Жемқорлық дерегін хабарлаушыға сыйақы беріледі

23 Қараша 2019, 10:05
2400
Бөлісу:
Жемқорлық дерегін хабарлаушыға сыйақы беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ- жемқорлыққа қарсы!" Университет ұжымы осындай ұранмен жаңа жоба бастады.

Жемқорлық - біздің қоғамға зиян келтіретін жағымсыз  құбылыс. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу-әрқайсымыздың азаматтық борышымыз! Әсіресе, бұл жұмыс - білім беру жүйесінде, оның ішінде еліміздің болашақ мамандарын қалыптастыратын жоғары оқу орындарында аса маңызды. Осы бағытта С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ашықтық, әділдік және жариялылық принциптеріне негізделген жүйелі жұмыстар атқаруда - делінген университет таратқан ақпаратта.

Университет ұжымының айтуынша, олар үшін әрбір оқытушы, студенттің, университет ұжымының әрбір мүшесінің осы құбылыстың барлық зиянын сезінуі және онымен күреске белсене қатысуы өте маңызды.

Егер Сіз оқу үдерісінде, емтихан тапсыруда, әскери кафедраға қабылдау кезінде, жатақханадан орын алуда немесе оқу орнымыздағы қызметкерлер тарапынан қызмет көрсетудің басқа да мәселелерінде жемқорлық әрекеттеріне тап болсаңыз, азаматтық белсенділігіңізді көрсетіп, 31-75-47 сенім телефоны арқылы дереу хабарласып немесе тікелей ректор А.Қ.Күрішбаевқа, бірінші проректор А.М.Әбдіровке, тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ж.А.Құсайыноваға келіп айтуыңызды сұраймыз - дейді олар.

Сонымен қатар, жемқорлық туралы дәлелді айғақтармен ақпарат берген тұлғаға 20 000 теңге (жиырма мың теңге) көлемінде сыйақы белгіленетіні айтылған. Бұл ретте ақпарат берушінің құпиялылығы толық қамтамасыз етіледі.

Өзгелердің жаңалығы