Жерді 49 жылға жалға беру аз уақыт емес – Расул Жұмалы

24 Сәуір 2021, 14:48
6805
Бөлісу:
Жерді 49 жылға жалға беру аз уақыт емес – Расул Жұмалы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саясаттанушы Расул Жұмалы Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында жерді жалға беру мәселесін әлі де тиянақтау қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, қоғам қазір жерді жеке меншікке беруге дайын емес әрі экономикалық қатынастар, халықтың заңды білу деңгейі әлі тиісті деңгейде емес. Оған да уақыт керек. Сондықтан дәл қазір жер мәселесінде жеке меншікті қозғаудың қажеті жоқ.

Совет үкіметі тұсында жеке меншік дүкен, бизнес, пәтер деген түсінік болған жоқ. Барлығы мемлекеттік, қоғамдық түсінікте болды. Арада біраз уақыт өткен соң бәрі осыған келді. Бәлкім жерді жеке меншікке беру деген де белгілі бір уақытты талап ететін шығар,-деді ол.

Ол жерді 49 жылға жалға беру де аз уақыт емес екенін, соның өзін дұрыс пайдалана білу қажет деген ойда.

Дәл қазір жерді жеке меншікке беру туралы айтып жатқан азаматтардың алға тартатыны жеке меншік болса жауапкершілік, ұқыптылық пайда болады дейді. Менің ойымша 49 жылға жалға беру мәселесі жаңағы мәселелердің алғы шарттарына келеді. Бұл ұзақ уақыт, бүгіннен санасақ 2070 жылға дейінгі уақыт. Оның үстіне ол ары қарай ұзартыла ма? Осы 49 жыл жалға берудің өзін қалай ұйымдастырамыз. Оны жалға алуға ауылдағы азаматтардың қолы теңдей жете ме? Қайта сол 1990 жылдағы жағдайға келіп тірелмейміз бе? Жер қалталылардың уысында кетіп, қарапайым халық жерсіз қалмай ма? Сондықтан бұл мәселенің өзінде мұқият қарау керек. Оның ішінде лимит мәселесін де қарастыру керек. Жеке басқа берілетін жер мөлшері белгілі бір көлемнен аспау керек деген. Оның үстіне 49 жылға жалға алғанның өзінде оны тексеріп тұру керек,-деді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол игерілмей жатқан жерлер, латифундистердің есімі туралы ақпараттар әлі де жеткіліксіз деге ойда.

Бізде полигондар бар, миллиондаған гектар жеріміз Ресейдің әскери полигонында, әрі Байқоңыр бар. Олар да біздің ресурстарымыз. Бұл тұрғыдан да мәліметтер жеткіліксіз, оған да назар аудару керек,-деді ол.


Өзгелердің жаңалығы