Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісу топырағын зерттеу жұмыстары жүріп жатыр

11 Сәуір 2025, 19:45
761
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Аграрлы өңірдің байлығы егін шаруашылығы. Ал жақсы өнімнің басты кепілі құнарлы топырақ. Осы ретте мамандар жерді үнемді пайдалануды ұсынып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Топырақ эрозияға ұшыраған ба?

Топырақ неғұрлым құнарлы болған сайын өнім көлемі де мол болады. Бұған ешқандай логика қажет емес. Дегенмен көбіне шаруалар бір жерге жылда бір дақыл егіп, оған артық химикаттар қосып, топырақты эрозияға ұшыратады. Бұл қара жердің қалыбы бұзылып, күлге айналуға жақын деген сөз. Яки, өз болмысынан толықтай айырылған топыраққа тіпті арамшөп те өспейді екен. Сондықтан мамандар өңір-өңірлердегі ауылшаруашылығы саласындағы топырақтарды зерттеп, түрлі сараптамалар жасап жатыр. Осы орайда еліміздің кең байтақ даласын жан-жақты зерттеп, жердің құнарын, қасиетін терең тану мақсатында арнайы мемлекеттік институт құрылған болатын. Институттың міндеті жердің табиғи күйін жоғалтуға жол бермеу. Осы игілікті бастаманың жалғасы ретінде былтыр Жетісуда аталған мемлекеттік мекеменің өңірлік бөлімшесі ашылды. Бүгінде онда жергілікті мамандар қызу жұмысі істеп жатыр. Бұл жаңалық – жай ғана ұйымның пайда болуы емес, тұтас облыс аумағында жер байлығын зерттеудің жаңа дәуірінің бастауы десе болады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің жанындағы «Жерді зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық кәсіпорнының облыстық филиалының директоры Асқар Жолдоғұтов айтуынша, осы күні топырақ қабаттарын зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Кәсіпорынның былтыр жүзеге асырған жобалары мен биылғы жылға белгіленген жоспарлары ауқымды. Өткен жылы бізге жүктелген мемлекеттік тапсырмаға сәйкес, Алакөл, Қаратал және Ақсу аудандарында жалпы көлемі 400 мың гектарды қамтитын топырақ қабаттарын зерттеу жоспарланды. Оның ішінде Ақсу ауданында 6 ауылдық округ, Қаратал ауданында 3 ауылдық округ аясында 259 мың гектарға бонитет балын анықтау жұмыстары сәтімен атқарылды. Аталған зерттеу нәтижелері бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың – егістік, жайылым, шабындық – жарамдылығы мен топырақ ерекшеліктері ескерілген карталар мен түсіндірмелі жазбалар жасалды. Топырақ құрылымының графикалық бейнеленуі арқылы контурлар сызылып, ауылшаруашылық қызметіне ең тиімді аумақтар белгіленді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға зерттелген жерлерді тиімді әрі үнемді пайдалану жөнінде ұсыныстар жолданды, дейді А.Жолдоғұлов.

Оның айтуынша, 5180 топырақ бейініне сипаттама жасалып, соның негізінде түсіндірмелер мен бонитирлеу картограммалары құрастырылған. Бұл құжаттарда жердің мелиоративтік жағдайы, құнарлылық деңгейі нақты көрсетілген. Барлық жұмыс электрондық форматта дайындалып, уәкілетті органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облыстық филиалының архивіне тапсырылыпты.

Жоба толығымен бекітілген техникалық тапсырмаларға және нормативтік құжаттарға сәйкес атқарылып, сапа стандарттарына жауап береді. Нәтижесінде, зерттелген жерлерге нақты ғылыми сипаттама беріліп, топырақтың жай-күйін ескере отырып, пайдалануға ұсынылатын электрондық карталар жасалады.

Жетісу облысы бойынша филиалдың алғашқы бір жыл ішінде атқарған шаруасы бұл ғана емес. Олар қосымша биыл 535 мың гектар жерді қамтуды көздеп отыр. Бұл жұмыстар Алакөл, Сарқан және Кербұлақ аудандарында жүргізіледі. Соның ішінде 334 мың гектар жердің бонитет балын анықтау жоспарланып отыр.

Табиғат – тұнып тұрған сыр. Оның астарлы әлеміне бойлап, қойнауындағы құпия қазыналарын ақтарып, халқымыздың игілігіне айналдыру – ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Осыған орай елімізде Жер ресурстарын терең тануға бағытталған арнайы мемлекеттік институт құрылғаны дұрыс болды. Бұл құрылым – жай ғана мекеме емес, ол – жер ананың тамырын басып, тіршіліктің тынысын байыптайтын ғылыми орда болып қалыптасуы шарт. Мәселен бізде ауыспалы егін мәселесі жолға қойылмаған. Шаруалар бір жерге 3-4 жыл қатарынан қызылша егеді. Бұл жерді эрозияға алып келетін үлкен қатер. Сондықтан институтпен әр үлкен қожалық болсын, шағын шаруашылық болсын бірлесе жұмыс істеуі керек, дейді агроном Айдар Берікбаев.

