Жел бәсеңдеген сәтте электр станциясының қуаты төмендейді, ал тұтынушыларға бұрынғыдай көлемде электр қажет болуы мүмкін. Мұндайда диспетчер жетіспейтін қуаттың орнын қашан және қандай көзден толтыратынын алдын ала білуі керек. Астанада өткен II Қазақстан-Франция декарбонизация форумында Schneider Electric компаниясының Орталық Азиядағы сату арналарының жетекшісі Рамиль Шакиров Қазақстанның электр желілеріне болжам жасау құралдары не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, энергетиктер тәуліктік тұтыну кестесіне сүйеніп, сұраныс қай сағатта өсетінін және қосымша турбинаны қашан іске қосу керегін жоспарлай алады. Жел мен күн станциялары желіге қосылғанда, есепке тағы бір көрсеткіш кіреді. Диспетчер енді белгілі бір сағатта қанша электр тұтынылатынын ғана емес, ауа райына қарай қанша электр өндірілетінін де болжауы керек.
Қазақстандағы энергетика кәсіпорындарының бас инженерлерімен көп сөйлестім. Қазір қолдарындағы құралдармен оларға мұны басқару қиын. Олар тәулік ішінде электр тұтыну қалай өзгеретінін, қосымша қуат көзін, мысалы, тағы бір турбинаны қашан іске қосуға болатынын біледі, - деді Шакиров.
Спикер электр тарату желісін басқарудың жетілдірілген жүйесі (ADMS) енгізілген екі жобаны мысалға келтірді. Оның айтуынша, екі жағдайда да желіні тиімді басқару арқылы шығарындыларды азайтуға мүмкіндік туған.
Шакиров Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелері өзара байланысты екенін де атап өтті. Сондықтан электр өндіру мен желіні басқаруға қатысты шешімдерді әзірлеуге өңір елдері мен технологиялық компаниялар бірлесіп қатысуы қажет. Оның пікірінше, өңірдің географиялық ерекшеліктері мен қолда бар энергия көздерін ескерумен қатар, жаңа жүйелерді алдағы онжылдықтарда басқаратын мамандарды қазірден даярлау маңызды.
Сондай-ақ ол Қазақстанда ақылды электр желілеріне, қалалық инфрақұрылымға және жасыл технологияларға ортақ стандарттар қажет деп санайды. Ол халықаралық тәжірибені зерделеп, Қазақстанның энергетика жүйесіне сай келетін талаптарды таңдауды ұсынды.