Жеңіл өнеркәсіпке жаңа серпін: 2030 жылға дейін 40 мың жұмыс орны ашылады

 Үкіметтің баспасөз қызметі 6 Тамыз 2026, 15:51
6 Тамыз 2026, 15:51
192
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жауапты министрліктер, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және отандық кәсіпорындар өкілдерімен бірге Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары мен саланың өзекті мәселелері талқыланды.

Қатысушыларға Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі ережелері таныстырылды. Өнеркәсіп вице-министрі Олжас Сапарбеков атап өткендей, құжат заңнама, сатып алу тетігін жетілдіру, «көлеңкелі» импортқа қарсы іс-қимыл, инвестиция тарту, отандық брендті дамыту мен кадр даярлауға арналған 28 іс-шараны қамтиды.

Ортамерзімді шаралар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейту және  мемлекеттік сатып алу кезінде тең бәсекелестік жағдай жасауды көздейді. Ұзақмерзімді перспективада өндірісті жергіліктендіру мен нарықтың ашықтығын арттыруға баса назар аударылады. Атап айтқанда, «виртуалды қоймалар» механизмін және электрондық шот-фактураны пайдалана отырып, шикізат пен өнімді толық қадағалау жүйесін енгізу пысықталуда.

Негізгі құралдың бірі – өндіріс көлемін арттыру, жергіліктендіру, жұмыс орнын ашу және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін көздейтін сала кәсіпорындарымен жергіліктендіруді арттыру келісімін енгізу. Оның есесіне кәсіпорындар жеңілдетілген қаржыландыру, жабдық лизингі, арнайы инвестициялық келісімшарт пен ұзақмерзімді сатып алу шартын қосқанда, кешенді мемлекеттік қолдау шараларына сене алады.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздегі отандық өндірушілердің басым бөлігі жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығында шоғырланған. Бүгінгі таңда отандық өнімге сұраныстың негізгі драйвері мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор болып қала береді. Сонымен қатар салада сыртқы саудадағы импорт әлі де едәуір басым. Бұл отандық өндірісті одан әрі дамытудың айтарлықтай әлеуетін көрсетеді.

Бүгінде қазақстандық өндірушілерді қолдау шаралары да ұсынылып отыр. Отандық тауарлар үшін сөре кеңістігінің кемінде 30%-ы, мемлекеттік қолдау бар сауда нысандары үшін кемінде 50% бөлу туралы норма заңнамалық түрде бекітілген. Сауда желілерінің жеткізу шартын жасаудан негізсіз бас тартуы мен жалдау ақысын асыру жағдайы шектелді. Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасымен, Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстанда жасалған» бренді бойынша өнімді қолдау мен жылжытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуде.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге қатысушыларға жеңіл өнеркәсіпті дамытуға баса назар аудара отырып, Ulttyq Ónim отандық өндірушілерінің X көрмесін өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Іскерлік бағдарламаны салалық пленарлық сессия, маркетплейстер мен бөлшек сауда арқылы сатуды дамыту бойынша дөңгелек үстелдер, тәжірибелік мастер-кластар, экспорт және логистика бойынша консультациялар, сондай-ақ Fashion Day және «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің үздік бренді» конкурсын өткізу есебінен кеңейту ұсынылады. Көрме отандық өндірушілерді ілгерілету, бизнес, сауда желілері мен маркетплейстер арасындағы кооперацияны дамыту алаңына айналып, қазақстандық өнімді танымал етуге ықпал етпек.

«QazTextileIndustry»  ӨРҰ басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін өнімді сертификаттаудың құны жоғары екенін мәселе ретінде көтерді. Сондай-ақ локализациялау деңгейі жоғары, негізінен арнайы форманы жаппай өндіруге маманданған кәсіпорындар мен өз брендтерін дамытып жатқан өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау шараларын саралап қолдануды ұсынды. 

Серік Жұманғарин сертификаттау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті құралы болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне сертификаттау құнын төмендету, арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындардың сертификаттар мен жекелеген жеңілдіктерді қолдану мерзімін ұлғайту мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімова мемлекеттік сатып алуға қойылатын талапты жетілдіру мен отандық өндірушілер үшін үлгілік техникалық ерекшелік әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

«По Глобал спецодежда» фабрикасының директоры Надежда Шабаева мемлекеттік сатып алу кезінде кәсіпорынның жұмыс орнын ашға қосқан үлесін, өндірісті жергіліктендіру деңгейін және жаңғыртуға салған инвестицияны ескеруді, сондай-ақ адал отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарт жасау тәжірибесін арттыруды ұсынды.

Қатысушылар мектеп формасын шығару мәселесін де талқылады. Кездесу соңында салалық мемлекеттік органдарға өнім сапасына қойылатын талап пен мемлекеттік қолдау тетігін жетілдіруді қосқанда, бизнестің ұсыныстарын пысықтау тапсырылды.

Серік Жұманғарин атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі үшін жеңіл өнеркәсіпті дамыту ең алдымен жұмыс орнын ашу мен отандық өндірісті дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Кешенді жоспар өршіл міндет қойып отыр. 2030 жылға қарай шикізатты қайта өңдеу көлемін 1,5-2 есе арттыру, 40 мыңға жуық жұмыс орнын ашу және 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мемлекет жергіліктендіруді арттыратын және өндірісті дамытатын кәсіпорындарды қолдауға дайын. Бұл ретте Кешенді жоспар икемді құжат болып қала береді, Қажет болған жағдайда, оны жүзеге асыру тәжірибесі ескеріле отырып, пысықталады, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Наверх