Жер сілкінгенде оқушылар мен мұғалімдер не істеуі керек?

24 Қаңтар 2024, 09:01
3620
Бөлісу:
Жер сілкінгенде оқушылар мен мұғалімдер не істеуі керек?
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымы басқармасының басшысы Тимур Кастуганов оқушылар мен мұғалімдер жер сілкінгенде қалай әрекет етуі керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Табиғи апат кезінде мектепте оқушылар мен мұғалімдер қалай әрекет етуі керек?

- Бізде арнайы бұйрық бар. Ол «Қауіпсіздік нұсқаулығы» деп аталады. Бұл құжат 2022 жылғы 30 наурызда бекітілген. Сонымен қатар бұйрық Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген. Бұйрықта төтенше жағдай кезінде қандай әрекет ету керегі жайлы бұйрық жазылған. Яғни қандай да бір төтенше жағдай болса, кім қандай сұраққа жауап беретіні нақты көрсетілген.

Мысалы, мұғалім не істей алады, эвакуация қалай жасалады, балаларға қандай көмек көрсетеді және басқа да сұрақтардың жауабы бар.

Осы алгорим бойынша әр тоқсан сайын теориялық және практикалық оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп тұрады. Сондай-ақ республикалық деңгейде бір апта бойы мектептерде, балабақшаларда және колледждерде практикалық жаттығулар ұйымдастырып отырамыз.

Мысалы, 2023 жылғы қыркүйек айында осындай оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді. Мұндай сабақтарға 3 млн оқушы мен 500 мың мұғалім қатысты.

- Бұйрықта нақты қандай алгоримдер бар?

- Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және терроризм актісін жасау қаупі туындаған кездегі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің іс-қимыл алгоритмі нұсқаулықта нақты көрсетілген. Оны нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінен оқып алуға болады. 

Төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте үрейленбеу керек.

Мысалы, ғимарат құлағалы тұрса не істеу керек:

- ғимараттан мүмкіндігінше тез кетуге тырысыңыз;

- білім алушыларға педагогтің нұсқауы бойынша әрекет ету;

- ғимараттан шығарда баспалдақпен түсіңіз;

- эвакуация кезінде дүрбелең мен қысым жасамаңыз;

- мүмкіндігінше зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету;

- көшеге шыққанда ғимараттың жанында тұрмаңыз, ашық кеңістікке және эвакуация орындарына өтіңіз;

- ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда, ең қауіпсіз орынға ие болыңыз: негізгі қабырғалардың ойықтары мен бұрыштары, қабырға арқалықтары астында;

- мүмкін болса, үстелдің астына жасырыныңыз - ол құлаған заттар мен сынықтардан қорғайды;

- терезелер мен электр құрылғыларынан алыс болыңыз.

Азаматтарымыз шұғыл әрекет ету қызметтерінің телефондарына да хабарласа алады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кезекші қызметінің телефоны: 110

Бірыңғай кезекші-диспетчерлік телефоны: 112

Өртке қарсы қызмет телефоны: 101

Ішкі істер органдары кезекші қызметінің телефоны: 102

Жедел медициналық көмек телефоны: 103

- Жер сілкінісі жиі болып тұратын аймақтардың білім беру ұйымдарына арнайы нұсқаулықтар бар ма?

- Бізде осы сұрақтар бойынша Төтенше жағдай министрлігімен бірге нақты жол картасы қабылданған. Бірақ Оқу-ағарту министрлігінің міндетіне ең алдымен оқушыны және мұғалімдерді осындай жағдайларға дайындау кіреді. Осы ретте мұғалімдердің маңызды міндеті – балаға көмек көрсету және оның денсаулығын сақтау. Ал басқа да техникалық сұрақтар бойынша ТЖМ айналысады. Яғни SOS, SMS-хабарлама тарату және басқа да сұрақтар құтқарумен айналысатын министрліктің құзыретіне жатады.

Ал біздің алдымыздағы ең маңызды міндет – оқушыны машықтандыру, дағдыландыру.

- Оқу-ағарту министрлігі кеше Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты қандай жұмыстар жүргізді?

- Осыған дейін оқу-жаттығулар өткізілді. Сол себепті мұғалімдер мен оқушылар төтенше жағдай кезінде не істеу керегін біледі. Өздеріңіз көргендей, балабақшалар мен мектептерде зардап шеккен халықты қабылдау пунктері іске қосылды. Ол жерде халыққа көмек көрсетіліп, ас-сулары берілді. Мінекей, директор болсын, мұғалім болсын, осындай жағдайда қалай әрекет ету керегін жақсы білетінін байқауға болады.

- Төтенше жағдай кезінде дүрбелеңге салынбас үшін ата-аналарға, оқушылар мен мұғалімдерге Оқу-ағарту министрлігі қандай кеңес береді?

- Жаңа айтқанымдай, нақты алгоритм бар. Онда не істеу керегі қадам-қадаммен көрсетілген. Егер бала төтенше жағдай кезінде мектепте болса, онда ең алдымен абдырамай, мұғалімнің эвакуация бойынша айтқан нұсқаулығын орындауы керек. Мұғалімнің қасынан бөлек кетпей, топпен бірге жүруі қажет.

Сондай-ақ біз мұғалімге де нақты нұсқаулықтар береміз. Себебі педагог баланың өмірі мен денсаулығына жауап береді. Балаларды ғимараттан шығарған соң сапқа тұрғызып, санап шығу керек. Яғни балалардың барлығы шыққанына көз жеткізу қажет. Міне, мұғалімнің жауапты міндеті осы. Ата-аналар да мұғалімнің нұсқаулығын тыңдауы керек. 

Егер бала дүмпуді сезсе, онда қатты қабырға мен есіктің артына қарай тығылу керек. Өйткені ол жер ауыр салмақты көтере алады. Жалпы осындай зілзала кезінде сабыр сақтап, дүрбелеңге бой алдырмай, мұғалімнің немесе басқа да үлкендердің сөзіне құлақ асу қажет.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын!

Өзгелердің жаңалығы