Жер қойнауын пайдалану. Депутат заңның маңызды өзгерістеріне тоқталып өтті

29 Желтоқсан 2023, 09:49
359
Бөлісу:
Жер қойнауын пайдалану. Депутат заңның маңызды өзгерістеріне тоқталып өтті
Фото: скрин

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды заңға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заңға қатысты пікір білдірді.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің жұмыс тобы дайындаған өте маңызды заңға қол қойды. Ол - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», - деп жазды ол.

Аталған заңның маңызды өзгерістері қандай?

Бірінші. Мұнай-газ саласында кен орындарды барлау, іздеу, дайындау жұмыстарына қатысты бюрократияны азайтып, инвесторға «кабинеттерде» жүретін уақытты 6-8 айға қысқартып, «далада» жұмысты бастауға мүмкіндік беру;

Екінші. «Сарқылған» кен орындарға салықтық жеңілдік жасалып, үнемделген қаржылар кен орынның «өмірін ұзартуға» және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталмақ.

Үшінші. Жер қойнауын пайдаланушылармен жасақталған контракт 10 күн ішінде құзыретті органның ресми сайтында жарияланады.

Төртінші. Ендігі жерде ірі көмірсутегі кен орындары ашылса тіке келісіммен контрактының кемі 50% үлесі міндетті түрде ұлттық компанияға беріледі. Бұл Конституциямыздың 6-бабының 3-тармағында жер және оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халық меншiгiнде. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады деген норманы іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады.

Бесінші. 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша Мемлекеттік комиссияның функцияларын сақтау және Геология комитетіне құзыретті (жеке) тұлға дайындаған ресурстар мен қорларды бағалау есептерін қарауға құқық беру.

Бұл норманы қабылдау өте қиын болды, қарсы топ бұл норманы өткізбеуге күш салды. Өйткені кезінде олигополияның ықпалымен 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясымен қатар KAZRC Кодексі заңнамалық түрде қолданысқа енгізілді. Бұл ретте, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құзыретті (жеке) тұлғаға жер қойнауын сараптауды және пайдалы қазбалардың қорларын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру функцияларын беру арқылы KAZRC Кодексіне толық көшу көзделді, - деп жазды депутат.

Жаңбыршин бұл норма қолданысқа енгенде мемлекет үшін үлкен қауіп бар болғанын айтты.

Егер бұл норма қолданысқа енгенде мемлекет үшін үлкен қауіп бар еді. Өйткені қазба байлығымыздың қорын енді мемлекеттік комиссия емес, жеке құзыретті тұлға (шетелдік азаматтығы бар адамда бола алады) жасаған есептің негізінде анықтауға мүмкіндік жасалды. Бұл қазба байылығымыздың «қаймағын» алып, «кедей» жерлерін пайдаланбай, кен орында қалай болса солай тиімсіз игеріп, оның игерілетін уақытын қысқартып, түсетін салықты азайтып, байлықты кешенді игермей инвесторға тайып тұруға жол ашатын мүмкіндіктер еді. Мәжіліс депутаттары Б. Измұхамбетов, Е. Жаңбыршин және Сенат депутаты С. Лұқпанов Үкіметтің кейбір мүшелерімен қиын да, күрделі келіссөздер жүргізіп, пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияны қалдыру және Геология Комитетіне құзыретті (жеке) тұлға дайындаған ресурстар мен қорларды бағалау есептерін қарауға құқық беру мәселесін қорғап қалды. Геология Комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров өзінің мемлекетшіл позициясын ұстады, ол азаматқа ризамыз! Сенат, Мәжіліс, Президент Әкімшілігі, Үкімет осы мәселеде консенсусқа келіп, олигополияның қарсылығын тойтарып, тағы бір жеңіске қол жеткізді. Геология Комитетінің мәліметтері бойынша, 1991 жылдан бастап қорғасын қоры 23%-ға, мырыш – 32%-ға, мыс – 11%-ға, боксит – 23% - ға, хромит – 23% - ға қысқарды. Басқа да қазба байылықтарымыз сарқылып келеді. Су мәселесі тағы бар. Сондықтан Қазақстан үшін геология сияқты стратегиялық саланы жүйелі дамыту үшін жеке мемлекеттік орган – Геология және жер қойнауын қорғау министрлігін құру орынды болып көрінеді, оның негізгі міндеті минералдық-шикізат базасын толықтыруды қамтамасыз ету және оны озық дамыту, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы