Жетісу облысында Өңірлік білім беру орталығы салынады

22 Маусым 2023, 20:27
1290
Бөлісу:
Жетісу облысында Өңірлік білім беру орталығы салынады

Жетісу облысында жастардың әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-зияткерлік жобаларын іске асыру, жұмыспен қамтуға ықпал ету үшін Жастар бастамаларын қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады. Сонымен қатар облыс жастары үшін меценаттар есебінен ІТ-технологияларға басымдық бере отырып, Өңірлік білім беру орталығы салынады. 

Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының базасында өткен жастар қауымымен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, рухани-адамгершілік және этикалық нормалар мен бағдарларды қалыптастыру мақсатында өңірде «этикалық-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі ашылады. Бұл бастаманы іске асыруға 266 млн теңге қарастырылып отыр. Егер сіздер қолдасаңыздар, Жастар бастамаларын қолдау жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесін құрған жөн деп санаймын. Мемлекеттік қолдаудың қандай мүмкіндіктері бар, қандай жобалар басталды, қандай жобалар жоспарда бар, қандай көмек қажет. Осы және басқа да мәселелерді бірге талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Бұл кеңес өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, өңір жастарымен тұрақты өзара бірлесіп іс-қимыл жасаудың тиімді әдісі болуға тиіс. Жыл соңында сіздермен тағы бір мәрте кездесетін боламыз, - деп Б. Исабаев өз орынбасарына үйлестіру кеңесінің форматын нақтылап, әрекет ету тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Облыс әкімі жүргізілген талдау нәтижесі бойынша өңірде жастарды толғандыратын негізгі проблемалардың 5 негізгі іргелілерін атап айтты. Респонденттердің 54,3%-ы материалдық қиындықтарды бастан кешіп жүргенін, 50,4%-ы жұмыспен қамту, жұмыссыздық проблемалары бар екенін жеткізген. Ал 39%-ы ауылдардан қалаларға жиі көшу мәселесі өзекті екенін, 36,6%-ы тұрғын үй мәселесімен бетпе-бет келгендерін айтқан. Сол сияқты жастардың бір бөлігін жоғары білім алудағы қиындықтар, оның ішінде оқу құнына байланысты және бос уақытты тиімді өткізу орындарының жоқтығы толғандырады.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жастар бастамаларын қолдау жөніндегі үйлестіру кеңесінің жұмысы бірінші кезекте осы проблемалық мәселелерді біртіндеп шешуге бағытталуы тиіс.

Пікір алмасуды жалғастырған облыс әкімі жастардың бизнес-идеяларын және жалпы шағын және орта бизнесті қолдаудағы мемлекет ұсынатын мүмкіндіктер жайына да тоқталды.

Алғаш рет ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес жүргізу үшін үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Қарыз алу шарттары өте тиімді. Жеке бизнесті жүргізу үшін – 7-8 млн. теңгеге дейін, кооператив құрамында 27 млн. теңгеге дейін беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5%-дан аспайды. Бүгінгі күні 1,7 млрд. теңге сомасына 272 өтінім қабылданды, - деді Б. Исабаев.

Панфилов ауданының тұрғыны, ауылдық жерде 70-ке жуық жұмыс орнын ашқан тігін шеберханасының директоры Мадина Дүйсебаева; веб-платформа құруға бағытталған 5 млн. теңге сомасына мемлекеттік грант иегері Бархудар Гусенов, сондай-ақ 2,5% процентпен 5 млн. теңге сомасына шағын несие алған талдықорғандық Анель Біләлова, Ескелді ауданының тұрғындары Зураб Сәкенұлы, Зухра Садыққызы, Сарқан ауданынан Ақыл Төлеуғали және басқа да жастар бизнес жүргізудегі өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар өңірде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру жоспарланған. Әр жобаға 3 млн. теңгеден қарастырылған. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлінді. Гранттар бизнес, медиа, ақпараттық ІТ-технологиялар және мәдениет бағыттары бойынша бөлінеді. Оған қоса биылғы жылы «Жетісу жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда, облыстық бюджеттен 900 млн.теңге бөлінді.

Өңір басшысы ІТ-технологияларды дамыту саласындағы қолдаулар жайын да назардан тыс қалдырмады. Еске салсақ, жақында Жастар орталығының базасында «Jetisu Digital» хабы ашылған болатын.

Нысан жұмысының алғашқы нәтижелері туралы ІТ-хабтың ІТ-маманы Виктор Кохно айтып берді. Оның айтуынша, орталықта «Samsung» компаниясымен бірлесіп бағдарламалауға оқыту тегін жүргізілуде. «Негізгі мақсатымыз - 16-18 жасқа дейінгі жастардан кіші бағдарламашыларды даярлау, мұндай мамандардың жалақысы қазір еңбек нарығында 300 мың теңгеден басталады. Осылайша алған білімдерін іс жүзінде қолданып, одан әрі өсуі үшін жақсы база ретінде пайдалана алады, мұндай біліммен қазірдің өзінде ақша табуға болады, - деді ол.

Өз кезегінде облыс әкімі жақсы жаңалығын жеткізді. Алдағы уақытта ІТ-технологияларға басымдық беретін Өңірлік білім беру орталығы құрылмақ. Бұл орталық меценаттың қаражатына салынады. Б.Исабаевтың айтуынша, қазір ЖСҚ әзірленуде, құрылыс-монтаж жұмыстарын күзге жүргізу жоспарланған.

Интерактивті кездесу сұрақ – жауап түрінде жалғасты. Интернетке тәуелділік пен кибербуллингтің, суицидтің, лудоманияның алдын алу мәселелері талқыланды. Жастар арасында ажырасу санының өсу мәселесі көтерілді. Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, олардың әрқайсысына толыққанды жауаптар беріліп, бірқатар мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі пікіралмасуға белсенді қатысқаны үшін жастарға алғысын айтты:

Бүгін біз алғаш рет жүздесіп отырмыз. Сіздер кездесуге облыстың әр өңірінен келдіңіздер. Ашық әңгіме, еркін пікіралмасу болғанына өте қуаныштымын. Көптеген мәселелер, өзекті тақырыптарды бірге талқыладық. Бұдан былай да сіздермен тығыз байланыста болып, бірлесіп жұмыс істейміз. Денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді пайдаланыңыздар, оқыңыздар, үйреніңіздер, ары қарай дамыңыздар, алға ұмтылыңыздар, өйткені болашақ туралы бүгіннен ойлану керек, - деді Б.Исабаев.

Өзгелердің жаңалығы