Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын

9 Мамыр 2021, 11:00
5934
Бөлісу:
Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 60 млн-нан аса адам опат болған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жыл толып отыр. Бұл адамзат тарихындағы зұлматты соғыстың бірі. Қазақстанның да бұл соғыста көтерген жүгі ауыр болды.

Қазақстанда бүгінгі күні 600-ден аса Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері қалды. Қазіргі күні елімізде осынау жауынгерлердің құқығын қорғап, қолдау көрсетіп жүрген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп келеді. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев әңгіме кезінде ұйымның құрылғанына 35 жылға жуықтағанын айтты.

Өмірзақ Озғанбаев ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақстанның тұңғыш сенаторы, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы, ҚР Ұлттық білім академиясының президенті, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасы. Сондай-ақ Түрікменстан, Қазақстан, Кеңестер Одағының білім беру саласының үздігі, білім беру саласының құрметті қызметкері, академик, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. Профессор Өмірзақ Озғанбаевтың ел алдындағы еңбегі Отанымыздың «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, ТМД елдерінің «Содружество» орденімен, Дүниежүзілік халықаралық қауымдастығының құрметті атағы «Элита нации» және еліміздің, халықаралық қауымдастықтың басқа да жоғары наградаларымен марапатталған.

Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын


 

«Ардагерлер ұйымы» немен айналысады?

«Ардагерлер ұйымының» құрылғанына 35 жылға таяп қалды. Бұл ұйым алғаш Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлерді қорғау үшін, олардың құқықтарын, мүмкіндіктерін сақтау және оған қоғамның назарын бұру мақсатында құрылған. Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» өте ірі ұйымға айналды. Қазіргі күні ұйымның құрамына 2 млн-нан астам мүше кіреді. Оның қатарында республикалық, облыстық, аудан, қала мен бастауыш ұйымдары бар, - дейді Өмірзақ Озғанбаев. 

Тарихшы атап өткендей, «Ардагерлер ұйымы» республикадағы мүшесі ең көп ұйымның біріне айналып отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ұйымның 30 жылдық мерейтойын атап өттік. 30 жылдың ішінде оның саны да өсті, атқаратын жұмыстарының ауқымы да кеңейді. Енді ұйым Ұлы Жеңістің 76 жылдығын тойлаудың қарсаңында отыр. Еліміздегі қалыптасқан жағдай бәрімізге белгілі. Пандемия, карантин жағдайлары кең көлемді, ауқымды жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік бермеді. Аурудан халқымызды сақтау керек. Сол себепті түрлі басқосулар, жиындар өткізілмей келеді. Эпидемиологиялық-санитарлық талаптарды ескеріп, арақашықтықты, маска режимін сақтап қана шаралар өткізіп жатырмыз. Пандемия аяқталған соң съезд өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ аудан, қалаларда жеке бастауыш ұйымдар эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, біраз шаралар ұйымдастырып жатыр. Әсіресе интернет арқылы байланысып, өткізіліп жатқан жұмыстардың есебін алып отырамыз, - деді ол. 

Озғанбаевтың сөзінше, қазір енді мерекенің қарсаңында халықтың, ардагерлердің өздерінің шығармашылығына байланысты көптеген шара жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Есіл толқындары», «Есіл мен Нұра», «Ақбұлақ», «Арқа әуендері» ансамблдері халықтың арасында қолдау тауып, жақсы бағаға ие болды.

Жеңіс-76: Қолына қару ұстайтын азаматтың барлығы майданға кетті

Алапат қырғын соғыстың аяқталғанына да 76 жыл толды. Бұл адамзат тарихындағы соншама қырғын, көп қан төгілген соғыс болды.

Екінші дүниежүзілік соғыста 60 млн-нан аса адам опат болды. Ал Кеңестер Одағынан 27 млн-нан астам адам қырылды деп айтылып келеді. Қазақстанның да осы соғыстағы көтерген жүгі, салмағы өте ауыр болды. Еліміздің 1,2 млн адамы соғысқа шақырылды. Майданда жаумен алысып, ерліктің үлгілерін көрсетті. Сонымен қатар батыс өлкелерінде немістердің қарауында қалып қойған өңірлерден көшірілген зауыттар, фабрикалар, кәсіпорындар Қазақстанға ауыстырылып, тез арада оларды жұмысқа қосып, соғыстың қажеттілігіне жұмыс жасай бастады. Нәтижесінде Қазақстанның жалпы халқының 25 пайызы сол кезде соғыстың не болмаса қорғаныс жұмыстарының бағытында жұмыс жасады. Ал бұл мәселенің қаншалықты көп не аздығын салыстыру үшін соғысты бастаған Германия халқының тек 12-14 пайызы ғана осындай жұмыстарға жұмылдырылды. Сондықтан, Кеңестер Одағының, оның ішінде Қазақстанның бұл соғыста көрген қиындығы өте алапат, көп болды, - деп атап өтті тарихшы. 

Қолына қару ұстайтын азаматтың барлығы майданға кетті. Елдегі барлық шаруашылықтың ауыртпалығы еңкейген қариялардың, ауылдағы әйелдердің иығына түсті.

Сол кезде колхоздың малының соңында жүрген аналарымыз кешке келіп, үйдегі керосин шамның жарығымен жылы киім тоқып, тігіп, оларды майданға аттандырып, жіберіп отырды. Ол кездегі шаруаның «Бәрі майдан үшін! Бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмылдырылған болатын. Сөйтіп осындай қиын кездерден жас ұрпақтың өзі балалық балғын шағын жоғалтып алды. Қазір соғыс жүріп өткен көптеген өлкеде, атап айтқанда, Украина, Беларусь, Ресейде «Соғыс балалары» деген атаулар бар. Сондықтан бұл адамзаттың жадында ұзақ сақталатын соғыс болды, - деді ол. 

Жеңіс солдаттары - халқымыздың мақтанышы

«Соғыстың ең соңғы жауынгерін халықтың қолдауымен бақилық сапарға аттандырып салғанда ғана соғысты бітті деп есептеуге болады» деген осындай халықта ұғым бар. Соғыс біткенде 600 мыңнан астам қазақстандық елге оралған еді. Ал 700 мыңдай қазақстандық жауынгер майдан даласында елдің бостандығы үшін, сол кездегі үлкен Отанның бірлігі, амандығы үшін отқа түсті.

От пен оқтың, өлім мен өмірдің ортасынан елге 600 мыңға жуық азамат қайта оралды. Бұл күнде 600 мыңдай азаматтың 600-дейі ғана қалды. Бұл қалған азаматтардың көбі төсекке таңылған, ауру, денсаулығы жоқ. Баяғы майдандағы мұз төсеніп, қар жастанған қиыншылықтың небір түрін көрген ескі жара бұл күнде әбден білдіртіп, сол адамдардың денсаулығына зиян келтіріп тұр. Сондықтан қалған 600-дей Жеңіс солдаттары - бүкіл халқымыздың мақтанышы. Бүкіл ел болып осы азаматтарға жақсылық жасау, көңілдерін көтеру, моральдық-материалдық қолдау көрсету – үлкен мәні бар шара, - деп атап өтті Өмірзақ Озғанбаев. 

Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын


 

Ардагерлерге көмек көрсетіліп жатыр

Тарихшы атап өткендей, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында қолына қару алып, елдің тәуелсіздігін қорғаған жауынгерді Қазақстан үкіметі бағалап, қолдау көрсетіп отыр.

Жергілікті билік өздерінің мүмкіндігіне қарай көмек көрсетіп келеді. Қазір республикада Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әрбір жауынгерге орташа есеппен 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіліп жатыр. Бұл - тек қана билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек. Одан бөлек, елдің мырза, шүлен, қолы ашық азаматтары, кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп жатыр. Ол көмектің де түрлері көп. Мысалы, азық-түлік қалталарын таратып, ақсақалдардың үйлеріне кіріп-шығып, аналарымызды құттықтап, жандарынан табылып, жағдайларын сұрап жатыр, - деді Озғанбаев. 

Сонымен бірге елімізде сол жылдары тылда еңбек еткен 120 мыңдай азамат қалды. Тылда еңбек еткен азаматтарды да билік ұмытпай, қаржылай көмек беріп жатыр. Елдің ықыласы шынайы. Елін қорғаған азаматтарды ел еш уақытта ұмытпайды.

Ардагерлерге керегі – моральдық қолдау

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерде үй мәселесі толығымен шешілген. Қазір ауылды жерде тұратын ардагерлерге отын, малға жем, шөптеріне жергілікті азаматтар көмектесіп жатыр. Ардагерлерге керек дүние – бұл моральдық қолдау мәселесі. Яғни облыстың басшылары, мекемелер басшылары ардагерлердің үйлеріне барып, жақсы, жылы сөздерімен бөлісіп, назарларын аударып, көңіл бөлініп жатыр. Әрине, бұл азаматтардың көрген қиындығы қандай көмек көрсетсек те, соның бәріне тұратын, лайықты жұмыс, - деді профессор. 

Елдің тәуелсіздігін, елдігін қорғап қалу – мәні бар патриоттық жұмыс.

Бүгінгі күні ардагерлермен, тыл ардагерлерімен жұмыстың бір саласы жастар тәрбиесіне арналады. Өсіп келе жатқан жастар отанын сүйетін, өз елінің патриоты болып қалыптасуы керек. Осындай тәрбие жұмысын жүргізуде ардагерлердің атқаратын рөлі ерекше. Оқты көрген, соғысты көрген, небір қиындықты бастан өткерген азаматтардың айтатын әңгімесі өте әсерлі болып шығады, - деп түсіндірді «Ардагерлер ұйымының» өкілі. 

Әңгіме арасында Өмірзақ атамыз болған оқиғалармен бөлісіп отырды.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Маңғыстау облысының 25 азаматы автобуспен Беларуське барып қайтты. Мозырь қаласында Кеңестер Одағының батыры Жұмағали Қалдығараев деген жас жігіт қайтыс болған екен. Сол кезде ол небәрі 22 жаста болған. 22 жастағы қазіргі жігіттер не бітіріп жатыр?.. Салыстырып қарасақ, Ж. Қалдығараев 22 жасында Днепр өзенінен өту кезінде керемет ерлік көрсеткен. Жаудың оғы жаңбыр сияқты төгіліп тұр. Арғы жағадан прожектор әр қозғалысты бақылап, оның бәрін байқап тұр. Ж. Қалдығараев сол қалың оқтың астынан өтіп, арғы жағада немістер жатқан окоптарға түсіп, сол жердегі немістерді қырып, жағаны босатқан, - деп бөлісті ол. 

Оны беларусьтер тас мүсін, яғни бюст қойып, ардақтаған. Мозырь қаласының орталағында Кеңестер Одағының 9 батырына белгі қойған. Соның біреуі – Жұмағали Қалдығараев отандасымыз.

Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын


 

Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын

Қазіргі күні жүргізіліп жатқан шара көп. Олардың бір бөлігі – соғыста хабар-ошарсыз кеткен аталарын, әкелерін, тумаластарын іздеп жүрген бүгінгі замандастарымыз. Сондай адамның бірі – мен. Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын. Жауынгер әкем туралы, оның бет-бейнесі туралы ешқандай хабарым жоқ. Себебі қырқымнан шыққаннан кейін әкем майданға кеткен, - дейді тарихшы Өмірзақ Озғанбаев. 

Оның сөзінше, алғашында әкесінен 1-2 хат келген. Бірақ содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. 

Соғыстың кезінде қиямет-қайым шабуылдар болған. Сондай шабуылдардың біреуі – Қалмақ даласында орын алған. Қалмақ даласында соғысып жүрген жауынгерге жасырынатын бір тал ағаш жоқ. Теп-тегіс жатқан дала. Тағы бір кемшілік – соғысқа қатысқан адамның әрқайсынының қолында мылтық болмаған. 4-5 адамға бір мылтық берілген. Мылтықсыз қалған адам «біз қайтеміз? деп сұраса, қолдарыңдағы жоқ қаруды майданнан тауып аласыңдар» деп шығарып салған. Менің әкем Қалмақ даласынан кейін Сталинградтың шайқасына тап болған. Кейін Харьковтің түбіне барған. Харьков қолдан-қолға үш рет ауысып тұрған. Бірде немістер, бірде кеңестер болып. Сол арада алапат соғыс, сау, снаряд пен бомба түспеген жер жоқ, адамдардың өліп кеткен, ұшып жатқан топырақтың астында қалып жатқан адамдар хабар-ошарсыз кеткен, - деп еске алды ол. 

Хабар-ошарсыз кеткен әкесінің аты-жөні Озғанбай Шопанов 1915 жылы дүниеге келген.

Озғанбаев айтқандай, соғыс жылдары көп адам хабар-ошарсыз кеткен.

Мен әкемді іздеп Москваның түбіндегі Подольскдегі архивтен, соғыс қимылдары болған Беларусь, Украина, Молдова және т.б. елдерден іздеп, осы уақытқа дейін еш хабарын таба алмадым. Кейде ауылға аман-есен келіп, бала-шағаның, туған-туыстың ортасында Алланың ақ жолымен ақ өлімге кетіп, ел халқы қошеметтеп шығарып салып, оның басына барып, Құранын оқып, қошеметтеп отыратын адамдарда арман бар ма екен деп ойлаймыз. Сондықтан мен сияқты әке-шешесінен хабар-ошарсыз кеткен көптеген азамат бар. Олар әлі күнге дейін іздеу үстінде. Елде іздеушілердің белгілі топтары бар. Олармен де байланысып тұрамыз, - деді тарихшы. 

Сөз арасында профессор қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесіне де тоқталып өтті.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бір үлкен шаруаны бастады. Жазықсыз жапалы болған, қуғын-сүргін көрген, атылған, асылған азаматтарды, орынсыз жазалы болғандарды ақтау туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықты іске асыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мен де сол комиссияның мүшесімін. Бұл оқиғалар 20-сыншы, 30-ыншы, 37-інші жылдардағы жағдайлар мен 1941-1945 жылдардағы соғыста көптеген азамат тұтқынға түсіп, небір қиындықты көрген. Елге келгеннен кейін олар тағы да қуғындалған, айдалған. Енді осындай азаматтардың белгілі бір дәрежеде елге, Отанға қызметі сіңген, бірақ орынсыз жаза көрген жазықсыз адамдарды ақтау туралы жұмыс қолға алынып отыр. Сондықтан бұл салада да ескерілетін көптеген шаруа бар, - деді ол. 

Сұхбат кезінде ол болған оқиғаны еске алып, оның мәнін түсіндіріп өтті.

Әңгіме Әлім Алмат деген азамат туралы. Ол соғысқа дейін Ташкенттің, Алматының музыкалық училищесінде оқыған екен. Соғыс басталғаннан кейін бұл кісіні де майданға алып кетеді. Соғыста жүріп 540-қа жуық адам жаудың тұтқынына түседі. Соның ішінде Әлім Алмат та болады. Әлім Алматтың бір ерекшелігі – ол музыкаға бар жан-тәнімен берілгендігінде. Ол өзінің скрипкасын тастамай, өзімен бірге алып жүрген. Немістің жеріндегі үлкен концлагерьге қамаған кезде кешке қарай скрипкасын тартып отырған. Ойналып отырған скрипканың үніне елткен концлагерьдің басшысының да музыкадан хабары болған екен. Ол Әлімнен қай жерден біліп алғанын, шығармаларды қайдан үйренгенін сұрап, концлагерьдің басшысы ретінде өнерлі адамға жаны ашып, оған тамақтың дұрыстау бөлігінің берілуін және жұмысқа да белгілі мақсатта пайдалану туралы тапсырма беріп, осы азаматты өзіне жақын тұтып, қарауына алған екен. Сөйтіп жүріп Алмат Мұстафа Шоқайдың әйелі Марияға хат жазады. Мария бұл кісіге араша түсіп, өнерлі адам екенін ескеріп, концлагерьден шығып, білім алуына жағдай жасалады, - деді Өмірзақ Озғанбаев. 

Ол алғаш училищені Берлинде (Германия) бітіріп, кейін Париждегі (Франция) консерваторияға түседі. Сөйтіп жүріп 1957 жылы Стамбулға келеді. Кейін татардың қызына үйленіп, бала-шағалы болады.

Содан «Мен тұтқынға түскен адаммын, елімді, туған жерімді аңсаймын. Менің туған жерім Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы. Туған жерімді сағынып жүрмін, отаныма оралғым келеді» деп 3 рет арыз жіберген. Ол кездегі тәртіп бойынша бізде тұтқын жоқ. Бізде тұтқын дегеннің барлығы Отанын сатқандар деген Сталиннің бір ауыз сөзі талай тағдырына тосқауыл болды. Сөйтіп ол елге келе алмай, 101 жасында жылай-жылай, өкси-өкси, туған жерін сағынумен шетелде жүріп қайтыс болған екен. Бұл жалғыз ғана мысал емес, мұндай жағдайлар көп болған. Талай адам, өмірін өксікпен өткізіп, отанына жете алмай, алыс мемлекеттерде жүріп өлім құшқан. Сондықтан бұл соғыстың зардабы жазылды деп айту қиын. Соғыстың зардабы, соғыстан алған жара әлі толық жазылған жоқ. Оның себебі әрбір шаңырақта атасын жоғалтқан, әкесін жоғалтқан осындай азаматтар мүмкіндігі бар кезде іздеумен уақыттарын өткізіп жатқандар бар, - дейді тарихшы. 

Жеңіс-76: Мен де хабарсыз кеткен солдаттың баласымын


 

Сөз соңында профессор, тарихшы Өмірзақ Озғанбаев ақ батасын беріп, елге, халыққа тілегін айтты.

Қасиетті қазақтың жерінде бейбітшілік болғай, Алла Тағала, өсіп келе жатқан қазақтың жастары бейбітшіліктің қадірін біліп, сыйын біліп, туған жеріне, еліне қызмет жасағай. Осы байтақ жерде, қазақ елінде мәңгі тіршілік, жайлы өмір болып, өмір барлық қырымен жарқырап көріне бергей деп тілек айтамын. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін Жеңістің 76 жылдығымен құттықтап, денсаулықтарының мықты, берік болуын тілеймін, - деп түйіндеді ол өз сөзін. 


 

 

Өзгелердің жаңалығы