Жаза өтемейді. Экс-әкімнің үкімі өзгерді

29 Қазан 2024, 14:50
516
Бөлісу:
Жаза өтемейді. Экс-әкімнің үкімі өзгерді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкіміне қатысты кесілген сот үкімі өзгертілді. Ол 2,5 млн теңгеге жуық айыппұл төлейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Атырау қаласының №2 соты Ринат Ибрагимовты материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеді.

Кейін аппеляциялық сотта іс қайта қаралып, шендінің әрекеті қайта сараланыпты. Оған шыққан үкім өзгерді. Азамат шартты түрде жазасын өтемей, 2 415 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Алқа «кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты» саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті. Жәбірленушінің сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды. Осыған байланысты И-дің әрекеті ҚК-тің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Оған 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды, - дейді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Ринат Ибрагимов 2008 жылғы Азия чемпионатының дзюдодан күміс жүлдегері. Еңбек жолын спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған ол 2017-2022 жылдар аралығында қалалық және облыстық спорт бөлімі мен басқармасында басшы болды. 2022 жылдан 2024 жылға дейін Атырау облысы Мақат ауданының әкімі лауазымын атқарды.

Осыдан жарты жыл бұрын бұрынғы әйелі жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтып шағымданып, желіге бейнежазба жариялады. Балаларын да тартып алып, көрсетпейтінін айтты. Сол себепті жауаптылардан оған тиісті шара қолданылуын сұрады.

Өзгелердің жаңалығы