Жазғы демалыс. Балалар қауіпсіздігі қалай қамтылады

28 Мамыр 2024, 13:29
471
Бөлісу:
Жазғы демалыс. Балалар қауіпсіздігі қалай қамтылады

Павлодар облысында оқушылардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз өткізу мақсатындағы кешенді шаралар пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл түрлі лагерьлерде 109 мыңнан астам оқушы тынығады. Жалпы оқыту қоры есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын отбасылардың 12 мыңнан астам ұл-қыз қала сыртындағы және мектепалды лагерьлерінде демалады. Бұған 235 млн теңге бөлінді.

Облыс бойынша 11 мемлекеттік лагерь іске қосылады. Жазғы демалыс басталғанға дейін тиісті тексеру жұмыстары басталды. Төтенше жағдай, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандары нысандардың дайындығын пысықтады.

Зертханалық бақылау аясында маусымдық лагерьлердің барлығындағы ойын және спорт алаңдарынан 42 құм сынамасы алынды. Сонымен қатар өзен-көл маңындағы лагерьлердің су айдындарынан 37 су сынамасы алынды. Тексерілген сынамалар нормаға сәйкес. Бүгінде жыл бойы жұмыс істейтін қала сыртындағы лагерьлерге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді. Қалған орындарға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздік шаралары шеңберінде дезинсекциялық, жөндеу, дезинфекциялық, абаттандыру жұмыстары қолға алынды, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.

Жазғы демалыс кезінде ішкі істер органдары жазғы лагерьлердің қауіпсіздігін бақылайды. Маусым басталған сәттен бастап әр нысанға учаскелік инспекторлар бекітіледі. Балалар тасымалы да полицейлердің жіті бақылауында болмақ. Ал жеткіншектердің судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар жүргізіледі. Төтенше жағдай қызметінің өкілдері аймақтағы 47 лагерьдегі қауіпсіздікті қадағалайды.

Өзгелердің жаңалығы