Жетісу облысы тауарлы сүт фермасы іргесін кеңейтпек

16 Мамыр 2023, 14:23
1345
Бөлісу:
Жетісу облысы тауарлы сүт фермасы іргесін кеңейтпек
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісу облысында сүт шаруашылығы дамып келеді. Заманауи үлгідегі тауарлы сүт фермаларының бірі Ескелді ауданы Көкжазық ауылында орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл Қазақстан мен Иранның бірлескен жобасы, оның І кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда фермада 270 бас сүтті Гольштейн тұқымы бар. Әзірге тайыншалар күніне 1500 литрге дейін сүт береді, бірақ мамандардың айтуынша, тиісті күтімнің арқасында жыл сайын сүт беру көлемі арта түспек. Қазір бір сиыр тәулігіне 30 литрге дейін сүт берсе, кейіннен бұл көрсеткіш 40-45 литрге дейін жетеді. Келешекте фермадағы сүтті сиыр саны 610 басқа дейін ұлғайтылады.

Германиядан әкелінген қара ала тайыншалар жергілікті климатқа бейім. Сүт өнімділігі бойынша Гольштейн тұқымы ірі қара малдың ішіндегі ең үздігі, оған қоса оны әмбебап тұқым деп те атайды, себебі оны сүтті де, етті де деп санайды. Мұны Ескелді ауданының фермерлері де растап отыр.

40 жылға жуық мал шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Бұрын мұндай тұқымға күтім жасап көрмеген едік, қазір үйрендік. Тұқымы өте жақсы, сүті де, еті де мол. Бұзауларға жақсы күтім жасалса, олар тез-ақ өседі. Бұл тұқымның 5-6 айлық бұзауларының өзі біздің жергілікті тұқымдардың бір жасар бұзауларымен бірдей. Әрине, оған күтім, жақсы азық пен климаттық жағдайлар да тікелей әсер етіп отыр, - дейді ферманың ветеринар дәрігері Байкал Көптілеуов.

Кәсіпкерлер бірнеше жыл бұрын сүт фермасын құруды қолға алып, 2021 жылы ашты. Инвесторлар өз есебінен сиыр қораларын салып, алғашқы малдың басын тікелей Германиядан әкелді. Енді ферманы кеңейтпек ойлары бар. Қаражаттың жартысын қазақстандық, жартысын ирандық инвесторлар салған.

Бірінші кезеңінде сауын мал басын 270-ке жеткіздік, екінші кезеңде 440-қа, үшінші кезеңде 610 басқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал жас төлдермен бірге фермада жалпы саны 900-ге жуық мал ұстаймыз. Қазір сиырларымыз тәулігіне 1000-1500 литрге дейін сүт береді, кейіннен мұны 2500 тоннаға жетеміз. Бұл сүтті тұқым. Бірінші төлдегеннен кейін тәулігіне 20-27 литр, екінші туыттан кейін 30-35 литр сүт береді, - деді «Сүт Мастер-М» ЖШС директоры Фарид Джахангири.

Кәсіпкерлер бизнесті қолдау бағдарламалары арқылы мемлекеттің көмегін аламыз деген үмітте.

Іргемізді кеңейтсек пе дейміз. 270 сиыр сиятын орын бар, енді ары қарай құрылысты кеңейтіп салу керек. Кем дегенде 500 млн. теңгені өз қаражатымыздан құюды жоспарлап отырмыз. Жеңілдікті шарттармен несие алсақ, жақсы болар еді. Осы жоспарларымызды жүзеге асыру үшін алдымен өз жем азығы базамыздың болуы мәселесін шешіп алуымыз керек. Бүгінгі таңда бізде 30 га жер бар, бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан жемшөптің көп бөлігін сатып алуға тура келеді. Бұл шығынды ғана емес, ең бастысы сүттің сапасына тікелей әсер ететін маңызды, өзекті мәселе, - дейді ферма директоры.

Фермада тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті ауыл мен көрші ауылдан тұрғындар келіп жұмыс істейді. Орташа жалақысы - 150-200 мың теңге, қызметкерлерге тегін түскі ас беріліп, тасымал да ұйымдастырылған. Мұнда 17 адам жұмыс істейді. Фермадағы процестердің 70%-ы автоматтандырылған, ал компьютерленген жабдық Швециядан жеткізіліпті. Кеңейтуден кейін жұмыс орындарының санын ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы «Сүт Мастер-М» фермасында өндірілетін сүт «Аркабаев ЛТД» ЖШС сүт зауытына жөнелтіледі.

Бүгінде Ескелді ауданында осындай 8 тауарлы сүт фермасы бар, оларда 1740-тан астам мал басы ұсталады. Қаңтар-наурыз айлары аралығында ауданда 7899,6 тонна сүт өндірілген. Ал жалпы Жетісу облысында барлығы 37 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы