Желтоқсан, қаңтар айларында қатаң карантин керек

9 Қараша 2020, 17:58
4982
Бөлісу:
Желтоқсан, қаңтар айларында қатаң карантин керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігі келесі тоқсаннан бастап 1-5-сыныптардың мектепке барып оқуына рұқсат берді.

Осы орайда бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған инфекционист-дәрігер Гүлжанат Шыршықбаева дәрігер ретіндегі пікірімен бөлісті.

Дәрігер ретінде желтоқсан, қаңтар айларында қатаң карантин керек деген ойдамын. Вирустың симптомсыз түрімен ауыратын адамдар айналасындағыларға қауіпті. Негізі ауруды анықтаған кезде орташа есеппен 14 күн деп аламыз. Алайда, аурудың симптомсыз түрі бір айдан асатын мерзімде бірақ жойылуы мүмкін. Америкалық ғалымдардың соңғы зерттеулеріне қарасақ, тіпті 90 күнге дейін де созылған жағдай болған. Мүмкін болса, дәстүрлі оқу жүйесіне наурызға дейін оралуға болмайды. Өйткені, бірінші толқында ауырған балаларға қарағанда, қазір ауырып жатқан балалардың жағдайы өзгеше. Ол кезде балаларда өкпенің қабынуы болмаған, қазір бар және балалардың ішек-қарын жолдарының қабынуы да байқалады, - дейді ол.

Инфекционист вирустан сақтану жолында маска тағып, қолды жиі жуып, қоғамдық ортаға баруды әлі де шектей тұру керек екенін айтады.

Ең алдымен маска тағу, қолды жиі жуу, адам көп шоғырланған жерге бармау керек деген сияқты қарапайым ережелерді әлі де болса сақтауымыз қажет. Бізде қонаққа бару тыйылмай тұр. Екі-үш ай осыны қатаң сақтауымыз керек. Дұрыс тамақтану, ұйықтау да маңызды рөл атқарады. Біз өз науқастарымызға «қорықпаңыз, тез жазылып кетесіз» деп психология жағынан қолдау білдіруге тырысамыз. Өйткені, адамның эмоциясы ағзаға, аурудың қозуына тікелей әсер етеді, - дейді дәрігер.

Гүлжанат Шыршықбаева бұған дейін карантиндік шектеудің маңызын әрбір адам жете түсінуі қажет екенін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы