Жеңілістен көз ашпай жүрген Қазақстанды алда не күтіп тұр

17 Қараша 2020, 10:30
1942
Бөлісу:
Жеңілістен көз ашпай жүрген Қазақстанды алда не күтіп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан құрамасында нәтиже тұрмақ, ойын да жоқ. Билек шәкірттері тек ұпай таратудан басқаны білмейтін болды. Бұл жолы Ұлттар лигасында Албанияға есе жібердік.

Сегіз футболшының жоқтығы

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Ұлттар лигасының соңғы ойындары қарсаңында құрамаға шақырылған 8 ойыншы жиынға келе алмады. Әрқайсысының себебі әртүрлі.

Команда капитаны Бауыржан Исламхан допинг-тесттен өтпей қалған. Азия Чемпиондар лигасының ойынынан кейін футболшының тапсырған допинг-сынағында тыйым салынған препарат табылған. Бауыржанның уақытша ресми ойындарға қатыспайтыны белгілі болды.

Дәл қазіргі таңда Ресейдегі Қазақстанның үздік ойыншысы Бактиер Зайнутдинов ЦСКА мен «Ростов» кездесуінде есінен танып қалған болатын. Сондықтан Мәскеу клубының дәрігерлері футболшыны ұлттық құраманың ойындарына жібермеді.

Жеңілістен көз ашпай жүрген Қазақстанды алда не күтіп тұр

Ал «Тобыл» клубының сапындағы үш ойыншының жарақаттарына байланысты көмектесе алмауы көпшіліктің күмәнін туғызды. Яғни әңгіме Серікжан Мұжықов, Темірлан Ерланов, Сергей Малый туралы болып отыр. Үшеуі де ұлттық құраманың жиындарынан екі күн бұрын «Қызыл-Жармен» кездесуде алаңға шыққан. Бәлкім «Тобыл» бапкері Григорий Бабаян чемпионаттың қалған ойындарын ойлап, футболшыларын жібермей қалған болар. Коронавирус жұқтырды деп Беларусь елінен Владислав Васильев келе алмады. «Қайсардың» вице-капитаны Думан Нәрзілдаевтың да жарақаты бар болып шықты. Сол себепті Билек бапкер қосалқы тізімнен орталық алаңда ойнайтын жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Юрий Перцух, шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбайды шақырды.

Черногориядағы тең ойын

Албаниямен кездеспес бұрын жерлестеріміз Черногориямен сырт алаңда жолдастық матч өткізді. Бұл ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.

Черногория – Қазақстан – 0:0

Черногория: Даниел Петкович, Саша Балич, Милош Милович (Марко Симич, 22), Александр Софранац, Момчило Распопович, Лука Миркович (Бранислав Янкович, 77), Милош Райчкович, Никола Вуйчинович (Стеван Йоветич, 56), Владимир Йовович (Милутин Осмайич 56), Александр Больевич (Анделко Йованович, 77), Фатос Бечирай (К) (Дино Исламович, 56);

Қазақстан: Дмитрий Непогодов, Абзал Бейсебеков, Олжас Керімжанов, Юрий Логвиненко (Александр Марочкин, 74), Аслан Дарабаев (Юрий Перцух, 61), Исламбек Қуат (К), Максим Федин, Тимур Досмағамбетов, Марат Быстров (Ян Вороговский, 61), Тохтар Жаңғылышбай (Алексей Щеткин, 61), Сергей Хижниченко (Айбол Әбікен, 85);

Тиранада тауымыз шағылды

Араға 4 күн салып, Қазақстан Тиранада Албаниямен жолықты. Бас бапкер әдеттегідей үш қорғаушыны шығарса да, қақпамызға үш гол кірді. Бір-біріне жағаласып, үш қорғаушымен қалай дұрыс ойнау керектігін де меңгермеген. Шабуыл шебі де жетістірген жоқ. Әйтеуір Айбол Әбікеннің ортадан соққан голы ғана көңілімізге жұбаныш болды демесек, басқа ештеңе жоқ...

Матчқа қысқаша тоқталатын болсақ, ойынның 10-секундында Олжас Керімжанов сары қағаз алып, Ұлттар лигасы мен ұлттық құраманың рекордын орнатты. Тіпті бұрынғы «Челси» ойыншысы Винни Джонсқа тиесілі әлемдік рекордты бұзуға шақ қалды. Ол ойынның 5-секундында сары қағаз алған екен.

Кездесудегі алғашқы голды 16-минутта Чикаллеши соқты. Араға жеті минут салып қақпашы мен қорғаушылардың қателігін пайдаланған Исмаили екінші голды өз еншісіне жазды. Көп ұзамай Қазақстан құрамасы бұл голға жауап қатты. Айбол Әбікеннің алаң ортасынан тебе салғаны Этрит Беришаның қақпасына кіріп кетті. Дегенмен, 61-минутта Манаи пенальтиді сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлады. Айтпақшы, құраманы алаңға капитан ретінде бастап шыққан Ғафуржан Сүйімбаев 2 метр жерден бос қақпаға гол соға алмады.

Жеңілістен көз ашпай жүрген Қазақстанды алда не күтіп тұр

– Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек ойынға қатысты пікірімен бөлісті.

– Біз 1:3 есебімен жеңіліп, үш голды да стандарттан жіберіп алдық. Екінші таймда Сүйімбаев пен Вороговскийдің мүмкіндігі болды. Егер біз гол соққан болсақ, 2:3 есебінде мүмкіндігіміз болар еді. Албания сапалы футбол көрсетті. Олар жақсы ойнады. Комбинация жасап, жылдам ойнады. Олардың жақсы шабуылшылары бар. Допқа иелік ету жағынан мықты екендерін көрсетті. Бұл өте қиын матч болды. Өкінішке қарай, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмадық. Енді үш күн бойы бабымызға келуге тырысамыз. Содан кейін Литвамен ойнаймыз. Бұл біз үшін өте маңызды матч болады. Біз жеңуіміз керек, – деді Михал Билек.

Албания – Қазақстан – 3:1

Голдар:  Чикалеши, 7(1:0). Исмайли, 23 (2:0). Әбікен, 25 (2:1). Рей Манай, 63 – пенальтиден (3:1).
 
Албания: Этрит Бериша (К),Фредерик Весели, Ардиан Исмайли, Берат Джимсити – Шериф Калаку (Клаус Гьясуля, 54), Амир Абраши, Ледин Мемушай (Линдон Селяхи, 87), Эльседин Хюсай, Соколь Чикалеши (Таулянт Сефери, 86) – Мюрто Узуни (Альби Дока, 67), Рей Манай (Беким Баляй, 86);

Қазақстан: Стас Покатилов, Гафуржан Сүйімбаев (К) (Марат Быстров, 71), Нұрәлі Әліп, Олжас Керімжанов (Максим Федин,  46), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Исламбек Қуат (Аслан Дарабаев, 88), Айбол Әбікен (Асхат Тағыберген, 46), Абзал Бейсебеков, Абат Айымбетов (Сергей Хижниченко, 71), Алексей Щеткин;
Бас төреші: Хавьер Эстрада Фернандес (Испания);

«Эйр Албания Стэдиум», Тирана, Албания.  

Төмен сырғуымыз ықтимал

Ұлттар лигасының аяқталуына бір тур қалды. Қазіргі кезде С дивизионының төртінші тобында Беларусь құрамасы көш бастап тұр (10 ұпай). Одан кейін Албания (8 ұпай) мен Литва (5 ұпай). Ал Қазақстан 4 ұпаймен соңғы орында. Енді Беларусь пен Албания кездесуінде жеңіске жеткені В дивизионына жолдама алады. Қазақстан Алматыда Литвамен кездеседі. Егер осы ойын тең аяқталып немесе Литваның пайдасына шешілсе, Қазақстан соңғы орында қалды. Бірақ  D дивизионына бірден сырғымайды. Қосымша осы дивизионның өзге тобында төртінші орын алған командамен ойнайды. Әзірге бес турдан кейін потенциал қарсыластардан Кипр, Эстония, Молдова бар.

Құрамада даму жоқ

Бірнеше жыл Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен, қазіргі кезде бапкерлік қызметте жүрген Фархадбек Ырысметов айтуынша, ешқандай даму байқалмайды.

Әрине, бірінші кезекте өкініштісі – нәтиже. Жалпы, осы іріктеуде жаман ойнаған жоқпыз. Бірақ топта соңғы орында болуымыз өте ыңғайсыз жағдай. Еліміз үшін, жігіттер үшін де өкінішті жағдай. Бізде қазіргі кезде ойыншыларда таңдауда мүмкіндік бар. Еуропалық деңгейге сай келетін футболшылар өсіп келеді. Алайда нәтиже жоқ. Неге екенін түсіне алмаймын. Құрама ретінде ешқандай прогресс жоқ, – дейді Фархадбек Ырысметов.
Жеңілістен көз ашпай жүрген Қазақстанды алда не күтіп тұр

Ал кезінде «Қайраттың» тасқамал қорғаушыларының бірі болған ардагер футболшы, сарапшы Юсуп Щадиевтің айтуынша, Қазақстан құрамасындағы құлшыныстары жоғары болғанымен, шамалары жетпеді деп отыр.

Бізбен салыстырғанда албандардың деңгейі жоғары.Олардың еуропалық футбол ойнайтыны көрініп тұр. Біз тек жеңіске деген құлшынымыз жағынан ғана олардан қалыс қалмаған болармыз. Қалған аспектілер бойынша қарсылас озық болды. Қорғаныста көп қателік жібердік. Пас беру жағынан да жетісіп тұрған жоқпыз. Мүмкіндікті пайдалануды да білмейміз. Әйтпесе екінші таймда есепті теңестіруге болар еді. Албания құрамасы доппен көбірек қозғалды, біз құр жүгірумен болдық, – дейді Юсуп Щадиев.
Оның айтуынша, Қазақстан чемпионатының деңгейі төмен. Сондықтан осылай болып отыр. Албания құрамасының 90% Еуропа клубтарында ойнайды. 
Біздің футболшылар 3-4 пастан кейін доптан айырылады. Олар бір-біріне 20-25-ке дейін пас беріп жүреді. Құрамада ойнағандардың ішінде Сүйімбаев, Покатилов, Әліптен басқасы өз клубтарында негізгі құрамда емес. Албания техникалық және тактикалық тұрғыда мықты. Әйтпесе, физикалық жағынан біздікілер кем емес. Әуедегі допқа таластың бәрінде жеңілдік. Олар әрбір шабуылды соңына дейін жеткізуге тырысады, біздікі орта жолда үзіліп жатыр. Мұның бәрі Қазақстан чемпионатының деңгейінің төмендігіне байланысты, – дейді футбол сарапшысы.
Өзгелердің жаңалығы