Астана қаласында тамыз айынан бастап тұрақты негізде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта қарау немесе жаңаларын қарауға енгізу бойынша қоғамдық талқылаулар өтуде,деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.
Жер учаскесінің иесі Бас жоспардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістерді қалай енгізе алады?
Биыл Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және құрылыс жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту ережелері жетілдірілген болатын.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 505 бұйрығы. Ол Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қыркүйекте № 21342 болып тіркелді.
Әдеттегідей Бас жоспарды жасау кезінде қалаларды немесе басқа елді мекендерді дамытуды және салуды кешенді жоспарлауды қарастырады. Бас жоспарда аймақтарға бөлу, жоспарлау құрылымы, аумақтардың функционалдық ұйымдастырылуы, көлік және инженерлік инфрақұрылымдар жүйесі, көгалдандыру және абаттандыру орындары белгіленеді.
Бас жоспар – адамның алаңсыз әрі жайлы, бақуатты өмір сүруін қамтамасыз ететін экологиялық талаптарды ескеріп, аумақтың ресурстық мүмкіндігіне сәйкестендірілген жайлы тіршілікке қажетті сұраныстарын өтейтін қала құрылысының басты құжаты.
Бұдан әрі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері аумақтардың жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтар үшін әзірленетін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕЖЖ) келіседі.
Мысалы, бұрын қабылданған Бас жоспар бойынша жер учаскесінде «көппәтерлі тұрғын үй» жобасы қарастырған, бірақ бұрын бекітілген 10-28 қабатқа үй салу өзектілігін жоғалтқан. Өйткені участок ұзақ уақыт игерілмей жатқанда аудандағы өзге құрылыстар аяталып белгілі бір сәулеттік келбеті қалыптасып қойған. Демек егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қайта қаралу қажет. Ал 1 тамыздан бастап «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта бекіту бойынша барлық рәсімдерден өтуге көмектесетін іс-шараларды өткізу регламенті жетілдіріліп, толықтырылды.
Мәселен, Астана қаласында тамыз айынан бастап тұрақты негізде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта қарау немесе жаңаларын қарауға енгізу бойынша қоғамдық талқылаулар өтуде.
Бұл қағидалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық субъектілердің қолдануы үшін міндетті болып табылады және жобаларды кешенді сараптамадан өткізбес бұрын мүдделі жұртшылық, яғни тұрғындар қарауы тиіс.
Ережеде өткізу регламенті және құжаттаманы ұсынуға қойылатын талаптар бар, сондай-ақ қоғамдық талқылауларға қатысқан жұртшылық Хаттамаға қосымша ақпарат немесе жер учаскелерінің меншік иелері мен жобалардың инвесторлары тарапынан анықтамалар беру және қосу туралы сөз сөйлеуге және мәселелерді көтеруге құқылы.
Аталмыш Ережеге өтінім, өтінімге жауап, оны жүргізуге және толтыруға қойылатын талаптары бар қоғамдық талқылау Хаттамасы сияқты міндетті құжаттармен толықтырылды.
Қалалық аумақтардың ЕЖЖ жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшелерімен, басқа ұйымдармен қоғамдық талқылаудан кейін Заңның 25-бабына сәйкес кешенді қала құрылысы сараптамасына жолдамамен келісіледі.
Аумақты салу, кеңейту, функционалдық мақсатын өзгерту, тұрғын және тұрғын емес аумақтар санының өзгеруі туралы шешімдер қабылдау, жобалардың, абаттандырудың толық өзгеруі қоғамдық талқылау құралы арқылы қаралады. Сонымен қатар барлық аумақтар қызыл сызықтар немесе жер учаскелерінің шекарасында қаралуы тиіс.
Сондай-ақ, жобаларда халықтың мобильділігі төмен топтарын объектілерге кедергісіз қол жеткізу үшін жағдайлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа объектілерді салу кезінде қайта жанданатын энергия көздері және энергия үнемдейтін технологияларды қолдану мәселелері қаралуы мүмкін.
Жұртшылықтың талқылау барысында жобаның құрамымен, демонстрациялық материалдармен, сараптама нәтижелерімен, аумақты абаттандыру эскиздерімен, қала құрылысында ғимараттарды бөлу жоспарымен, магистральдар мен жағалаулар бойынша ұсыныстармен, құрылыс сызбаларының фрагменттерімен, қасбеттердің түсті шешімдерімен және т.б. танысуға құқығы бар.
Жұртшылық тарапынан қабылданған тұжырымдық шешімдер қаланың Бас жоспарына қайшы келмесе, сәулеттік көріністі бұзбаса талқылаудан кейін мұқият сараланып, қосымша келісімнен өтетінін түсіну керек.
Қоғамдық талқылаулар бойынша ақпаратты жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастыру үшін жер учаскелері иелерінен басқармаға бекітілген нысанға сәйкес жіберілген өтініштер бойынша «қоғамдық талқылаулар» туралы жаңалық жарияланады.
Кейде қала тұрғындары өз идеяларын, тілектерін өздері тұратын аумақтар бойынша қарастырғысы келеді және мұнда бастамашы болуға құқығы бар адамның заңды қыр-сырын түсіну маңызды.
Ережеге сәйкес қоғамдық талқылаулар екі жағдайда ашық жиналыс арқылы өткізіледі:
1) ЕЖЖ және/немесе құрылыс салу жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдауда;
2) ЕЖЖ-ға және құрылыс салу жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдауда.
Қоғамдық талқылаулар жүргізу үшін жер иесі Ережеге сәйкес жергілікті атқару органдарына жаңа құрылыс салу үшін ЕЖЖ және/немесе құрылыс салу жобасын немесе қолданыстағы ЖЖЕ және/немесе құрылыс салу жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты қоса бере отырып, қоғамдық талқылаулар жүргізуге хат жолдайды.
Басқарма күнтізбелік он күн ішінде өтініш берушіге Қағидаларға сәйкес нысан бойынша жауап жібереді және ақпаратты өзінің интернет-ресурстарына орналастырады.
Қоғамдық талқылауларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді жерлерде еркін мәтінде жазылған, жобаның атауы, қоғамдық талқылауларды өткізу күні, орны мен уақыты, ескертулер мен ұсыныстарды жіберу үшін пошталық және электрондық мекенжайлары көрсетілген Хабарландыруды таратуды ұйымдастырады.
Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық талқылауларды өткізу күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық талқылауларды өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен ерте белгіленбейді.
Кез-келген заңды және жеке тұлғаларға қатысуға рұқсат етіледі. Өткізілген күні талқылауларды хатшы тіркейді және аудио және бейне тіркеу кезінде жобаға қатысушылар, жұртшылық, мемлекеттік органдар ұсынылған материалдармен танысады, сұрақтар қояды және өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізеді.
Хаттаманы жүргізу кезінде талқылау барысында келіп түскен мәселелер, ескертулер, ұсыныстар енгізілетін салыстырмалы кесте көзделген, жоба бастамашылары әрбір сұрау салуды жабуға тиіс және бұл хаттамада да атап өтіледі.
Талқыланатын жобаға қатысы жоқ мәселелер келіп түсетін кездер болады. Бұл мәселелер қоғамдық талқылауларды өткізу қағидаларына сәйкес назарға алынбайды!
Қоғамдық талқылауларды жүргізу нәтижелері бойынша хаттама ресімделеді, оған төраға мен хатшы қол қояды және «Қоғамдық талқылаулар» айдарындағы ресми интернет-ресурста орналастырылады.
Қоғамдық талқылаулар тіркеу және оларға кемінде он жеке және заңды тұлға қатысқан кезде өткізілді деп есептеледі.