Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кештерінде қымбат сыйлықтар беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысынан кейін журналистер министрден соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тараған мектеп бітіру кештеріндегі қымбат телефондар мен тіпті көлік сыйлау үрдісіне қатысты сұрақ қойды.
Министр Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігі мамыр айында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнайы бұйрық қабылдағанын айтты.
Бұл бұйрықта бітіру кештерін мектептен тыс мейрамханаларда, банкет залдарында және басқа да орындарда өткізуге тыйым салынды. Сонымен қатар қаражат жинауға да тыйым салынды, – деді министр.
Ол қазіргі таңда әкімдіктер мен ішкі істер органдары аталған бұйрықтың орындалуын қатаң бақылауға алып отырғанын жеткізді.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе бүгінгі Үкімет отырысында да көтерілген.
Ішкі істер министрі де өз баяндамасында бұл туралы айтты. Сондықтан бәріміз тәртіпке бағынып, қабылданған талаптарды орындауымыз керек, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр мұндай шаралар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қабылданғанын атап өтті.
Қоғамда артық даңғазаға қарсы сұраныс бар. Біртіндеп бұл мәдениет қалыпқа келеді деп ойлаймын. Біздің тараптан тиісті бұйрықтар енгізіліп, шаралар қабылданып жатыр, – деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, елімізде биылғы, яғни 2025-2026 жылғы оқу жылы аяқталды. 215 мың түлек мектеп бітіреді. Биыл 13 мыңнан астам оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанса, 168 мың колледж студенті оқуын тәмамдайды.