркелді.

Polisia.kz мәліметінше, 16 мамыр күні түнде Талдықорған – Үштөбе автожолының Еңбек ауылы маңында жүк көлігін тексеру кезінде тиісті құжаттарсыз шамамен 10 тонна қиыршық тас тасымалданғаны анықталған.

Сол түні Алматы – Өскемен тасжолының Көксу ауданы аумағында полицейлер құм тиеген тағы бір жүк көлігін тоқтатып, қажетті ілеспе құжаттардың жоқ екенін анықтады.

Аталған фактілер бойынша материалдар тіркеліп, тексеру жұмыстары басталды. Кейін олар уәкілетті органдарға жолданып, заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция өкілдерінің айтуынша, инертті материалдарды заңсыз өндіру қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзады. Осыған байланысты мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу шаралары тұрақты бақылауда болады.

Наверх