Жетісу облысының мәдени өмірі қандай?

12 Желтоқсан 2023, 13:31
1371
Бөлісу:
Жетісу облысының мәдени өмірі қандай?
Фото: BAQ.KZ

Жетісу – елімізде жаңадан құрылған облыстардың бірі. 2022 жылдың 16 желтоқсанында өткен палаталардың бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны агломерациялауға қатысты мәселелерді атап, тұтас Алматы облысын Жетісу мен Алматы атты қос облысқа бөлген болатын. Өңірде биыл өткен мәдени іс-шаралар жөнінде ақпарат алу үшін BAQ.KZ тілшісі облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаевамен сұхбаттасты.

- Облыста балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау мен дамытуға қатысты қандай іс-шаралар өтті?

- Облыс кітапханаларында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау мен дамыту мақсатында 127 клуб пен үйірмелер жұмыс істейді. Осыған орай жалпы саны 532 іс-шара өткізіліп, 14966 адамды қамтыды.

Атап айтсақ, Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Ғажайып сурет әлемі» сурет салу байқауы және шахмат, шашки ойындары ойнатылды. Ақсу аудандық балалар кітапханасы мектеп оқушыларынан құрылған «Ақжелкен» қызығушылар клубының мүшелерімен «Менің сүйікті кітабым» атты кітап оқу сағатын, кітапхана оқырмандарына жазғы демалысын тиімді өткізу бағытында «Табиғат сұлу мекенім» сурет салу сайысын өткізді. Алакөл ауданы, Қабанбай ауылдық балалар кітапханасы «Бәрін білгім келеді» клуб мүшелерінің қатысуымен «Менің сүйікті ақыным» тақырыбында жас, талантты ақындардың шығармашылығынан поэзиялық марафон өткізді. Кербұлақ аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ғажайыпқа толы қолөнер» түрлі-түсті қағаздан бұйымдар жасау сайысы ұйымдастырылды. Қаратал аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Бастөбе ауылының «Айзере» балабақшасындағы бүлдіршіндерге «Бақа ханзада» ертегісі оқылды. «Қаратал» күндіз болу орталығында мүмкіндігі шектеулі балалармен «Сиқырлы ертегі» ертегі құрастыру терапиясы ұйымдастырылды. Панфилов ауданы, Жаркент балалар кітапханасында «Қазақтың ою-өрнектері» атты шеберлік сағаты, Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасындағы оқырмандарға «Балалық шақ – бал дәурен» атты әртүрлі тақырыпта сурет салу байқауы өтті. Текелі қалалық кітапханасында №1 филиалында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Даланың дара ұстазы» кітабын дауыстап оқу және т.б. мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейінің табиғат бөлімінде бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту, қолдау мақсатында интерактивті аймақ орналастырылған, ақ-қара түсті динозавр бейнесін қалағандарынша бояп, сканерлеп, арнайы экраннан жұмыстарын тамашалау мүмкіндігі берілген.

Облыстық көркемөнер галереясында 8 наурыз халықаралық аналар күніне арналған мектеп оқушылары арасында көрме-байқау ұйымдастырылды. Көрме-байқауға 84 оқушы қатысты. 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Балалар көркемсурет» мектебі оқушылары арасындағы пленэрге 15 оқушы қатысты.

- Жетісу облысында тарихи және ғылыми-танымдық бағытта қандай іс-шаралар өтті?

- Облыстың мәдениет мекемелерінде тарихи және ғылыми-танымдық бағытта барлығы 314 шара ұйымдастырылып, 9275 адам қамтылды.

Атап айтсақ, тарихи маңызы бар киелі орынды өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыру үшін «Жетісу жауһарлары» жобасы аясында Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен оның филиалдары 10 танымдық саяхат ұйымдастырды. Жобаға жалпы 412 адам қатысты.

Сондай-ақ облыс музейлерінде атаулы күндерге орай 1088 тақырыптық экскурсия, 67 дәріс өткізілді.

