Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы заңды күшіне енген сот үкімі бойынша тағайындалған жазасын өтеу үшін сотталған азаматшаның Ресей Федерациясынан экстрадициялануын қамтамасыз етті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомство мәліметінше, әйел Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы аудандық сотының 2024 жылғы 10 мамырдағы үкімімен адамдар тобымен алдын ала сөз байласып күш қолдану арқылы тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Алайда пробациялық бақылауда бола тұра, 2025 жылғы наурызда сотталған азаматша жазаны өтеуден өз бетінше жалтарған.
Осыған байланысты бас бостандығын шектеудің өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күн мерзімі бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, оған іздеу жарияланған.
2025 жылғы қарашада сотталған азаматша Ресей Федерациясының аумағында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта сотталған азаматша жазасын әрі қарай өтеу үшін тергеу изоляторына қамалды.