Жетісу фермерлері субсидия алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін

26 Желтоқсан 2022, 11:47
912
Бөлісу:
Жетісу фермерлері субсидия алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Биыл Алматы және Жетісу облыстарының шекаралары белгіленгені белгілі. Алдын ала есептеулер бойынша жер учаскелерін қайта тіркеуге және тиісті құжаттарды қайта ресімдеуге шамамен 3,5 млрд теңге қажет болады. Мұндай шығындар кәсіпкерлер мен ферма басшыларына қаржылық ауыртпалық түсіреді. 

Айтуынша, қазір Жетісу облысында қайта тіркеуге жататын 238 мыңнан астам нысан бар. Жер телімдеріне қайта ресімдеу жасалмаған жағдайда ауыл тұрғындары мемлекеттен өңірлерді дамытуға бағытталған субсидия алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Мемлекеттік органдардың шешімімен елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысы немесе шекаралары өзгерген жағдайда, жер учаскелері елді мекендер шегіне қосылған кезде жер учаскелерінің сәйкестендіру құжаттарын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады. Осыған орай, сізден Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 46-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Өзгелердің жаңалығы