Семей полигонындағы жарылысты тамашалап тұратынбыз – Төлеген Мұхамеджанов

19 Маусым 2021, 14:12
3342
Бөлісу:
Семей полигонындағы жарылысты тамашалап тұратынбыз – Төлеген Мұхамеджанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрынғы Семей облысының Беген ауылында дүниеге келіп, полигон жарылыстарына куә болған әйгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов «Желмая» бағдарламасында сол жайлы естелігімен бөлісті. 

Ол кездегі бала Төлеген жерден үлкен саңырауқұлақ болып шығатын жарылыстың зияны туралы сезген де жоқ. Тіпті ауылдастары да ол жайлы хабарсыз еді. 

Дүр сілкініп, жерден шығатын саңырауқұлақты тамашалап тұратынбыз. Айналаның бәрі мың шам жаққандай жарық болып кететін. Ол кезде баламыз ғой, оның халыққа қаншалықты зардабы тиетіні туралы білмейміз. Бәрімізді далаға алып шығады, көрініске өзімізше мәзбіз, - деп еске алды ол.

Композитор кейін полигон туралы шындықты білген соң, жан-тәнімен егіліп, жүрегі жылағанын айтады. 

Полигон зардабы туралы айтыла бастаған кез болатын. Олжас Сүлейменов келіп, митинг өткізді. Халықпен бірге мен де бардым. Сол кезде естіген шындық маған қатты әсер етті. Егілдім. Жаным да, жүрегім де жылады. Көп нәрсеге көзіміз жетті. Зардап шеккен халықтың зары мен мұңы әуен тудырды. Оны мен сан сынақтан өткен елмен, жермен байланыстырдым, алғаш рет гормошкада үйреніп ойнаған әуенім сол болатын. Өмір бойы көкейімнен кетпейтін мұңым да сол. Кейін Ұлықбек Есдәулетовке телефон соғып, әуен жайлы айттым. Ол тыңдап, өз бағасын берді. «Заман-ай» деп атасақ қалай болады деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, халықтың басынан өткен қиындықтарды арқау еткен «Заман-ай» әні дүниеге келді, - дейді Төлеген Мұхамеджанов.

Композитордың айтуынша, Семей полигонының зардабын оның отбасы да тартқан.

13 жасымда әкемнен айырылдым. Ол өмірден жастай өтті. 27 жасында туған ағам көз жұмды. Әпкем де осындай жасында дүние салды. Жақын досым 24 жасында артында ұрпақ қалдыра алмайтынын естіп, өзіне қол жұмсады. Біздің кішкентай ауылымызда көз тексеретін аурухана ашылған еді. Бүкіл ауыл тексеруден өтіп жүретін. Мен де өттім содан. Қазір мұның бәрі тектен-текке жасалған жоқ деп ойлаймын. Бәріміз адамға радиацияның қалай әсер ететінін зерттеуге арналған сынақ объектісі болған сияқтымыз, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы