Облыста егінге су беруге арналған 54 гидротехникалық құрылыс бар. Яки су қоймалары, тоғандар, бөгеттер, су жинағыш тораптар орналасқан. Дегенмен суармалы егістікке су толық жетіп жатыр ма?, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
8 су қоймасы салынады
Осы сауал жергілікті шаруаларды жиі мазалайды. Бүгінде суару каналдарының жалпы ұзындығы 7,8 мың км құрайды. Дегенмен тозығы жеткен су желілері егін шаруашылығымен айналысатындардың есін шығарып отыр. Мәселен, 524,8 мың гектар егістіктің 200,7 мың гектары – суармалы жер есебінде тіркелген. Сол суармалы жердің толық су жетпейді. Шағын шаруалар егінге үлкен камаздармен су тасып құюға мәжбүр. Мұны біз бұрындары да айтқанбыз. Үлкен қожалықтардан артылған суды күткен шағын шаруалар қапыда қалғаны қалған. Себебі су каналдары ретке келтірілмеген.
Әрине, өңірде су гидротехникалары қажет. Себебі жылдан жылға егіс көлемі артқан сайын суға деген сұраныс артады. Ол – заңдылық. Мысалы қызылша айдаған шағын шаруалар бар. Олар суару үшін кезегін күтеді. Әуелі үлкен шаруалар суарып алған соң ғана, оларға су береді. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Амалсыз шағын шаура күтеді, күтпеске амалы да жоқ. Кейбір су каналдарына жіберілген су жерге сіңіп, шаруаға толық жетпеуі мүмкін. Қайбір жылдары жапондық мамандар су каналдарының астына арнайы топыраққа сіңдірмейтін арнайы материал қоюды ұснған еді. Ол енді қыруар ақша, бірақ салынса суға әжептеуір үнем болады, дейді шаруа иесі Шалқар Оңдасынов.
Шынымен су қоймаларында жиналған су егістікке жетімін дегенше өз көлемін жоғалтып алады. Жерге сіңіп кететіні анық. Ол үшін битоннан жасалған су каналдарын орнату қажет. Мұны сол салада жүрген мамандар бұрында да айтқан еді.
Қараңыз, бүгінде өңірде 10 су шаруашылығы объектісінің 4-еуінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Соның нәтижесінде 4,8 мың гектарға су беру жақсарып отыр. Қалған алтауында жұмыс жалғасып жатыр.
Жалпы алғанда осы жобалардың барлығы іске асырылғаннан кейін қалпына келтірілген суармалы жерлерді қоса алғанда 35,8 мың га суармалы жерге су еркін барады. 2026 жылға дейін 30,5 мың га қалпына келтірілген жерге, 5,3 мың га жаңа суармалы жерлерге су беру жағдайы жақсартылатын болады деп жоспарланып отыр.
Жетісу аграрлы өңір болған соң, судың маңыздылығы жоғары. Дихандар егіншілік маусымы басталғанда судың жайын бақылап отырады. Біз осы ретте сыйымдылығы 162 млн.текше метрлік 8 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Атап айстақ, Покатиловка, Бүйен, Быжы, Қорғас, Тышқан, Өсек, Жаманты, Балықты су қоймалары алдағы уақытта құрылысын бастайды. Оған қоса Лепсі бөгетін салуға техникалық-экономикалық негіздемелер және суару желілерін қайта құру мен күрделі жөндеуге 8 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы жылы 524,8 мың гектар егістіктің 200,7 мың гектары – суармалы жер есебінде тіркелді. Жылдан жылға суармалы егістік көлемі артып келеді. Соған сай суға да сұраныс жоғары. Біз осы түйткілдің алдын алуға тырысамыз, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Гидробекеттерді күрделі жөндеуден өткізу қажет
Осы күні Үкімет тарапынан су шаруашылығы мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы ретте «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының биылғы вегетациялық кезеңде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өткеніміз дұрыс болар. Аталан мекеме Алматы облысы мен Жетісу облысына бірдей қызмет көрсетеді.
Өңір көлемінде 6 аудандық өндірістік учаске қарамағындағы 180 438 гектар жерге және Алматы облысының 3 ауданына, Ұйғыр және Шеңгелді өндірістік учаскелері мен Балқаш ауданының 32 184 гектар суармалы алқаптарына жауап береді. Бүгінде аталған мекеме 212 622 гектар егістік алаңына су жеткізумен айналысады.
Мәселен, Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясының № 367 бұйрығына сәйкес филиал бойынша 2016–2025 жылдарға бекітілген су пайдалануға арналған рұқсат бойынша су алу көлемі 1 596 285,9 мың м3. Бұл 2016 жылдан бері қолға алынған жоба. Ал Ақешкі, Алмалы, Ащыбұлақ жұмыс тәртібі Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясымен келісіліп, су шаруашылығы комитетімен бекітілген. Одан бөлек Қызылағаш су қоймасының жұмыс тәртібі «Казгипроводхоз» шаруа қожалығымен өзара келісілген. Олар су қоймаларындағы су көлеміне күн сайын мониторинг жүргізіп отырады.
Арнайы мониторинг жүргізілгеннен кейін жиналған мәліметтер орталық аппаратқа жолданады. Одан әрі төтенше жағдай басқармасына және Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясына жіберіледі. Вегетациялық кезеңге өндірістік учаске бөлінісінде 140 017 гектар суармалы алқапқа су тасымалдау қызметі бойынша су пайдаланудың жоспарланған су көлемі 1 091 633,9 мың м3. Бұл жалпы алғанда суармалы егістікке жолданатын су.
Осы күні жалпы ұзындығы 104,457 шақырымды құрайтын механикаландырылған тазарту жұмысы атқарылды. Одан бөлек 211,7 м3 бетон жұмыстары, 13 бірлік гидротехникалық құрылыстар, 9 бірлік гидрометриялық бекеттерді жөндеу мен салу жұмыстары қолға алынды. Өндірістік учаскелерде су тұтынушылардың өтініміне сай су беріліп, вегетациялық кезең әдеткі бағытыннан тайған жоқ. Жетісу өңірінде Ислам Даму Банкі қарыз есебінен «Ирригация және дренажды қалпына келтіру» жобалары бірінен соң бірі іске асырылып жатыр, - дейді сала маманы Азат Әріпов.
Оның айтуынша, бұл жобалардың мақсаты сушарашылығын дамыту. Суармалы жерлердің сумен қамтылуын арттырып қана қоймай, су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру. Тозығы жеткен суармалы алқаптарды ауылшаруашылығы айналымына қайта қосып, саланың ілгерлеуіне жол ашу болып табылады.
Аталған бастама Ақсу мен Көксу аудандарында қолға алынып жатыр. Сонымен қатар Көксу ауданы бойынша суару жүйелерін қайта жаңғырту жобасына түзету жұмыстары жүргізілуде. Жоба екі кезеңге бөлініп, өткен жылдан бастап I кезең бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы атқарылып жатыр.
Алғашқы кезеңде арналардың ұзындығы 108,7 шақырымды құраған. Бұл
Ислам Даму Банкі қарызы есебінен қолға алынды. Одан кейін мекеме 157,8 шақырымды құрайтын су арналарын қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бүгінде мемлекеттік сараптама бойынша оң қорытынды алынып, қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданып үлгерді. Егір бәрі ойдағыдай болса, алдағы уақытта 14 мың гектарға жуық жер ауылшуаршалығы саласына қосылады.
Осы ретте айта кетейік, жоғарыда айтыллған су қоймаларын салуға жауаптылардың бірі осы – «Қазсушар» РМК. Оның Жетісудағы филиалы Ақсу, Алакөл, Панфилов, Көксу және Ескелді аудандарында 6 жаңа су қоймасын салу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл сумен қамтамасыз етілетін егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуда маңызға ие. Ең бастысы трансшегаралық өзендерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек.
Филиалдың атқарып жатқан жұмысына жоғары баға бере алмаймыз. Себебі су арналары ретті орналаспаған. Егістікті толық сумен қамтуға шамасы жетпейді. Қазір күн күйіп жүр. Егінге жиі-жиі су қажет. Тіпті кейбір қожалықтың егіні шіріп жатыр деп естідік. Тезірек күрделі жөндеуден өткізгені абзал. Өңірге гидротехникалық нысандар көп қает, - дейді шаруа иесі Асқар Ағынбеков.
Жалпы алғанда, өңірдегі гидротехника мен гидробекеттерді күрделі жөндеуден өткізу қажет. Қазір филиал қарамағында 4 су қоймасы тіркелген. Биыл да Қаратал ауданында суару арналарын жөндеу жұмыстары жалғаса береді.
Мысалы Күшік-Кәлпе магистральдық арнасында ұзындығы 7 шақырым учаске механикалық әдіспен тазаланып, бетондау, дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, сол аумақта келер жылы гидротехникалық құрылыстар мен гидробекеттерді жөндеу жүргізілетін болады.