"Жергілікті билік ақша бөлмей отыр". Алматыда үйлерге ағаш қандаласы қаптады

21 Маусым 2023, 15:58
2497
Бөлісу:
"Жергілікті билік ақша бөлмей отыр". Алматыда үйлерге ағаш қандаласы қаптады
Фото: автордан

Алматыда тұрғын үйлер мен кеңселерде ағаш қандаласы қаптап кеткен. Үйдің қуыс-қуысына кіріп алған жәндіктер тұрғындардың мазасын кетірді. Қала халқы ағаш қандаласының көбейгенін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мамандардың пікірінше, жәндіктердің белсенділігіне жаздың кеш шығып, көктемнің жаңбырлы болуы әсер еткен. Жылулықты сүйетін жәндік күн суытса, қабырға қуыстары мен үйдің ішінен пана іздейтін көрінеді.

Үйіміздің терезесін аша алмай қалдық. Ауладағы ағаштардан осындай жәндіктер қаптап кетеді. Терезеде қалып қойса жақсы ғой, үйімізге кіріп кетеді. Ішіп отырған шайымызға түсіп кетеді. Көршілерімізді де осы мәселе алаңдатып отыр. Түрлі шараларды жасадық. Арнайы улы заттар мен тазартқыштарды септік. Десе де, 10-15 минуттың ішінде қайта қаптап кетеді. Түнде балалардың құлағына кіріп кете ме деп уайымдаймыз, – дейді Вера Королева есімді қала тұрғыны. 

Тұрғындардың айтуынша, ағаш қандаласының көбеюінің бірден-бір себебі ағаштарға дұрыс күтім жасалмауы дейді. 

"Жергілікті билік ақша бөлмей отыр". Алматыда үйлерге ағаш қандаласы қаптады

Мен Медеу ауданының тұрғынымын. Бұндай жәндіктер қалаға жақын орналасқан аудандарда көбейген. Себебі ағаштар ескірген, кейбірі қурап тұр. Бұрындары ағаштың түбі әктеліп, дәрілер себілетін. Ай сайын суғарылатын. Бүгінде күтім болмағандықтан, қарағайлар жәндіктерге жем болды. Бұдан бөлек, аулада демалу мүмкін емес. Төбемізден жаңбыр жауғандай қаптап кетеді, – дейді қала тұрғыны Әсем Сатимова.

Алматы қаласы экология басқармасының мәлімдеуінше, жәндіктің адамдар мен жануарларға тигізетін зияны жоқ. Сол себептен ағаш қандаласын өңдеу жұмыстары жүргізілмейді дейді. 

Қорқатындай ештеңе жоқ. Бұл жәндіктер адамдарға зиян келтірмейді, жай ғана жайсыздық тудырады. Олар қарағаш тұқымымен қоректенеді. Бұталарда өмір сүреді. Экология басқармасы жасыл желектерге зиян келтіретін зиянкестерге өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Өңдеу жұмыстарын 4 бөлікте жүргіземіз. Ағаш қандаласымен күресуге жергілікті билік ақша бөлмейді. Десе де, ағаштарды залалсыздандыру жұмыстарына пәтер иелерінің коперативі жауапты, – дейді Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза. 

Еске салайық, жәндіктермен күресу үшін эвкалипт майын, торларды, терезе торларын қолдануға болады. Сонымен қатар аулада құстар көп болса, бұл жәндіктерден де арылуға болады.

Өзгелердің жаңалығы