Жер астындағы жылыжай: жас агроном гүл өсіруде

28 Наурыз 2025, 08:10
510
Бөлісу:
Жер астындағы жылыжай: жас агроном гүл өсіруде
Фото: жеке мұрағатынан

"Ауыл аманаты" жобасы жерге – береке, елге ырыс беруде. Өйткені бұл жоба іске асқалы ауылдықтар өз кәсібін ашып жатыр. Оның ішінде аймақтарда ашылып жатқан жаңа бизнес нысандарды да айта кеткен жөн. Солардың бірі – Жамбыл облысына қарасты Айшабибі ауылының тұрғыны Диар Бекисламмен BAQ.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Диар алысқа бармай, ауласынан-ақ жертөле қазып, жылыжай соқты. Ал жылыжайда бір жылдық гүлдер егіледі.

Жер астындағы жылыжай: жас агроном гүл өсіруде

Диар өткен жылы "Ауыл аманаты" жобасы бойынша 9 млн 830 мың теңге жеңілдетілген несие алды. Отбасылық агрономдарға жылыжайға гүс өсіру ойы еш қиынға соқпады. Өйткені, кәсіпкердің әкесі облысты гүлмен қамтыған "Жасұлан" компаниясында жұмыс істеген. Өзі де әке жолын қуып, ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын жетік меңгерді. Сөйтіп, білген ісін кәсіпке айналдыру үшін жобаға қатысты. Жылыжайды соғудан бастап басы-қасында жүрген азамат барлық қиындықтардан өтті. Өйткені жылыжай жер астында орналасқан. Оның себебін сұрап едік, агроном тиімділігін тереңірек түсіндіре кетті.

Агроном болғандықтан, өзімізге мақсат қойдық. Жылыжай соғамыз деп. Оның ішінде қияр, қызанақтан бөлек облыста жоқ дүниені еккіміз келді. Сондықтан осы гүлдерді таңдадық. Ойымызды мемлекеттік "Ауыл аманаты" жобасының қолдауымен жүзеге асырдық. 2,5 пайыз жеңілдетілген несие алдық. Несиеге 9 млн теңге берілсе, жылыжайдың жалпы шығыны 17 млн теңгені құрады. Бұл жылыжайдың ерекшелігі жер астында орналасқан. 2 метр тереңдіктегі жерді термо жылыжай деп атаймыз. Бұл Жамбыл облысындағы ерекше жобалардың бірі болып табылады. Қалыпты жылыжайдан айырмашгылығы, жер астында жылуды жақсы ұстайды. Біріншіден жылу қуатын үнемдеу болады. Екіншіден ауылда жел жиі болғандықтан, жылыжай қирап, бүлігіңп кетпейді. Яғни қауіпсіз жерде орналасқан.

Алты соттық жерді алып жатқан жылыжайда газания, петуния, бархат, лалагүл сынды гүлдердің сан алуан түрі бар. Оларды 2-3 ай баптап, өсірген кәсіпкер ерекше өсімдік жергілікті жердің климатына толықтай бейімделіп үлгерді, дейді. Жылыжай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Айшабибілік азамат 1 сәуірден бастап, алғашқы өнімін сауда орындарына өткізбек ниетте. Бірінші өнімге сұраныс артса, жаңа гүлдер әкелуді де жоспарлап отыр.

Отбасымызбен ұзақ ойланып, жергілікті нарықты зерттеп, біздің өңірде гүл өсіру бағыты олқы екенін түсіндік. Содан қандай гүл өсіру керектігін қарастырдық. Ақыры гүлзарларға тоқталдық. Біріншіден, облыста мұндай гүлдер көп өсірілмейді, екіншіден, ол соншалықты кірпияз өсімдік емес, сондықтан оған асқан ерекше күтім қажет деп қиналмаймыз. Дегенмен оны жылыжайда өсіру үшін бірқатар жағдайлар жасау керек. Алдымен, суару жүйесін реттеу керек, жылыжай температурасы +10, +15 градустан төмен болмауы тиіс. Топырақтың сапасы мен тыңайтқыштарына көп көңіл бөлу керек, – деді Диар Бекислам.

Жас кәсіпкердің алдағы арманы, ол өзінің жеке гүл сататын дүкенін ашқысы келеді. Ол үшін мемлекеттен тағы да қолдау болса деген ойын жеткізді.

Гүл өсіру өте қиын жұмыс. Бұны да балапан сияқты баптайсың. Күнделікті екі адам гүл жайқалып шыққанша, шықпай қарап жүруі қажет. Жоба, әрине, ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Дейтұрғанмен, енді біз өнімді қай жаққа өткеруді білмей отырмыз. Аудан орталығын, қала көшелерін әрлеуге бір жылдық гүлдер егіледі. Сол жерге сырттан емес, өзіміздің облыстағы өнімдерді алса деген ниеттеміз. Сонда сұраныс артады, келесі жылға да гүл өсіруді жалғастыра береміз. Әзірге орталық базарға нарықтағы бағамен сатамыз деп отырмыз. Бұл алдағы бір аптадағы әрекетіміз. Ал сұраныс болса, қуанамыз.

Жалпы "Ауыл аманаты" жобасы Жамбыл облысында ашылған қанатқақты жоба. Үш жылда өз нәтижесін беріп, барлық өңірлерде жүзеге асты. Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновты жоба бойынша басқа қандай кәсіпкерлік нысандары ашылғанын сұрап, әңгімеге тарттық.

"Ауыл аманаты" жобасы бойынша 2019-2023 жылдары ауданға қарасты 6 ауылдық округте жоба іске асырылды. 2024 жылдан бастап, барлық ауылдық округ тұрғындары бағдарлама қатысуға мүмкіндік алды. Соңғы екі жылда 106 жоба ұсынылды. Оның 32-сі ауыл шаруашылығы, 72-сі кәсіпкерлік бағытында. Жоба аясында ауданда ауласында ашылған жылыжай кешендерінің саны артқан. Сонымен қатар тігін цехы, сұлулық салоны, жиһаз цехы, тіс емханасы және басқа бағыттағы жобаларға несиелер берілген. "Ауыл аманаты" мемлекеттік бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді. Аталған бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылған. Ауыл-аймақ тұрғындарын тиімді бағдарламаға қатысуға шақырамын. Өйткені, біріншіден, 2,5 пайызбен несиені не банктер, не микроқаржылық ұйымдар бермейді. Екіншіден, банктер ауылда қаржылай несие бермейді, себебі онда кепілдікке беретін ештеңе жоқ деп есептейді. Тіпті олар несие берген күннің өзінде 0,4 коэффициентпен береді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасына 0,7 коэффициентпен несие беру қарастырылған. Мәселен, несие алушының кепілдіктегі үйі бір миллион теңгеге бағаланса, 700 мың теңге беріледі. Ал банктер баспананы бір миллион теңгеге бағаласа, 400 мың теңге ұсынады. Жобаның осындай ұтымды жері бар, – дейді Бауыржан Тоқтасынов.

Айта кетейік, жоба бойынша өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту, басқа бағыттағы бизнес жобаларға беріледі. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін болса, мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімді құрайды. шағын несиенің ең жоғарғы сомасы - ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни 9 млн 837 мың теңгені құрайды. Жобаға қатысу үшін несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиііс, басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы маңызды. Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауына да басымдық беріледі. 18 жастан зейнет жасына дейін тұрғындар жылжымайтын мүлікті кепіл ретін қоя отырып, мемлекеттік игіліктің шарапатын көре алады. Ал ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті қаражат алатын болсаңыз, жер телімі, қораның болуы маңызды рөл атқаратынын да ескере кеткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы