Жоғарғы сот интернеттегі жала мен қорлауға қатысты жаңа қаулы қабылдады

Жоғарғы сот интернеттегі ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға қатысты жаңа қаулы қабылдап, тергеушілер мен прокурорлардың әрекеттеріне шағымдану тәртібін де жаңартты.

Бүгiн 2026, 17:24
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:24
Бүгiн 2026, 17:24
104
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделін интернет кеңістігінде қорғау тәртібі жаңаша реттелмек. Сонымен қатар тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану процесі де жетілдіріледі. Бұл туралы Жоғарғы соттың жалпы отырысында қабылданған жаңа нормативтік қаулыларда айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ҚР Жоғарғы сотына сілтеме жасап.

Жаңа құжаттар сот тәжірибесін біріздендіріп, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға қатысты жаңа қаулы толықтай цифрлық ортаға бейімделген. Құжатта кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, интернетте жалған мәлімет таратқан белгісіз тұлғаларды анықтау сияқты өзекті мәселелер қамтылған.

Бұдан былай соттар нақты фактілер мен жеке бағалау пікірлерінің ара-жігін ажыратуға ерекше мән береді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты талап қою мерзімдері де нақтыланды.

Жоғарғы сот судьясы Нұрия Сисенова жаңа заң бойынша БАҚ-та жарияланған материалдарға қатысты сотқа жүгінуге бір жылдық шектеу енгізілгенін айтты.

Бұл жаңа қаулыда интернеттегі ақпаратты бағалау, бағалау пікірді ажырату, соттылық пен мемлекеттік баж мәселелері қарастырылған. Жаңа заң бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған ақпаратқа қатысты азамат тек бір жылдың ішінде сотқа жүгіне алады. Егер осы мерзім өтіп кетсе және оны қалпына келтіруге негіз болмаса, сот талап арызды қабылдаудан бас тартады, – деді судья.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің департамент директоры Анар Мұқатаева жаңа құжаттың сөз бостандығы мен азаматтық құқықтардың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталғанын айтты.

Бұл қаулыны біз белсенді түрде талқыладық. Оны «Масс-медиа туралы», онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы жаңа заңдарға сәйкестендірдік. Біздің ойымызша, жаңа құжат сөз бостандығы мен азаматтардың құқығын қорғау арасындағы балансты сақтауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Жиында қаралған тағы бір маңызды құжат – қылмыстық қудалау органдары мен прокурорлардың әрекеттеріне шағымдану тәртібіне қатысты болды.

Жоғарғы сот мәліметінше, 2024 жылы тергеу соттарына 9 мыңнан астам шағым түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 мыңнан асқан. Алайда олардың көпшілігі негізсіз немесе процестік мерзімнің бұзылуына байланысты қараусыз қалған.

Жоғарғы сот судьясы Гүлнар Мергенова жаңа қаулыда нақты қандай әрекеттерге шағымдануға болатыны толық көрсетілгенін айтты.

Қолданыстағы нормативтік қаулыда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мен прокурорлардың нақты қандай әрекеттеріне Қылмыстық-процестік кодекстің 106-бабы тәртібімен шағымдануға болатыны толық ашылмаған еді. Біз енді нақты тізбені ұсынып отырмыз. Бұл тергеу судьяларының да, адвокаттардың да жұмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар тергеу судьялары шығарған сот актілерін орындамаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі де қарастырылды, – деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бұл норма үкіметте талқылануда.

Наверх