Жетісуда электркөлікпен жүретін балалар жиі заң бұзады

12 Қыркүйек 2024, 20:01
342
Бөлісу:
Жетісуда электркөлікпен жүретін балалар жиі заң бұзады
Фото: автордан

Облыста электронды көлік пен мотоцикл жүргізушілері көбеюде. Олардың жол ережелерін жиі бұзатыны анықталып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңірлік полиция департаменті ата-аналарға балаларына электромопед, электрсамокат, скутерлер алып берерде сақ болуын сұрайды. Себебі мектеп оқушылары үлкен жолға шығып жүргізеді. Бұл заң талабына қарсы. Әрі автожолдағы өзге де көліктерге кедергі жасайды.

Электр мотор техникаларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу қиындау. Себебі қазір қытайлық шағын электронды көліктерді екінің бірі тізгіндейді. Әсіресе ата аналар 7-8 жастағы баласына алып беріп қойған. Ауылдық жерлерді қаптап жүр. Қала маңайында да еркін айдай береді. Бұл дұрыс емес. Оқыс оқиға аяқасты орын алуы мүмкін. Биыл өңірде соларға қатысты жол-көлік оқиғасы жиі тіркелді. Қайғылы жағдайға душар болған отбасылары да бар - дейді дейді өңірлік полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары Аида Белгібаева.

Оның айтуынша жалпы өңір аумағында барлығы – 456 құқық бұзушылық тіркелген. Жол қозғалысы кезінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін – 132, мото-көлік құралдарын заңсыз басқарғаны үшін – 107, мас күйінде көлік жүргізгені үшін – 2 әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қалған жүргізушілерге ескерту берілген.

Мектеп оқушысына мүлде электронды көлік жүргізуге болмайды. Орыстар «балаңды құртқың келсе мотоцикл алып бер» дейді емес пе? Қазір облыста түрлі оқиға тіркеліп жатыр. Мен қатты қорқамын. Ата-аналар дүкенге жұмсайды. Баласы мопедке отырып алып зымырайды. Тіпті түнгі уақытта қаланы аралайтындары бар, - дейді қала тұрғыны Зәуре Бестібаева.

Өзгелердің жаңалығы