Жетісуда экологиялық туризмді дамытуға арналған фестиваль өтті

5 Қараша 2024, 15:42
280
Бөлісу:
Жетісуда экологиялық туризмді дамытуға арналған фестиваль өтті
Фото: gov.kz

Жетісу облысында Қызыл кітапқа кірген құландарға арналған бірегей фестиваль екінші жыл қатарынан өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жануарлар популяциясының көп бөлігі осы аймаққа тиесілі, яғни 3600-дей құлан Кербұлақ ауданының «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің аумағын мекен етеді. Туристер жыл сайын осы әсем жаратылысты көруге мұнда арнайы келеді. Жыл басынан бері саябаққа 24 мың адам табан тіреген, соның 7 мыңы – Үндістан, Қытай, Корея, Франция, Германия және ТМД елдерінен келген шетелдік туристер, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл іс-шараның бастамашылары мен ұйымдастырушылары - Ұлттық парк басшылығы, облыс әкімдігі және «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы.

Биылғы жылы фестиваль саябақтың тағы бір табиғи тылсымы – Айғайқұмның жанында өтті. 10-12 мың жыл бұрын пайда болған ұзындығы 3 км, биіктігі 150 метр бұл құм тау саябақтың айрықша белгісі іспеттес, Жетісу өлкесінің табиғи кереметтерінің бірі. Фестивальда ниет білдірушілер марафонға қатысып, ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов бұлағынан құм төбене дейінгі аралыққа жүгірді. Шыңға жете алғандар Іле өзенін биіктен бақылап, саябақтың керемет көріністерін үстінен тамашалады, тіпті құмның «әнін» де ести алғандар бар. Сондай-ақ арқан тартыс, кір көтеру сияқты спорттық ойындар ұйымдастырылып, концерттік нөмірлер ұсынылды.

«Алтынемел - құландар мекені» фестивалі екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Фестивальға жыл сайын 1 мыңға жуық адам қатысады, Алматы қаласынан да, басқа өңірлерден де арнайы келеді. Былтыр фестивальді «Алтынемел» визит орталығының жанында өткіздік, ол жерде келушілер құландар табынын табиғи мекендейтін жерлерден тамашалады. Ал биылғы жылы фестивальді Жетісу өңіріндегі бірегей туристік нысандардың бірі Айғайқұмның жанында ұйымдастырдық. Қатысушылар құландарды, қарақұйрықтарды, сәті келсе, саябақтың басқа да ерекше жануарларын тамашалау үшін оларға фото -, видео сафари ұйымдастырылды. Мұның бәрі экологиялық туризмді дамытуға ықпал етеді, өйткені ұлттық парктер Жетісу облысындағы 5 туристік бағыттың бірі, - деді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Жандос Нұриев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальді өткізу ең алдымен Қызыл кітапқа енген жануарларды, соның ішінде құландарды сақтап қалуға бағытталған. Біршама жылдар бұрын Түркіменстаннан ұлттық паркке 30-ға жуық құлан әкелінген, ал қазір бұл жердегі құландар саны едәуір көбейді. Мысалы, өткен жылы саябақ аумағын 3 мыңға жуық құлан мекендесе, биыл олардың саны 3600-ге жетті. Бұл биологиялық түрдің бір бөлігі ұлттық парктен басқа аймақтарға да таралуда.

Жануарлар популяциясының көбеюіне, саябақтың дамуына, бірінші кезекте туристер санының артуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Қауіпсіздікті жақсарту үшін 14 жаңа мотоцикл мен моторлы қайық сатып алынды, сонымен қатар 10 трактор, қарда жүретін көліктер, дрон алдық, дронды түнде де ұшыруға болады. Фестиваль аясында біздің саябаққа 14 жол талғамайтын көлік келді. Жол инфрақұрылымын жақсартуда облыс әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Өткізілетін имидждік іс-шаралар арқылы туристерді көптеп тарта бастадық. Мұның бәрі саябақтың дамуына, фауна мен флораның сақталуына оң әсерін тигізіп отыр. Былтыр саябаққа 16 мың турист келсе, биыл жыл басынан бері олардың саны 24 мыңға жетті, - деп атап өтті «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев.

Ұлттық парктің жалпы аумағы 307 мың гектардан асады. Бірегей табиғатын, сирек кездесетін жануарларын, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау үшін «Алтынемел» ЮНЕСКО биосфералық резерватының халықаралық мәртебесін иеленген. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктердің 31 түрі, Қазақстанның Қызыл кітабына және халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген жануарлардың 66 түрі кездеседі. Соның ішінде барыс, құлан, қарақұйрық және т.б. бар. Жақында таулы жерлерге қоңыр аюдың келгені байқалған. Ұлттық саябақ бірегей табиғи нысандарымен де танымал. Олардың қатарында «Айғайқұм», Ақтау бор таулары, Қатутау шөлді лава таулары, 700 жылдық тал, Бесшатыр сақ қорғандары, Таңбалы тас петроглифтері бар. Қонақтар фестивальдің екінші күні осы бірегей табиғи нысандардың бірқатарын тамашалауға мүмкіндік алды.

Қазір Қазақстан әсіресе көркем табиғатының арқасында Үндістанда жақсы танымал. Біз Шымбұлақта, Көлсай, Қайыңды көлдерінің жағасында болдық, ал бүгін «Алтынемел» ұлттық саябағы мен Айғайқұмның тамашасын көзбен көріп, зерттеп-біліп жатырмыз. Әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - дейді Үндістаннан келген турист Намбутасеха.

Атап өтсек, биыл жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» жолының ұзындығы 23 шақырым болатын Алтынемел асуындағы учаскесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, осы жолдың 0-45 км учаскесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы