Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Екінші дүниежүзілік соғысқа Қарағанды облысынан 45 мыңға жуық жауынгер қатысқан. Майдан алаңынан 18 мыңға тарта жауынгер қайтып оралмады. Бүгінде аймақта 64 соғыс ардагері тұрады.
Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты 9 мамыр Жеңіс мерекесіне орай жоспарланған шараларды онлайн режимде өткізу жайлы шешім қабылданған болатын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Мәңгілік полк" шеруі биыл интернет желісінде "Ер есімі – ел есінде" деген атаумен кең ауқымда аталып өтті. Аймақтық порталдар мен сайттардың алаңдарында сәуір айынан бастап майданда шайқасқан жауынгерлердің және тылда еңбек еткен ардагерлердің фотосуреттері мен өмірбаяндары орналастырылды.
Менің әкем Мағзұм Айтбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласында ауыр жараланды. Ол 1942 жылы 3-дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталған. Соғыстан елге аман-есен оралып, үйленіп, жеті баланың әкесі атанды. Соғыстан кейінгі жылдары Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының қаржы бөлімінде аға есепші болып қызмет жасады. 1970 жылы 49 жасында қайтыс болды. Әкеміз өмірден өткенде ең кенжеміз 3 жасқа да толмаған еді. Мен 9 жаста болдым. Әкемнің бейнесі есімде еміс-еміс қалды. Оның отанымызды қорғағанын мақтан тұтушы едім, әкемді батыр сезіндім. Әкеміз біздің ер жетіп, азамат болғанымызды көрмеді, немере, шөберелерін маңдайын сүймеді. Дегенменде, бізге осындай бақытты өмір сыйлады. Биыл әкеміздің өмірден өткеніне 50 жыл толды. Ол біздің әрқашан жүрегімізде. Отан үшін отқа түсіп, елі үшін майдан даласында шайқасқан ерлігі үшін онымен мақтанамыз, - дейді жауынгердің қызы Баян Айтбаева.
Бүгінге дейін жинақталған интернет-жобадан 4500-ге тарта жауынгер мен тыл еңбеккерінің суретін көруге болады. Сонымен қатар, қаланың барлық LED экрандарынан соғыс ардагерлерінің фотосуреттері жинақталған бейнероликтер көрсетілуде.
Жыл сайын "Мәңгілік полк" шеруіне қатысатын едік. Биылғы жылы "Ер есімі - ел есінде" атты виртуалды "мәңгілік полк" шеруіне нағашы атам Нұртаза Шалтабайдың суреті мен қысқаша өмірбаянын салдық. Атам атқыштар полкінің қатардағы жауынгері болған. Ол 1906 жылы өмірге келіп, 1991 жылы дүниеден өтті. Нағашы атамның соғысқа қатысып, жеңісті жақындатуға қосқан үлесін үнемі мақтанышпен айтамыз, - дейді қала тұрғыны Гүлбахрам Жақышева.
Жеңістің 75 жылдығына орай Қарағанды орталығындағы "Мәңгілік алау" мемориалдық ескерткішіне Кеңес Одағының батырларының есімдері жазылған 14 тақтайша орнатылды.