Жетімдерін сатып, әлемге масқара болған елдің бірі біз емес пе едік? – Нартай Аралбайұлы

12 Қазан 2023, 16:29
1236
Бөлісу:
Жетімдерін сатып, әлемге масқара болған елдің бірі біз емес пе едік? – Нартай Аралбайұлы
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы бала құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты заң жобасының нормаларын сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын таныстырған болатын.

Заң жобасында егер Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы қатарынан 3 рет баладан бас тартса, онда оны аккредитациясынан айыру мәселесі қарастырылатыны айтылған. Депутат Нартай Аралбайұлы осы мәселеге қатысты ойын айтты.

Бала мүлік не хайуан емес қой, ол адам ғой. Оны қабылдатамыз, қайтарып жібереміз, тағы қабылдап, қайтарып жібереміз. Қандай құндылық қалады бұл жерде? Спорттың өзінде «рестарт» деген дүние бар. Егер ысқырықтан бұрын уға секірсең, жарысқа қатыстырмайды. Енді бұл жерде баланың тағдыры жатыр. Сондықтан дәл осыны (баланы қайтарып жіберу – ред.) құрту керек деп санаймын, - деді депутат.

Сонымен қатар кәсіби отбасылар психологиялық даярлықтан қалай өтетінін нақтылап сұрады.

Психологиялық даярлықтан кім өткізеді? Арнайы орталықтар бар ма? Оны лицензиялаймыз ба? Қазір елімізде отбасылық психологтар жетпейді. Жоқ десек болады. Елдің бәрі TikTok-қа, Instagram-ға шығатын кәсіби психологтарға айына 200 мың-300 мың теңге төлеп, отбасын сақтап, ажырасып кетпес үшін барып жүр. Кәсіби отбасыларды кім оқытады? Қандай орталықтар болады? – деп сұрады Нартай Аралбайұлы.

Ол қамқоршылық органына да кімдер кіретінін сұрады.

Қамқоршылық органына кімдер кіретінін тағы бір сараласаңыз. Оларды тексеретін біреу бола ма? Бұл жерде жемқорлық дегеннен қорқамын. Өйткені ертең бір отбасындағы ата-анаға 2 млн теңгедей ақша төлейміз. Соған сүйеніп, ертең қамқоршылық органындағы адам баланы өзінің таныс-тамырына бере бермей ме? Өйткені баланы асырап алу ісінде де бұрын біз қаншама тәртіпті, норманы енгізіп едік. Бірақ әлемде жетімдерін сатып, масқара болған елдің бірі – Қазақстан емес пе еді?! Жуырда ғана «Балаң өліп қалды» деп, баласын Америкаға сатып сатып жіберген біз емес пе едік?! Ата-анасымен әуежайда қауышып еді... Осы масқараны жіберген біз едік қой, - деді депутат Нартай Аралбайұлы.

Депутат бұған дейін заң осындай олқылықтар жібергенін айтып, қамқоршылық органдарының құрамында болатын адамдар қалай тексерілетінін сұрады.

Өзгелердің жаңалығы