2023 жылғы 24 мамырда Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдаланудағы өзекті мәселелер» тақырыбында республикалық конференция өткізілді. Конференция аясында еліміздің 12 облысынан келген қонақтарға Жетісу жерінде орналасқан «Бесшатыр қорымдарына» және Айғайқұмға бір күндік танымдық саяхат ұйымдастырылды.

23 қыркүйек күні Арқарлы тауындағы петроглифтерді сақтау және насихаттау мақсатында «Арқарлы петроглифтер галереясы» тақырыбында кәсіби суретшілердің плэнері өтті. Суретшілер қола дәуірі мен ортағасырларға жататын петроглифтерді кенеп бетіне түсірді.

1-17 қараша күндері аралығында Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кербұлак және Панфилов аудандарында «Жетісу – киелі мекен» сакралды орындарды зерттеу, насихаттау бойынша экспедиция ұйымдастырылып, киелі нысандар туралы аңыз-әңгімелер жинақталып, тізімге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс кітапханаларында биыл аталып өтетін атаулы даталарға Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 100, детектив жанрының негізін қалаушы, жазушы Кемел Тоқаевтың 100, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125, Қасабай батырдың 310, Орбұлақ шайқасына 380 жыл толуына арналған конференция, дөңгелек үстел, тарихи-танымдық, ақпараттық сағаттар, поэзия сағаты, семинарлар және т.б. ұйымдастырылды.

- Жақында Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы және сіз жұмыс істейтін басқарманың тапсырысымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп, қорған тапқанын білеміз. Зерттеу жұмысы қандай нәтиже берді?

- Иә, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы Талдықорған қаласы әуежайының маңындағы Дауылбай қорымында қазба жүргізіп, ерте темір дәуіріне жататын қорған тапты.

Далалық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғандығы, соңғы рет өткен жылы ғана тоналып кеткендігі анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы археологтардың күшімен аталған тарихи ескерткішті зерттеуді жөн деп тапты.

Кейбір мамандардың пікірінше, қорған элиталық болып саналады. Қорғанның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазба түсіріп, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді. Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар анықталды.

Мамандардың сөзінше, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе усунь (үйсін) мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Бұдан ары қарай археологтар зертханалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық детальдар зерттеліп, материалдар талданатын болады. Кейбір олжалар «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтіріледі деп күтілуде.

- Биыл Жетісу облысындағы кішкентай қалаларға салынған мәдениет нысандарынан маңыздысын атап өте аласыз ба?

- Республика күні қарсаңында Жетісу облысы Үштөбе қаласында жаңа тарихи-өлкетану музейі ашылды. Бұған дейін бұл ауданда мұндай мәдениет нысаны болмаған. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 898 миллион теңге бөлінді. Экспозициялық залдарда 350 құнды жәдігер қойылған. Атап айтқанда, мұнда өңірдің көне тарихынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шежіресі туралы материалдар бар. Өлкетанушылар тарихи құнды материалдарды жинақтап, көрерменге ұсыну жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге, танымын кеңейтуге, тәуелсіздікті нығайтуға зор ықпал ететінін айтады.

- Облыста мәдени, ойын-сауықтық, музыкалық бағытта қандай жобалар жүзеге асты?

- «Жетісу жұлдыздары» облыстық балалар шығармашылығы байқауы, Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына орай VІ Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер мен «Кестелі орамал» атты вокалистер байқауы, Бикен Римованың 100 жылдығына арналған облыстық халық театрлары арасындағы байқау-фестивалі, Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауы, Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Тағы бір ақ таң, ақпанда» атты 2 концерт, Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына арналған «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалі, Ескелді би Жылкелдіұлының 330 жылдығына арналған «Ел қорғаны – Ескелді» республикалық жазба ақындар мүшайрасы, «Жетісу сазы» І Республикалық фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер байқау-фестивалі, «Жер жәннаты – Жетісу» атты Жетісу облысының аудандары мен қалаларының мәдениет күндері өтті.

Өзгелердің жаңалығы