Бүгін Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас кітапханасында жазушы Жақсылық Түменбаевтың 80 жылдығына орайластырылған еске алу кеші өтті. Жиын барысында жазушының жақында жарық көрген "Тепло родного очага" кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бар болғаны 50 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетінде өзінің айқын ізін қалдырып үлгерген Жақсылық Түменбаев өзіне ғана тән стилімен ерекшеленген бірталай құнды шығармаларын қалдырып кетті. Оның қаламынан шыққан "Қардағы іздер", "Қимас қазына", "Мен сүйген қыз", "Тасбөгет", "Махаббат қорығы" атты повестері мен әңгімелері мен "Ақтық демің біткенше" атты романы уақытысында көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сыншы қауымның тарапынан да жоғары бағаға ие болды.
Жазушының тағы бір ерекшелігі - ол бар творчествосын ұлттық руханиятымызды дәріптеуге, соны насихаттауға бағыттады. Оның шығармаларының басым бөлігі ауыл өміріне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, ауыл адамдарының бойындағы көзге көп түсе бермейтін асыл қасиеттерін ашуға, болмысын суреттеуге арналды. Сол арқылы қазақ баласының ұмыта бастаған тал бесігі - ауылға деген сағынышын оятуға тырысты, - делінген ақпаратта.
Жазушының елге деген сүйіспеншілік сезімін жаңғыртар біршама шығармалары орыс тіліне аударылып, "Тепло родного очага" атты жинақ болып шықты. Бүгінгі жиында осы кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Түменбаевтың елден ерек шығармашылығы жайлы бүгінгі кешке қатысқан қаламдастары да бірталай сөз қозғады. Онымен замандас болған Серік Асылбеков, Қуандық Түменбай, Сұлтанәлі Балғабаев сынды қаламгерлер өз естеліктерімен бөлісті. Әсіресе Жақсылық Түменбаевтың құрдасы әрі жақын құрбысы болған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сөздері жиналған жұртты ерекше тебірентті.
Жиын соңында Жақсылық Түменбаевтың 80 жылдық творчествосына арналған студенттер арасындағы шығармашылық бәйгенің қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.