Жеңілдетілген ипотека мен бағаның өсуі: Қазақстанда баспана неге қымбаттап барады

Сарапшылардың айтуынша, қолжетімді ипотека баспана алуға мүмкіндік бергенімен, тұрғын үй бағасының өсуін де жеделдетіп отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
148
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандағы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар азаматтарға баспананы тезірек сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда бұл тетіктер пәтер бағасының өсуіне де әсер етіп жатқан факторлардың біріне айналған. Мұндай пікірді BAQ.KZ тілшісіне Қазақстан риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Нина Лукьяненко айтты.

Оның сөзінше, қолжетімді ипотека құрылыс нарығы жаңа тұрғын үй көлемін арттырып үлгергеннен әлдеқайда жылдам сұраныс қалыптастырады.

Нарыққа бір мезетте қолында қаржысы бар көп сатып алушы шыққанда, ал жаңа тұрғын үй көлемі сол қарқынмен көбеймесе, баға өсе бастайды. Бұл әсіресе сұраныс дәстүрлі түрде жоғары ірі қалаларда анық байқалады, – деді сарапшы.

Лукьяненконың айтуынша, қазір жеңілдетілген ипотека белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана бағытталғандықтан, оның әсері әзірге аса күрделі сипат алған жоқ. Алайда бағдарламалар кеңейетін болса, жағдай күрт өзгеруі мүмкін.

Егер жеңілдетілген шарттарды бәріне қолжетімді етсе, мәмілелер көлемі артады. Ал төлем қабілеті бар сұраныс көбейсе, баға да өсе бастайды, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының бір бөлігі қазірдің өзінде сұранысты жаңа үйлердің салыну қарқынынан жылдам өсіріп отыр. Оның айтуынша, девелопмент әлі де ұзақ әрі шығыны көп процесс болып қала береді.

Оның сөзінше, жер мәселесі, инфрақұрылым тарту, түрлі келісімдер, құрылыс, материалдардың қымбаттауы және жер тапшылығы жаңа тұрғын үйдің тез пайда болуына кедергі келтіреді. Соның салдарынан қолжетімді ипотека көбіне жаңа шаршы метрлерден бұрын сатып алушылар санын көбейтеді.

Нина Лукьяненконың бағалауынша, жеңілдетілген ипотека іске қосылғаннан кейін нарық бағаның өсуімен бірден жауап береді. Адамдар тиімді шарттарды пайдаланып үлгеруге тырысады, бұл өз кезегінде дүрлігуге негізделген сұраныс қалыптастырады.

Сұраныс күрт артқанда, сатылым бөлімдерінде шартты түрде кезек пайда болады. Осыдан кейін сатушылар мен құрылыс компаниялары бағаны көтере бастайды. Әсіресе ұсыныс шектеулі сегменттерде бұл қатты байқалады. Сондықтан арзан ипотеканың бір бөлігі уақыт өте келе баспана бағасының өсуімен “жұтылып” кетеді, – деді сарапшы.

Жеңілдетілген бағдарламалардың негізгі пайдасын кім көретіні туралы айтқан Лукьяненко бастапқы кезеңде ұтатындар – сатып алушылар екенін, алайда ұзақ мерзімде құрылыс саласы да айтарлықтай пайда табатынын атап өтті.

Шын мәнінде, жеңілдетілген ипотека халықты ғана емес, құрылыс саласын және онымен байланысты көптеген бизнесті қолдайтын құралға айналып отыр. Құрылыс секторының жағдайына қарап, жалпы ел экономикасының ахуалын бағалауға болады, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанда баспананың қолжетімділігін шынымен арттыру үшін ипотеканы субсидиялаумен шектелмей, нарықтағы ұсынысты жүйелі түрде көбейту қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, мемлекет инфрақұрылым тарту жұмысын жеделдетіп, құрылыс рәсімдерін жеңілдетіп, қолжетімді тұрғын үй жобаларының көбеюіне жағдай жасауы керек.

Әйтпесе нарық бұрынғы қарапайым схема бойынша өмір сүре береді: қолжетімді ақша көбейген сайын шаршы метр бағасы да өсе береді, – деп түйіндеді Нина Лукьяненко.

Сонымен қатар жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары жеңілдетілген бағдарламалардың болашақтағы тиімділігі мемлекет жаңа тұрғын үй құрылысын қатар ынталандырып, нарықтағы шамадан тыс сұраныстың қызып кетуіне жол бермеуге қаншалықты қабілетті болатынына тікелей байланысты екенін жоққа шығармайды.

Наверх