Жеңіс-75: Арқа батырлары ұлықталуда

11 Сәуір 2020, 13:44
2517
Бөлісу:
Жеңіс-75: Арқа батырлары ұлықталуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қарағандылық белсенді жастар мен студенттер арасында акция қолға алынды. Жастар әлеуметтік желіде батырларға тағзым етіп, өлең жолдарын арнауда.

Арқа батырлары жобасы аясында ұйымдастырылған акция "Ұрпақтары ұмытпайтын Ұлы Жеңіс" деген ұранмен өткізілуде.

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Бұл ұлы жеңіс ұлтымыздың жадында мәңгі қалмақ. Жауды жеңу үшін барын аямай, жеңісті жақындату жолында қаза болған жауынгерлерді насихаттау, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында облыстық ҚХА "Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс" акциясын бастаған болатын, - дейді Қарағанды облысы  әкімі аппаратының Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Бахтиар Бекмұрзаев.

Майдан шебінде мерт болған жауынгерлердің ерлігін ұлықтау, олардың есімін жастарға таныту мақсатындағы акцияға этнос өкілдері белсене қатысып, олар қазақ тілінде өлең оқуда.

Ұлы Жеңіс жолында біздің қаншама қазақстандықтар құрбан болды. Осы батырларымызды мәңгі есте сақтау мақсатында ұйымдастырылып отырған акцияға этнос өкілдері мен бірге "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабының мүшелері де белсене атсалысуда. Олар Ұлы Жеңіс жолында құрбан болған Ұлы Отан соғысы батырларына арналған өлең жолдарынан мемлекеттік тілде оқиды. Акцияны алғаш болып Юрий Михуля, Елизавета Седышева, Анастасия Порхоменко, шешен қызы Минара Гучигова бастап берді. Аталмыш жобаны "Bolashaq" Академиясы да қолдап, оқу орынының студенттері де жазбаларын жолдап тұрады. Оны әлеуметтік желілердегі парақшамызға салып отырамыз, - дейді Бахтиар Бекмұрзаев.
Ал қарағандылық белсенді жас Юрий Михуля батыр ата-әжелердің ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Жеңіс жолында миллиондаған асыл азаматтарымыз мерт болды. Біздің Қазақстанда да соғыс өрті шарпымаған шаңырақ кем де кем. Осы қан майданда мерт болған ерлердің рухына, біздің арамызда асқар таудай болып жүрген ата-әжелеріміздің ерлігіне бас иіп, тағзым етейік. Олардың істеген ерліктерін ешкім де, ешқашан да ұмытпауы тиіс, - дейді Юрий Михуля.


Өзгелердің жаңалығы