Жеті жылда ішкі туризм 63,8%-ға өсті

23 Қараша 2026, 12:06
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова 23 Қараша 2026, 12:06
23 Қараша 2026, 12:06
90
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Негізгі факторлардың бірі туристік инфрақұрылымның кеңеюі болды. 2021 жылы Қазақстанда 3 686 орналастыру орны болса, 2022 жылы олардың саны 3 970-ке, 2023 жылы 3 992-ге, 2024 жылы 4 303-ке, ал 2025 жылы 4 482 нысанға жетті.

Осылайша, 2021–2025 жылдары олардың саны 20%-дан астам өсті. Орналастыру орындары желісінің кеңеюі өңірлердің туристерді қабылдау мүмкіндіктерін арттырып, қонақүйлер мен шипажайлардан бастап демалыс базалары мен глэмпингтерге дейінгі демалыс түрлерінің таңдауын көбейтті.

Инфрақұрылымның кеңеюі нақты инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар жүрді. Тек 2025 жылдың өзінде туризм саласында жалпы құны 345 млрд теңгені құрайтын 95 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта саланың инвестициялық пулына 2030 жылға дейін іске асыру жоспарланған, жалпы құны 972,8 млрд теңгені құрайтын 221 жоба кіреді. Бұл жобаларды іске асыру жаңа орналастыру орындарын, демалыс және ойын-сауық нысандарын, курорттық және рекреациялық инфрақұрылымды құруға, сол арқылы өңірлердің туристерді қабылдау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бизнесті мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарды. 2022 жылдан бастап кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға және туристік инфрақұрылымды дамытуға ынталандыруға бағытталған жеті қолдау шарасы қолданылып келеді.

Жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

Ірі жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру қосымша құралға айналды. 2024 жылдан бастап Қазақстанның Даму Банкі арқылы туристік жобаларды жылдық 7% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда.

Қарастырылған қаржыландырудың жалпы көлемі 150 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2024 жылға 79 млрд теңге, 2026 жылға 71 млрд теңге көзделген. Бұл қомақты капитал салымдарын талап ететін жобаларды қолдауға және туристік инфрақұрылымның ірі нысандарын салуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар туристік аумақтарды кешенді дамытуға көшу жүзеге асырылуда. 2025 жылы үш басым туристік дестинацияны, атап айтқанда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Олардың ерекшелігі бірнеше инфрақұрылымдық мәселені қатар шешуге бағытталуында. Атап айтқанда, орналастыру нысандарын салу, инженерлік желілер мен жолдарды дамыту, көлік қолжетімділігін арттыру, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ туристік және тарихи-мәдени нысандардың жай-күйін жақсарту көзделген. 

Қандай қосымша мүмкіндіктер жасалды?

Елді мекендерден тыс жерлерде туристік жобаларды іске асыру үшін де қосымша мүмкіндіктер жасалды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерден тыс, оның ішінде мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумақтарында орналасқан туристік нысандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктер берілді. Бұл өңірлерге туристік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешуге және туристік орындарда экологиялық, табиғи және рекреациялық туризмді дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Туристердің жайлы демалуына қажетті базалық инфрақұрылымды құруға ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылы 38 санитариялық-гигиеналық торап орнатылса, 2022 жылы – 53, 2023 жылы – 63, 2024 жылы – 219, 2025 жылы – 110 торап орнатылды. Жалпы, 2021–2025 жылдары 483 санитариялық-гигиеналық торап орнатылды. Мұндай инфрақұрылымды дамыту туристік сапарлардың сапасына тікелей әсер етіп, туристік маршруттарда, демалыс орындарында және табиғи аумақтарда қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жүйелі өзгерістер заңнамалық деңгейде де бекітілуде. 2026 жылы туризм саласы мен балалар спортын қолдау мәселелері жөніндегі Заң қабылданды. Аталған заңмен гидтердің қызметі, визит-орталықтар мен туристік ақпараттық орталықтардың жұмысы реттеліп, туристік тасымалдарды жүзеге асыру шарттарын жеңілдету, атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» енгізу шаралары көзделді. Бұдан бөлек, ұлттық парктердің отбасылық демалыс үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында 18 жасқа дейінгі балалардың мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағына тегін кіруі қарастырылған.

Наверх