Қазіргі таңда шаруалар өнімді көбірек алу үшін шетелден келген небір химиялық дәрігерлерді еселеп қосады. Сол себепті суармалы жерлердің кейбірі эрозияға ұшырауға жақын тұр.

Жерді тиімді пайдалану қажет

Бүгінде маңызды жобаның жобалау-сметалық құжаттарын толық әзірленіп, тиісті конкурстық рәсімдер аяқталған. Мердігер компания – «Казгипрозем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның нақты орындалу мерзімі – сәуір айынан бастап қараша айына дейін жалғасады. Осы кезеңде біздің филиалымыз жұмыстардың сапалы және талапқа сай орындалуын қадағалап, әр кезеңді жіті бақылауда ұстайды. Яғни жергілікті мамандар мердігердің зерттеулерінің нақтылығын тексеріп, ғылыми негіздердің сақталуын қамтамасыз етеді. Олардың мойнына жүктелген негізгі міндеттің бірі – осы зерттеулерді жүргізіп қана қоймай, олардың қорытындыларын саралап, мемлекет мүддесіне сай етіп реттеу. Топырақтың қасиетін анықтаудан бөлек, оны дұрыс пайдаланудың тиімді жолдарын ұсынуды қолға алып отыр.

2026 жылға дейін біз Жетісу облысының барлық ауданын кезең-кезеңімен қамтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын толық аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл – облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жерді кешенді түрде зерттеп, ғылыми қорытынды жасау деген сөз. Әрбір шаруаға өз жерінің нақты әлеуетін тануға мүмкіндік туады. Яғни қай аумақтың қандай дақылға тиімді екенін, қай жерлер мал шаруашылығына жарамды екенін дәл анықтай аламыз. Бұл тек ауыл шаруашылығына емес, экологиялық тепе-теңдік пен табиғи ресурстарды сақтау жолындағы маңызды қадам болмақ. Мұндай зерттеулер – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жерді ұтымды пайдаланып, өнімділікті арттыруға бағытталған орасан жұмыс. Ең бастысы – жердің шынайы жағдайын білу арқылы біз келешек ұрпаққа құнарлы да құнды байлық қалдыра аламыз, дейді филиал директоры Асқар Жолдоғұтов.

Бүгінде Жетісу өңірінде су және жел эрозиясының алдын алып, топырақты қорғауға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынуда. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар 2 650 гектар жерден басталып, жалпы 5 300 гектарға дейін ұлғаймақ екен. Бұл бастаманың басы-қасында аталған мекеме қызметкерлері жүр. Себебі, бағдарлы бағдарламаның маңыздылығы зор: ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарын сақтау, бүлінген немесе ластанған алқаптарды қалпына келтіру, белгілі бір дақылдарды тиімді өсіру ісінде бұл бастама үлкен рөл атқарады.

Ал топырақ-геоботаникалық зерттеулер мен цифрландыруға қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсету құзыреті – Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің жанындағы "Жерді зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік институтқа" жүктелген. Бұл – шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын, әрі жерге қатысты зерттеу жұмыстарын, оның ішінде жер сапасын есепке алу, экономикалық бағалау, мониторинг жүргізу, геоботаникалық және агрохимиялық талдауларды жүргізуге толықтай жауапты бірден-бір құрылым. Бұл қызметтер мемлекеттік монополия саласына жатады.

Бүгінде мемлекеттік мекемелер осы кәсіпорынмен тікелей келісімшарт арқылы жұмыс істей алады. Себебі, бұл мекеме жеткізушілер тізіміне енгізілген және конкурстық рәсімдерсіз бір көзден сатып алу тәсілімен шарттар жасасуға құқылы. Біздің ұжым осы мүмкіндікті пайдаланып, өңірлік деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға ұсыныстар жолдап, қызметтеріміздің сипаты мен шарттары туралы ақпараттар ұсынып отыр. Мысалы, өткен жылы Текелі қаласы әкімдігімен жасалған келісімшарт негізінде барлық далалық және камералық жұмыстар сапалы әрі мерзімінде атқарылды. Жалпы былтыр біздің кәсіпорын 205 келісімшарт жасасты, дейді А.Жолдоғұтов.

Жерді тиімді пайдалануды әр ауданның жергілікті билігі қадағалауы шарт. Дегенмен олар шаруаларды үнемі бақылап отыра алмайды. Кейбір үлкен қожалықтар жердің маңыздылығын бағамдамауы мүмкін. Мәселен, 3 жыл қатарынан жүгері ексеңіз, ол жерге келер жылы басқа дақыл сепкен абзал немесе демалыс жариялаған жөн.

Топыраққа да күтім қажет

Топырақты зерттеудің қажеттілігі туралы айтсақ, бұл – жерді тиімді пайдаланудың алтын кілті. Ауқымды топырақтық зерттеулердің ережесіне сәйкес, бұрынғы зерттеу материалдарының жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда олар жаңартылып отыруы тиіс: суарылмайтын жерлер үшін 15 жылда бір рет, ал суармалы жерлер үшін әр 10 жыл сайын жаңартылғаны абзал. Зерттеу барысында топырақтың типтері анықталып, үлгілер алынады. Алынған нәтижелер бұрынғы деректермен салыстырылып, топырақтың қазіргі жағдайы мен сапасы толықтай сипатталады. Бұл зерттеулер топырақтың шөлейттенуі, тұздануы, батпақтануы, эрозияға ұшырауы, қайта тұздануы, тапталуы секілді факторларын анықтауға мүмкіндік береді. Егер топырақ тозған болса, құзырлы органдарға нақты ұсыныстар жолданады. Мұндай мәліметтер, әсіресе, жерді рекультивациялау мен қайта қалпына келтіру кезінде таптырмас құрал болмақ. Сонымен қатар, бұл деректер ауылшаруашылық алқаптарын түрлендіру, өндірістік шығындарды есептеу, жер салығын айқындау және заңды немесе жеке тұлғалар үшін бонитет балын анықтау сияқты жұмыстарда қолданылады.

Ал енді цифрландыру туралы айтар болсақ, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде электрондық топырақ карталары жасалады. Бұл карталар – топырақтың түрі, сапасы, орналасуы мен бонитет балдары жайлы деректерді қамтитын интерактивті ақпарат көзі. Олар геоақпараттық жүйелер арқылы далалық және зертханалық мәліметтер негізінде әзірленеді. Электрондық карталар кез келген құрылғыда – компьютерде де, мобильді құрылғыда да – оңай ашылып, қосымша деректер алуға жол ашады. Мұндай карталар ауыл шаруашылығында ауыспалы егіс жоспарын жасау, тыңайтқыш енгізу, орман түрлерін таңдау, құрылысқа қолайлы орындарды белгілеу сияқты түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, олар топырақтың құнарлылығын бағалауға, елді мекен шекараларын кеңейтуге, өндіріс орындарын орналастыруға, жалпы айтқанда, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға жағдай жасайды, дейді А.Жолдоғұтов.

Электрондық топырақ картасы – ауылшаруашылығының ең құнарлы жерлерін анықтауға, тозған жерлерді уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл жүйе жер ресурстарын басқарудың тиімді тетігі ретінде жұмыс істейді. Жер салығына келсек, оның мөлшерлемесі бірнеше факторға байланысты. Ең жоғары салық суармалы жерлерге салынады, себебі олар аса құнарлы. Ал суарылмайтын, табиғи жағдайы қолайсыз өңірлерге ең төмен мөлшерлеме белгіленеді. Салық мөлшері топырақтың бонитет балдарына қарай есептеледі. Бұл жұмысты Жетісу облысы бойынша атқаратын – біздің филиал. Ауылшаруашылығы жерлеріне белгіленген салық 1 гектар есебімен алынады және ол жердің құнарлылық дәрежесіне қарай – дала, құрғақ дала, жартылай шөл, шөл және таулы-шөл аймақтарына қарай жіктеледі. Сонымен қатар, өнеркәсіп орындарының елді мекендерден тыс орналасқан жерлеріне де салық бонитет балдарына байланысты салынады.

Кейбір шаруалардың жері шағын ғана. Олар ауыспалы егін шаруасына бойлай алмайды. Ол қаржылық жағынан да тиімсіз. Мәселен, 10 гектар жерді бір не екі жыл тынығуына жол берсеңіз, қыруар шығынға ұшырайсыз. Қаншама адам жұмыссыз қалады. Ал басқа дақыл егуді ойласаңыз, өз-өзін ақтамайды. Себебі, қант қызылшасы мен арпаның, не жоңышқаны салыстыруға келмейді. Біз өнімді сапалы әрі мол ету үшін заман талабына сай топыраққа қосымша нәр береміз. Бұл топырақтың қалыбын бұзбай, өз күшін сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Алайда топрыққа тыныштық беру тәсілі әлі толық түсіндіріліп жатқан жоқ. Шаруалардың бәріне өнімді молынан алу міндеттеледі. Оған қоса бұл шаруаларға да тиімді. Мол өнім – көп ақша. Оларда шабындыққа дейін қаншама шығынға ұшырайды. Шығын ақталуы үшін түрлі амал жасайды, дейді шаруа иесі Еділбек Жантілеуов.

Топырақтың құнарлылығына қарай есептелетін бонитет балдары ауылшаруашылығы мен өндірістік аймақтар үшін салық мөлшерлемелерінде айтарлықтай айырмашылық тудырады. Жерге салынатын салықтың негізі – экономикалық көрсеткіштерден гөрі осы балл жүйесіне сүйенеді.

Өзгелердің жаңалығы