Бүгін Шымкент қаласында ТЖ министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдары, қаланың азаматтық қорғау қызметтері, №35748, 6506, 10216 әскери бөлімдерінің, ТЖ департаментінің күштері мен құралдары қатысты.
Шартты түрдегі табиғи апатқа байланысты жедел штаб құрылып, оның жұмысына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жетекшілік етті.
Қала аумағында сағат 10.00-де қалалық құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Негізгі оқу-жаттығу Қаратау ауданы Нұртас шағынауданындағы «Аман» тұрғын үй кешенінде өтті. Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне шартты түрде қуаттылығы 7 балдық жер сілкінісі болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Дер кезінде тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару және өртті сөндіру, адамдарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы 100 адам эвакуацияланып, зардап шеккен 10 адамға медициналық көмек көрсетілді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары жалпықалалық сейсмикалық жаттығу аясында №129 эвакуациялық жинау пунктінде (№130 жалпы орта мектебі) зардап шеккен және үйсіз қалған тұрғындарды қабылдау бойынша практикалық іс-шаралармен танысты. Сонымен қатар, Қуаныш Жұмабекұлы Асар шағынауданында орналасқан шатырлы қалашықта болып, ондағы оқу-жаттығудың барысын аралап көрді. Мұнда қаладан эвакуацияланған тұрғындар шатырларға орналастырылып, қажетті барлық көмек түрлері ұсынылды.
Практикалық іс-шаралар бір мезетте қаланың бес ауданында жүргізілді. Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелерде сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Жалпы шаһарда бұл бағытта 11 іс-шара бекітілген. Қала әкімінің бірінші орынбасары шатырлы қалашықта жедел штабтың отырысын өткізіп, сейсмикалық оқу-жаттығуды пысықтады.
Айта кетсек, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу Шымкент қаласында 11-12 қыркүйек аралығына жоспарланған. Ертең де қаладағы бірқатар нысандарда практикалық іс-шаралар өтеді.