ЖЭО-дағы апат. Тоқаев 4 облыстың әкімдерінен халықты тез арада жылумен қамтуды талап етті

11 Желтоқсан 2023, 13:01
902
Бөлісу:
ЖЭО-дағы апат. Тоқаев 4 облыстың әкімдерінен халықты тез арада жылумен қамтуды талап етті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы өңірлердің әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді. Президент апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті, - делінген хабарламада.

Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы айтылды.

 Үкімет басшылығы еліміздегі тозығы жеткен энергетикалық инфрақұрылымдағы бұзылу жағдайларын қоспағанда, жалпы ахуал бақылауда екенін мәлімдеді.

Апаттық жағдайларға жол бермеу шаралары қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыстардың әкімдеріне жеке-жеке жауапкершілік жүктеді.

Еске салсақ, соңғы аптада еліміздің бірқатар өңірінде жылумен және сумен қамтуда апаттық жағдайлар орын алып, мәселелер туындады. 

Мәселен кеше Теміртауда ҚарГРЭС-1-дегі багерлік сорғының авариялық сөнуі салдарынан станцияның қазандық агрегаттары резервтік отынға (мазут) ауыстырылған болатын. Бұл жайтқа қатысты Жедел штаб құрылды. Бүгінде Ескі қала үйлеріндегі температура кестесі қалпына келтірілді.

Сонымен қатар 10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да күл құбырында ақау анықталды. Салдарынан су жылыту цехының қазандығы уақытша мазутпен жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Бұдан бөлек 9 желтоқсан күні сағат 23:30-да «Атырау облысы су арнасы» КМК Жайық өзенінде қабыршақ мұз пайда болып, өзеннің қозғалыс жылдамдығы төмендеуіне байланысты Атырау қаласының су тазарту қондырғысына су беруді тоқтатты. Салдарынан қаланың бірқатар ауданы сусыз қалды.

Ал 7 желтоқсанда Ақмола облысының Степногорск қаласында қаланың орамішілік Жылу трассасында апатты жағдай орын алды. Салдарынан бірнеше көпқабатты үйлерге жылу беру тоқтатылды.

Өзгелердің жаңалығы