Жем-шөп дайындау бойынша тәуекелдер бар – Байханов

4 Тамыз 2023, 22:46
994
Бөлісу:
Жем-шөп дайындау бойынша тәуекелдер бар – Байханов
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі\ Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шаруа қожалықтардың басшыларымен су тапшылығы жағдайында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жемшөп дайындаудағы тәуекелдер және басқа да бірқатар мәселені талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы жайылма алқаптарына судың аз көлемде жіберілуіне, жаңбырдың болмауына және аптап ыстыққа байланысты бірқатар қиындық туындады. Соның салдарынан жемшөп дайындау бойынша тәуекелдер бар, біз мәселені үнсіз қалдырмаймыз және бүгін осы мәселелерді шешу жолдарын ашық талқылауға дайынбыз, - деп атап өтті өңір басшысы.

Қазіргі уақытта облыста 327 мың га жер шабылды. Өңірдегі орташа өнімділік гектарына 12,1 центнер, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден сәл төмен. Бұл жағдайда шөптің төмен өнімділігі Аққулы мен Май аудандарында байқалады.

Жиналыста тараптар ауа райының қолайсыздығына, шабындық алқаптардың жетіспеушілігіне, су арналарының толуына байланысты шектеулі мүмкіндіктерді және қашықтығын ескере отырып әр ауданда жемшөп дайындаудың ықтимал жолдарын қарастырды.

Жемшөп өндірісіне байланысты дағдарыс жағдайды болдырмау үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді, қосымша тағы 1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, ірі-қара малдың 1 басына жем құнының нормативі 7 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар, дизель отынының да жағдайы талқыланды. Мұнда арзандатылған дизель отынының көлемін 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды, құны литріне 245 теңге, 2 оператор анықталды («LF TRADE» ЖШС, «ТК Парнас» ЖШС).

Сондай-ақ, фермерлер суармалы егіншілікті одан әрі дамыту, әр түрлі бағыттар бойынша субсидиялауды ұлғайту, мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды кеңейту мәселелерін көтерді, сондай-ақ, бейінді министрліктердің, қаржы институттарының және т. б. өкілдерін шақыра отырып, осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу ұсыныстарын білдірді.

Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне және ауыл шаруашылығы басқармасына 30 қазанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарын уақтылы жинауды қамтамасыз етуді, ал, жер қойнауын пайдалану басқармасына, сондай-ақ, Май және Баянауыл аудандарының әкімдіктеріне лиманды суару жүйесін қалпына келтіру бойынша жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы