«Жайлы мектеп»: Тоғжанов жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды

5 Мамыр 2023, 09:17
907
Бөлісу:
«Жайлы мектеп»: Тоғжанов  жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ералы Тоғжанов «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

«Жайлы мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Жоба республикадағы 800 мыңнан астам, оның ішінде Ақтөбе облысындағы 17 мыңнан астам оқушының заманауи мектепте білім алуына мүмкіндік береді.

Осы мақсатта өңірде 20 мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Оның 14-і – 2024 жылы, 6-ы – 2025 жылы пайдалануға беріледі. Білім беру нысанының басым бөлігі Ақтөбеде салынады, өйткені мұнда Батыс-2 сияқты жаңа тұрғын үй алаптары пайда болуда. Оқушыларға орын тапшы. Сонымен қатар, 1 мектеп – Қандыағаш қаласында, 4 мектеп – ауылдарда бой көтереді. Осылайша, Шұбарқұдық ауылында апатты мектеп мәселесі шешіліп, Кеңқияқ ауылында жаңа ғимарат салынады.

Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта жобаларды уақытылы іске асыру бойынша шаралар қабылдануда, айтарлықтай проблемалық мәселелер жоқ. Облыс әкімі әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Әр мектептің мерзімі мен оған жауапты тұлғаларды анықтай отырып, жұмыс кестесін жасаңыздар, - деп тапсырды Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, білім басқармасына жаңа мектептердің кадрлық құрамын қалыптастыруға қатысты жұмыстарды бастау жүктелді. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында барлық мектептер бірыңғай стандартқа сай салынып, заманауи техникамен жабдықталады. Балаларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады.

Өзгелердің жаңалығы