Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша 6 сұрақ қаралды – Күрішбаев

3 Сәуір 2021, 11:27
4310
Бөлісу:
Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша 6 сұрақ қаралды – Күрішбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша жұмыс тобының қараған сұрақтарына тоқталды.

Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысында 6 сұрақ қаралды. Тізім бойынша жұмыс тобы мүшелерінің 30-ы қатысты. Қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің бірі – Жер ресурстарын бақылау бойынша бірыңғай мемлекеттік жүйені құру, - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қазір Ауыл шаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқаратын комитетінде тек қана орталық аппарат қалған. Ол жерде 38 адам жұмыс істейді. Барлық аймақтық Жер инспекциялары 2014 жылы әкімдіктердің құзырына берілген. Яғни әкім өзі жер береді және өзі сол жерді бақылайды. Сондықтан бұл жерде шынында да мәселе бар.

Осыған байланысты бірнеше мәселелер қаралғанын айта кетті.

Бірінші, әкімдіктерден жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан» мемлекеттік жер кадастрын жүргізу функцияларын бере отырып, Жер ресурстарын басқару агенттігін құру. Бұл ұсынысты 27 топтың мүшесі қолдады, 3 әріптесіміз қарсы болды. Айта кететінім, қарсы болған тұлғалар негізі бұл принципке қарсы болған жоқ. Тек қана олар агенттік құрмай, Жер ресурстар басқару комитеті өзінің вертикалін құрып, Ауыл шаруашылық министрілігінің құзырлығында қалу керек деп айтты, - деп түсіндірді ол.

Қатысқан жұмыс тобы мүшелері Жер ресурстарын бақылауға заманауи ғарыштық технологияларды дамыту туралы ұсыныс берді.

Екінші, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның топырақтық-геоботаникалық зертханалар желісін, сондай-ақ, ҚР АШМ-нан «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мекемесін жер ресурстары саласындағы уәкілетті органға беру. Бұл ұсынысты топтың 25 мүшесі қолдап, 5-еуі қарсы болды. Сондай-ақ 2 адам ерекше ұсыныс білдірді, - деп айтты Күрішбаев.

Үшінші сұрақ, жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мөлшерін шектеуге байланысты болды. Бұл да өзекті мәселе. Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті ең жоғарғы өлшемдерін бекіту туралы ҚР Үкіметінің Қаулысын қабылдау ұсынылды. Бұл ұсынысты 30 адам толықтай қолдады.

Төртінші, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болғызбау мақсатында сауда-саттықсыз жер беру кезінде инвестициялық жобаны айқындау тәртібін белгілеу жөніндегі қағидаларды қабылдау. Мұны толығымен топ мүшелері қолдады. 

Бесінші, ауыл шаруашылығы жерлерін тек ҚР азаматтарына жалға беру. Бұл сұрақ күн тәртібінен алынып тасталды. 

Алтыншы мәселе, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбағаны үшін салықты арттыру мәселесі бойынша 2020 жылғы 10 желтоқсанда салық мөлшерлемелерін жиырма еселенген мөлшерде көтеруді көздейтін тиісті заң қабылданды. Сондықтан аталған мәселе Комиссияының қарауынан алынып тасталды.

Бірінші кезекте Жер Кодексінің тек қана мораторийге қатысты мәселелерін қарасақ. Себебі жаңа заң жобасын қабылдауға үлгермей қалуымыз мүмкін, - деп түйіндеді депутат Ақылбек Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы