Жетісу облысында 19-23 мамыр аралығында «Заңсыз келуші» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау және заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері алғашқы күннің өзінде 148 құқықбұзушылықты тіркеді. Оның ішінде 103 шетел азаматы Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 шетелдік елден шығарылды:
- 18-і ТМД елдерінен,
- 8-і алыс шетел азаматтары.
Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзған 45 Қазақстан азаматына да әкімшілік шара қолданылды. Олардың ішінде 10 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Құқық қорғау органдары шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударып отыр. Мәселен, 20 мамыр күні Алакөл ауданында 16 шетелдік азаматтың көші-қон талаптарын бұзғаны анықталды. Сонымен қатар, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша бір факті тіркеліп, ҚР ҚК-нің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметі көші-қон үдерістерін бақылау — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.