Жетісу облысындағы су тасқыны жағдайы бақылауда – ТЖД

6 Наурыз 2023, 13:22
1481
Бөлісу:
Жетісу облысындағы су тасқыны жағдайы бақылауда – ТЖД
Фото: Zhetisu Media

Кербұлақ пен Алакөл өңірлеріндегі су тасқыны жағдайы тұрақталды. Бұл туралы Jetisy media өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

5 наурыздағы жағдай бойынша Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда арық жүйесін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысы ТЖД Кербұлақ ауданы Сарыөзек-Көктал автожолының бойында 9 шақырым жерде орналасқан цемент өндіру бойынша "Alacem" ЖШС зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ. Алайда, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында қызметкерлер егістіктерден мол қар еруі нәтижесінде зауыт аумағының еңіс ағынымен су басқаны туралы бейне түсіріп, орналастырғаны анықталды. Ұйымның күштері мен құралдарымен еріген суды бұру шаралары жүргізілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Зауытқа да зақым келген жоқ, - деді Игорь Жуков.

Оның сөзінше, Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында да аула аумақтарын су басу салдары жойылды. Далаға жеке құрамнан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ескелді ауданында қардың тез еруі мен арық жүйесінің тазаланбауы салдарынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жолды су басты. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, арналарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режимде өтеді. Қазгидрометтің дауылды ескертуіне сәйкес, жауын-шашын болжамына, сондай-ақ 2023 жылғы 6-8 наурыз аралығындағы кезеңде температуралық фонның жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі күтіліп отыр. Жетісу өңірінде еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, судың төгілуі мен су басуы мүмкін, - деп айтты ТЖД өкілі брифингте.

Ол сөз соңында Жетісу өңіріндегі су тасқыны жағдайы бақылауда екенін жеткізді. Су тасқынының алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері азаматтарды канал жүйелерін тазартуға және аула аумақтарын тазалауға көмектесуге шақырады.

Өзгелердің жаңалығы