Елімізде жетім баланы асырап алған отбасыға қанша жәрдемақы төленеді

12 Қазан 2023, 12:28
1714
Бөлісу:
Елімізде жетім баланы асырап алған отбасыға қанша жәрдемақы төленеді
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжілісте білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасын таныстырғанда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл заң жобасын қабылдаудың мақсаты - орта, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою.

Вице-министр заң жобасы қандай жаңалықтар ұсынатынын айтып берді.

- Балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институтын енгізу;

- Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама тәртібін енгізу;

- Меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында білім алу кезінде балалардың жекелеген санаттарын қолдау алуға құқықтарын кеңейту;

- Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша онлайн оқытуды енгізу.

Ұсынылып отырған заң жобасы аясында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері санын қысқарту тәжірибесін жалғастыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу туралы түзетулер әзірленді. Бүгінгі таңда республикамызда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз 22 мыңнан астам бала бар. Мемлекет жүргізген саясаттың нәтижесі бойынша 12 жыл ішінде балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 4 есеге, балалар үйлерінің саны 2,5 есеге азайды, - деді ол.

Бүгінгі таңда білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларына қарайтын 116 ұйымда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 3 509 бала тәрбиеленіп жатыр.

Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде отбасы баланы қалай қабылдайтынын түсіндіріп берді.

Балалар анықталғаннан кейін балалар үйлеріне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір бала ата-ананың назары мен қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасындағы балалар саны 4 баладан аспайды. Асырап алушы ата-аналардың саны 30 жастан 53 жас аралығында болады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан және қамқоршылық-қорғаншылық органдардан аккредиттеуден өтеді, - деп айтты Еділ Оспан.

Сөзінше, психологиялық дайындықты жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары жүзеге асырады. Бұл ұйымдар оқыту қорытындылары бойынша өз ұсынымдарын дайындайды. Қорғаншылық органдар кәсіби отбасыға үміткерлердің заңнама талаптарына сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ дайындалған қорытындыға талдау жүргізіп, оның нәтижесі бойынша үміткер отбасын аккредиттеуден өткізеді.

Заң жобасына сәйкес отбасыларға жіберілетін балалар санатын кеңейту ұсынылып отыр. Министрлік енді отбасыларға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар панасыз, қараусыз қалған, арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларды орналастыруды ұсынып отыр.

Материалдық ынталандыру үшін әр жетім баланы асырап алуға 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиешінің қызметіне 70 АЕК (241 500 теңге) көлемінде ақы төлеу көзделген, - деп түсіндірді Оқу-ағарту вице-министрі Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы